«Күнің шығып келеді, ей, Болашақ!..» Эссе

«Күнің шығып келеді, ей, Болашақ!..»

Эссе

Көп құмарттым өмірге, көп көрмедім,
Үміт еттім, ұмтылдым, көп терледім.
Ашкөзденіп қайтейін, ей, Болашақ,
Көрмеген күндерімді өткер менің!

(Мұқағали Мақатаев)

 

Жоспары:

І. Кіріспе бөлім

      Болашақ бүгіннен басталады!

ІІ. Негізгі бөлім

Сын түзелмей, мін түзелмес. Мен – елімнің ертеңімін.

ІІІ. Қорытынды бөлім

     «Жарқын болашақ жастардың қолында.»  (Н.Ә. Назарбаев)

 

Болашақ ғаламат, келешек ғажайып... Естіген құлақтың өзіне ерекше жағымды әсер сыйлайтын сөздер.  «Болашақ» деген сөзді тамсанбай, жай айту мүмкін емес. Бәлкім, қанымызда бар қасиет шығар. Бірден көз алдымызға сағымдай бұлдыратып, әр нәрсені елестете бастаймыз.

Әркім – өз өмірінің суретшісі. Сондықтан да әр тұлға өз болашағын өзінше керемет қып суреттейді. Таңның атысы, күннің батысы төрт түліктің соңында жүрген ескі қазақ «өз қолы өзіне жеткен өмірді» аңсаған болар.  Табаны тоз-тоз боп, «Елім-айлап» босып жүрген қазақ жауды жайпап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманды тәтті қиялымен елестеткен болар.  Көзі ашылып, көкірегі ояна бастаған зиялы қазақ азаттық, теңдік алар күнге үмітпен қараған болар... Біздің бабаларымыз не қиындық көрсе  де, болашақ ұрпағы үшін шыдап, кейінгі буын інілер келіп, жаңа толқын келіп, заманды түзер деп тілек етті емес пе? Ендеше, сол күн туды. Азаттықтың ақ таңы атты! Күні ертең тарихтың бетіне жазылар өтпелі бүгіннің көшіне, үміт еткен жастар, біз  шықтық. Бүгінгі біздің ісіміз болашақтың бастауына айналмақ.

Дана Абай айтыпты: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» - деп. Рас. Адамды адам ететін де – осы қасиет. Бір-бірінің аяғынан шалып, күндестік кесапатына шалдықпас үшін қазекеме осы әдетті әбден қалыптастыруға тура келеді. Өйткені өзінен-өзі есеп алып, өзіне ылғи көңілі тоймай, «Қайтсем жақсы болады?», «Қалай жақсы жаққа өзгерсем болады?» деп ойлана алатын адамның өзге жаман істе шаруасы болмайды. Ондай жастары көп елдің болашағы жарқын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жарқын болашақ жастардың қолында» ,- дейді. Бұл – біздің мойнымызға артылған үлкен жүк. Оны түсіну бар да, түйсіну бар. Болашақ туралы ойлану бар да, әрекет қылу бар.

«Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса»,- деп мақалдатқан дана қазағымның сөзге жүйрік, тілге шешен болғанымен, іске тати алмай қала беретін тұстары жоқ емес.  Осы әдет әлі күнге етегімізден тартып, алға бастырмай келеді. Сөйлеу керек. Сөйлеудің реті де бар бірақ. Бұл да қанға сіңген әдет делік, сонда одан арылу үшін еш әрекет жасауға шамамыз келмегені ме? Біз ағаш емеспіз ғой, бір орынға тамырмен бекіп өсетін, қозғала алмайтын. Біз – адамбыз. Заманның көшінен қалып қоймау үшін алдымен осы әдеттен тыйылуымыз керек деп есептеймін. Өйткені қазір адам сөзбен емес,  іспен өлшенеді.

Бұл эссені жазудағы мақсатым – терең ұйқыға қайтадан еніп, қалғып бара жатқан халқымды бір сілкіп алу, үміт отын жағу, алға жетелеу, құр сөзбен өрнек құрмай, істе бірлікте болуға шақыру.

Шәкәрім былай депті:

«Қазақтың жаманы болмас,

Жаманнан аманы болмас.

Бірігіп іс қылатұғын

Түзелер заманы болмас...»

Мен – халқымның жауы емес, жанашырымын, бүлдіргісі емес, болашағымын. Өз мінін өзі көрмеген адамнан жаманы жоқ. Ал біз бүгін қайтадан артқа жүріп бара жатқандаймыз. Сын айтса, тыжырынып қалатын жаман қара бәйбішенің кебін киіп отырмыз. Бүгінгінің жаңа дерті-  қағазбастылық та көпсөзділік сияқты : өзі қамшының сабындай келте ғұмырды кеміріп жеп жатыр бостан-бос.

