Кейде көпшілік алдына шыққанда қысылып, ұялып немесе айтатын сөзімізді ұмытып қалатын сәттер болады. Ол үшін алдын ала дайындалудың маңызы зор.
Көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалу шешендік өнердегі маңызды да жауапты кезең. Д. Карнеги: «Сөйлейтін сөзін алдын ала дайындамай, көп адам түзелмес қате жібереді»,- дейді. Сондықтан да, көпшілік алдында сөйлеудің алдыңғы алғышарттарын есте сақтап алған дұрыс.
Көпшілік алдында сөйлеуге дайындық
- Алдымен, қанша уақыт сөйлейтініңізді толық біліп алыңыз. Соған қарап дайындалыңыз. Әдетте, жұрттың алдында көп уақыт сөйлеу аудиторияны жалықтырып жіберуі мүмкін.
- Материал жинауды жүйелей білу, көздеген мақсат-нысанаға ыңғайластыра, сәйкестендіре алу, ауызша сөйлеу мен аудиторияның ерекшеліктеріне үйлестіре білу басты рөл атқарады. Айтар ойыңызды дайындық кезінде жазбаша жазып, ойларыңызды бір арнаға тоғыстырыңыз.
- Дайындалатын ақпарат көздерін, кітаптарды, газет-журналдарды іріктеп алыңыз. Кезегімен оқып шығыңыз. Мәнін түсініңіз. Өз көзқарасыңызды қалыптастырыңыз. Яғни, сіздің ойыңыз маңызды рөл атқаратынын естен шығармаңыз.
- Сөзді дауыстап айту немесе оқу өнерін меңгеру, мінбеде өзіңді-өзің билеу ережесін қатаң сақтау, аудиторияның тілеу, қалауы қандай бағытта болатынын ескерген дұрыс. Сонымен қатар, айтар ойыңызды қағазға қарамай немесе қарап айту мәселесін шешіп алуыңыз маңызды. Қағазға қарап айтқан күннің өзінде көпшілік оң көзімен қарайтындай деңгейде дайындалуыңыз керек. Қағаздан бас алмай оқуға болмайды.
- Мәтінге сүйене отырып сөз сөйлеуге де болады. Мәселен, статистикалық мәліметтер есіңізден шығып кетуі мүмкін. Ол үшін айтар ойыңызды жинақтап жазған парағыңыз көмекке келері сөзсіз. Ал жазусыз сөйлеуге дайындалу – ол сіздің көпшілік алдында сөйлей білу өнеріңіздің жоғары екенін байқатады.
- Шешендік өнердің қыры мен сырын (дауыс, интонация, қимыл-қозғалыс, сөйлеу мәдениеті) мүлтіксіз меңгеруіңіз керек. Дауысыңызды диктофонға жазып, қайта тыңдап көрудің де маңызы зор. Айна алдында қимыл-қозғалысыңызды тексеріп көріңіз. Айтатын тақырыбыңызға немесе ойыңызға қарай киіну стиліңізді де дұрыс таңдай біліңіз.
- Аудиторияның тұтқиылдан қойған сұрақтарына тапқыр жауап беру, білім-ғылым бәсеке таласын ұйымдастыра білуге дайындалыңыз. Егер топ алдында, бұл сөзге немесе сұраққа дайын емес едім, я болмаса жүйрік тілді шешендігім жоқ еді деген сылтаулар айтар болсаңыз, ол сіздің абыройыңызға сын болады.
- Айтатын тақырыбыңа орай мысалдар, мақал-мәтелдер, дәйексөздер жаттап алыңыз. Бұл сіздің айтар ойыңызды көркем жеткізуге септігін тигізеді.
- Дайындық кезінде бар қобалжуыңызды жеңдіріңіз. Психологиялық тұрғыдан өзіңізді дайындаңыз. Көпшілік алдына шыққанда қобалжып қалсаңыз, «тет-а-тет» әдісін қолданыңыз. Яғни, сөз сөйлеу кезінде бір танысыңа немесе бір адамды ғана белгілеп, соған ғана қарап, сөзді соған ғана қарап бағыттап тұрғандай сезініңіз.
- Көпшілік алдында шебер сөйлеумен ғана емес, әсерлі, мәнерлі жеткізе білу қабілетімен де, әдепті мінезіңізбен де ерекшеленуіңіз керек.
Көпшілік алдында шешен сөйлеуге төселу үшін үздіксіз ойлану, машықтану, үнемі жаттығу, толассыз еңбек керек. Ал басты есте сақтайтын дүние – көпшілік алдына шыққанда өз мәдениетіңді көрсете білуің қажет. Осы жөнінде Сыр сүлейі Нұртуған Кенжеғұлұлының шәкірті Жәмет жырау ұстазының кейбір дәрістері жөнінде былай дейді:
- Тыңдаушының уақытын бәлденіп босқа өткізбе. Тамағыңды көбірек кенеп қақырынып түкірінбе, көпке қарап ыржақтап күлме.
Ауызша шебер сөйлей білу – тынымсыз, толассыз жаттығудан, жалықпай еңбектенуден, ізгілік пен кісіліктен, сыршылдық пен ойшылдықтан туады. Ал сөз сөйлеуге дайындық - күрделі шығармашылық процесс, әр дайындық шеберлігіңді шыңдай түседі.
Сурет: ria.ru