М. Әуезов – әр түрлі әдеби жанрларда терең қалам тербеген жазушы. Соның бірі қысқа, бірақ айтары мен берері мол әңгіме жанрында көптеген шығарма жазған. «Қыр суреттері» атты әңгімелер топтамасы бірнеше әңгіме жиынтығынан тұрады. «Қыр суреттері» немесе «Қыр әңгімелері» деп аталын әңгімелер топтамасының бірінші нұсқасы – «Кешкі дөң басында», екінші нұсқасы – «Қыр әңгімелері», үшінші нұсқасы – «Қысқы түнгі дала» деп аталады. Жазушы әңгімелері әр түрлі тақырыпты қамтиды. Мәселен, «Қыр суреттері» атты әңгімелерінде жалпы қазақи өмірді, қазақтың қырдағы өмірін, тұрмыс-тіршілігі мен табиғи аясын суреттеуге мән берілген. Әсіресе, бірінші әңгімесінде («Кешкі дөң басында») жаздың қарапайым жайдарлы кешін кем кетіксіз тамаша суреттейді: салқын деп, дымқыл ауа, қаракөк тұңғиық аспан, күнді сеңдей басқан қызық күн – табиғи құбылыстарды қалтқысыз суреттей келе «дөң басындағы көңілді жұрттың» қуаныш-шаттығын да сөз етеді. Тамылжыған, көрікті табиғат пен жанданған ел-жұрттың көңілді келбетін қабаттастыра, бір күйге келтіре суреттейді. Демек, көрікті табиғат көңілді жұрттың белгісіндей. Жаздың кешкі көрінісін «күннің ақырғы сәулесі түсіп тұрған тау бастары көлеңке басқан қоңыр жердің алтын шатырындай нұрланып, қызғылттанады» деп бейнеледі. Қазақ ауылы, әсіресе, кешкі мезгіл уақытында көңілдене, шаттана түседі: қозы-лақтар шуылдап, балалар жағы да күнмен таласып салқын ауада ойын қуады, үлкендер жағы дөң басында әңгіме-дүкен құрысады. Сонымен қатар, шаруаның әлегі де адамдарды тынымсыз әуре-сарсаңға салып, көңілді ауылдың қызығын көріктендіре түседі. Жазушы қазақ ауылының аңшылық дәстүрін де айта кетеді. Саршегір қыранның алғырлығы мен аңшының албырт қимылы қазақы өнердің қалпын паш етіп тұр.
Ал әңгімелер топтамасының екінші нұсқасы – қазақ ауылының әлеуметтік тұрмысын көрсеткен әңгіме. Бай мен кедей өмірінің ащы шындықтарын ашып берген. Сонымен қатар, қызықты, бірақ шыжығы да бар қазақ көшін тамаша суреттеген. Әңгімеден өткен ғасырлардағы қазақ тұрмысы мен өмір көрінісін, шаруашылық сипаты мен салт санасын анық көруге болады. Мұқаш атты кедей баланың трагедиялық тағдырын, Мамық әженің алып-ұшқан аналық махаббаты, Тоқаң байдың надан да дүниеқоңыз болмысы барынша көрсетілген. Шығарма ана мен бала арасындағы үлкен ғаламдық проблемаға тоқталған. Адамзат тұрмысы қанша өзгерсе де мұндай адами мәселелер қашан да өзекті, шешімсіз болған. Мұқаш асты-үстіне түсіп, шып-пыр болып жүрген әжесіне қатысты ешқандай балалық махаббаты сезінбейді, керсінше әжесі кедей болғаннан кейін өзінің де кедей болғанына, өмір тауқыметін көп көргендігіне әжесін кінәлайды, оны жек көреді. Мұндай ана-бала проблемасы бүгінгі заманда да зар тұтқан жағдай екенін жақсы білеміз. Кедейді бақытсыз өмірін дәл осылай көрсеткен жазушы шығарманың соңын да трагедиямен аяқтайды. Мұқаштың өлімін «кезекті кештің көлеңкесіне кіруге күтініп қызылға боялды» деп әсерлі жеткізеді. Күннің қызылға боялып, аспанның қарақұрым күйге енуі – Мұқаштың өлімін суреттеген детальдар еді.
М. Әуезовтың «Қыр суреттері» әңгімелер топтамасы – аты айтып отырғандай қазақи өмірдің бейне-болмысын, тұрмыс-шаруа келбетін, замана тынысын, қоғамдық проблема, салт-дәстүрі айшықтарын қалтқысыз көрсеткен туынды. Бір сөзбен айтқанда қыр мен қазақ өзара үндес ұғымдар ғой. Жазушы осы үндестікті дәл таба білген.
Сурет:zhasorken.kz