         Әрине, Асан қайғыша зарлана бермей, жастардың жақсылығын да айта кету керек. Қазір жастар сауатты, көзі ашық, жаһанның соңғы жаңалықтарын жатқа соғып, әлем көшбасшыларымен терезі тең түсе алатындай озық ойлы, ізденімпаз, парасатты. Өзіміздің ҚазҰУ-ды жас буыннан заманауи талаптарға жауап бере алатын, бесаспап маман даярлап шыға алатын жоғары оқу орны ретінде шүбәсіз мойындаймын. Орыстану, шала қазақша шүлдірлеу деген індеттен де біздің университет, соның ішінде ,«әлем әдебиетінің классигі» Мұхтар Әуезов ұстаздық еткен қара шаңырақ, филология және әдем тілдері факультеті дін аман.

«Мен өз болашағым үшін не істей аламын?» деген сұрақ әр адамды, соның ішінде оқыған жастарды алаңдатады. Ал «Мен өз елімнің болашағы үшін не істей аламын?» деген сұрақ екінің біріне келе бермеуі мүмкін. Өйткені ұлттық рухани құндылықтарға сусындап өскен адам ғана осындай озық ойларға бара алады.

Мен – болашақ филологпын, тіл жанашырымын. «Ұлтты улағың келсе, тілін бүлдір, дініне бүлік сал, қыздарын азғыр» ,- деген сөз бар ғой. Болашақта ұлт баласын тәрбиелейтін, ұлттық калоритті шәкірттің бойына дарытатын – біз, филологтар. Бұл жағынан құрбы-құрдастарымыздың ана тілімізді қорлауына жол бермей, бүгіннен бастап Отан алдындағы перзенттік парызымызды мамандығымыздың алдындағы борышымызбен астастыра, қатар өтеп жүргеніміз – қоспасыз шындық. Жарқын болашаққа жол бастайтын дана көшбасшылар ана тілін құрметтей алатын азаматтардан ғана шығатынын дәлелдей түсу үшін еңбектенудеміз. «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін» де – біз: қыздар, болашақ аналар. Осы екі тұрғыдан алып қарасақ та, еліміздің келешегіне үмітпен қарап қана қоймай, ол үшін оқып та, еңбектеніп те жатқанымыз бір Аллаға аян. Еліміздің миллиондаған жастары осы көзқарасты берік ұстанатын болса, әрбірі өз қара басының қамын емес, ел игілігін ойлап қызмет етсе, бізді дау да, жау да ала алмайды. Елім үшін мен бүгінгі күннен бастап ақтық демім қалғанша тік тұрып қызмет етуге бармын. Алдымен Алланың , кейін Отанымның алдында жас буын болып, кемел келешектің шамын бірге жағамыз деп ант етемін!

«Мен жанбасам лапылдап,

Сен жанбасаң лапылдап,

Біз жанбасақ лапылдап,

Аспан қалай ашылмақ!?» деген түрік ақыны Назым Хикметтің сөздері ойымды дәйектеуге дәл келетіндей.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады». Жарқын болашаққа жол бастар жастардың қаруы – ұлттық тәрбие, қазақы сана, білім мен біліктілік. Корей тіліне, халқының өмір салтына бірлі-жарым қызығушылығым бар еді. Бір күні құрбыларым : «Неге шығыстану факультетіне түспедің?»- деп сұрақ қойды. «Мен қазақ ғылымына керекпін», -дедім. Бұл – бірінші курста болған оқиға. Одан бері екі жыл тұрмақ, жиырма жыл өтсін, мен бұл ойымнан танбақ емеспін. Себебі өз халқыңды түбіне бойлап зерттемей тұрып, өзгенің тіліне еліту – өзіңнің алдыңдағы адал асты жаратпай, біреудің ішіп жатқан асын тартып алумен пара-пар, кемшін іс.

                                     «Арыстандай айбатты,

                                       Жолбарыстай қайратты,

                                       Қырандай күштi қанатты

                                       Мен жастарға сенемiн!» - деп Мағжан ақын айтқандай, құмарың қанбайтын, жігеріңді қомдайтын, талаптыны қолдайтын, дарыныңды шыңдайтын күн туды, қазақ! Келешектің күні енді тек біз үшін жанбақ!

Өмір - мәңгі, уақыт - мүмкін, елес,
         Кел, Болашақ! Сауық құр, күлкіңе көш!
                                                          Бір күн шықса, бір күннің батуы анық                                                             Екі күннің тұруы мүмкін емес!

Тәуелсіз Қазақстанның көгіне жарқырап шығып күн болайық! Нұрымызды, сәулемізді айбынды Қазақ еліне таратайық! Келешек үшін бірігіп іс қылайық! Өйткені еліміздің болашағы біздің қолымызда!