- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Мағауия Абайұлының «Медғат-Қасым»...
Мағауия Абайұлының «Медғат-Қасым» поэмасы
Мағауия Абайдың келешегінен үміт күткен зерек балаларының бірі болған. Жас кезінде ауылда мұсылманша хат таныған оны Абай Семейдегі қалалық училищеге орысша оқуға берген. Содан кейінгі өмірі әке қасында өтіп, аяқ астынан науқасқа шалдығады. Абай Мағауияны өзіне серік санаған. Адамгершілігі мол әділ Мағауия Абайдан көмек сұрап келгендерді әкесіне жеткізбей, даулы істердің шешімін тауып отырған.
Әке ықпалы мен ақындықтың халықтық маңызын түсінген Мағауия шағын өлеңдер шығарған. Сонымен қатар Абай ақылымен, оның берген материалдары негізінде «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» атты поэмалар жазған.
«Медғат-Қасым» - Мағауия поэмаларының ішіндегі көркемдік тұрғысынан биік шығарма. Оның оқиғасы қазақтың тұрмыс-салтымен байланыстырыла емес, Африка жерінде, Ніл өзені бойында өтеді. Шығарма желісі құл иеленушілер мен құлдардың арасындағы кек күресінен алынады. Шығармада Мұрат деген байдың баю мақсатымен Мысыр қаласынан Ніл өзені бойына көшіп келгені әңгімеленеді. Оның Медғат атты ұлы, Ғазиза атты қызы болады. Оларға қоса Мария атты асырап алған қызы қатысады. Поэмада жеке көріністердің өмір шындығына жанасымды суреттері бола тұрса да, шығарма негізінен романтизм үлгісінде жазылған. Оқиға желісі де, кейіпкерлерге тән іс-әрекет, сезім күйі де соған ыңғайластырылады. Кейіпкерлерді дағдыдан тыс жағдайларға тап еткен, әрекет пен мінез-құлықтағы төтенше қаһармандық ерлікке бастайтын түйін есебінде шығармада Медғат пен Қасым арасындағы кек және Ғазиза мен Сәлімнің махаббаты алынады.
Оқиға жай дағдыдағы эпостық поэмалардың ізімен басталып, кейін басқаша дамиды. Олардың ішкі байланысы, шиеленісі, шарықтау шегі – бәрі күтпеген жерден кенет жалтарысқа ұшырап отырады.
Адам образдарын жасау әдісі де осыған ыңғайласқан. Солардың ішінде романтикалық қаһарманды көз алдыңа елестете аларлық образ – Қасым. Оның істерінің қайсысын алсаң да ірі, басқалардан бөлек.
Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты,
Қара сұрлау пішіні зәңгі затты.
Отты қара көзі бар, ұзын бойлы,
Тәкәппар, тәуекелшіл, бек қайратты, – деп жасаса, кейін оның қайсарлық мінезін де соған сай етіп суреттейді. Қасым кекті қатты ұстайды. Қасымның қарақшылық әрекеттерін сөз еткенде, Мағауия оны қанішер ретінде көрсетпейді. Бұл – Батыс пен орыс романтизмінің бас қаһармандары сияқты қайырымды қарақшының бейнесі. Жазықсыз жәбір көрген адам дұшпаннан кек алу үшін қарақшылық жолға түседі, намысын ерлікпен қорғауды мақсат етеді. Осыдан барып, Қасым зорлықшыл, үстем таптың бәріне қарсы адам болып суреттеледі. Ақын оны:
Әсіресе байларға рақым етпес,
Ағаш толы зәңгінің бәрі ниеттес.
Сорлы болған жандарға тағы әдеті,
Бір жақсылық қылады естен кетпес, – дейді. Қасымның Медғаттан кек алу үшін істеп жүрген іс-әрекеті арқылы өткен дәуірдегі құлдар мен қожалардың арасындағы тартыстың бір көрінісін суреттейді.
Поэмада Ғазиза әкесі мен ағасының рақымсыздығына қарамай, сүйгеніне адал, өжет сезімнің иесі ретінде көрінсе, Сәлім де күштілерден жәбір көріп, өз ортасынан қуылып жүрген адамның бейнесін танытады.
Мағауия Қасым кегі, Сәлім махаббаты арқылы өмірі қанауда өтіп жүрген, бірақ бойында үлкен қайраты бар, ар-намысы күшті еңбек адамдарының жоғын жоқтайды. Бай мен құлдың арасындағы бітіспес қайшылықты терең суреттейді. Шығармада романтика араласса да, кейіпкерлердің күрес, сезім әрекеттері шындықпен қабысып отырады.
Поэма тіл көркемдігі жағынан да құнды. Жаңа теңеу, жаңа эпитеттер тәрізді сөз образдарының байлығына қоса қаһармандардың романтикалық мінездерін нақты бере білуде ақын едәуір шеберлік танытқан. Ақындық шеберлікті Мағауияның ұстазы Абайдан үйрендігі анық байқалады.
Қорыта айтқанда, «Медғат-Қасым» поэмасы тақырыбы жағынан да, құрылысы жағынан да өз кезіндегі қазақ әдебиеті үшін тың жаңалық болды. Мағауия Абайұлы қазақ әдебиетіне романтикалық поэманың жаңа үлгісін әкеп қосты.
Cурет: www.wallpapersgalaxy.com
Ж. Исакаев