Қырағы қаламгер Қалихан Ысқақ үлкен әдебиетке 1960 жылдардың басында өзінің атақты «Қоңыр күз еді» атты повесімен келді. Жазушы шығармаларына айрықша назар аударсақ, оның ізденімпаздығы, талғампаздығы анық байқалады. Жазушының әрбір шығармасын оқығанда онда суреттелетін өмір шындығына көңіл аударып қана қоймайсың, адамдардың мұң-мұқтажына ортақтасып, сағынышқа толы балалық шаққа, қызыққа толы күндерге еріксіз сапар шегесің. Қазақ жазушыларының ішінде әлемдік әдебиеттің үрдістерін меңгерген, өз ұлтының қыр-сыры мол қалтарыстарын шебер игерген Қ.Ысқақов деуге болады. Өзі өмір сүрген қоғам қалай құбылса да, саясат желі қай жақтан соқса да жазушы туындыларының діттеген мақсаты мен темірқазығы – адам және адам тіршілігі. Басқа әдебиет шығармаларындағыдай, Қ.Ысқақов көркем шығармаларында да адам образының небір керемет үлгілері жасалған, образдардың қызық та, қиын тағдырлары оқырманды бей-жай қалдыра алмайды. Жазушы туындыларында өресі мен өрісі кең образдар кеңінен қамтылған. Замана келбетін суреттеу, адамдардың тұлғасын мүсіндеу – жазушының ізгі мұраты. Қаламгердің қырағы көзі өзінің ата-бабасының өмір сүрген дәуірі мен өз кезеңінің оқиғаларының жаршысы болуды, соларды ардақтауды өзіне мақсат тұтуы да – заңды құбылыс. Оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі шығармаларына шын өмірде болған оқиғалар мен құбылыстарды арқау ететінімен ерекшеленеді.
Қ.Ысқақов шығармалары ішінде повесть жанрында жазылғандары көп. «Қоңыр күз еді» атты алғашқы повесі 1963 жылы жарық көреді. Бұл повесінен жазушының шығармашылық бағытындағы оң беталысты көруге болады. Мұнда жазушы қарапайым халық арасынан шыққан Қасым атты кейіпкерінің балалық шағы мен алғашқы жақсы көру сезімдерінің ұнамды жақтарын баяндауға ден қойған, басты кейіпкердің бойындағы игі қасиеттерді көрсетумен бірге жазушы оның ой-санасындағы шектелушілікті де жасырмаған. Өз кезеңіндегі өмір шындығына иек арта отырып, Қасым арқылы сол кездегі жастардың сүйіспеншілігі, бір-бірімен қарым-қатынасы, мектеп оқушыларының бастан кешкен әрқилы оқиғаларын қиюластыра бейнелеуінен жазушының реалистік қырын танимыз. Бұл повесте адам бойындағы, мінезіндегі мінді мінеу жағы басым көрінетін тұстары да бар. Мысалы, жазушы мектеп директоры Қалматай – лақап аты Маймұрын, оның әйелінің поддиректор аталуының себептері, интернат завхозының шын аты Зейнолланың – Беликов аталу себептерін түсіндіре отырып астарлы юморлық әрекетке көшеді. Оның майдақоңыр юморы ара-тұра еріксіз күлкіге үйіреді. Повестің жалпы мазмұны достық, адамгершілік жайындағы мектеп ұстаздарының өсиеттеріне, интернат ұлдары мен қыздарының балғын жүректеріндегі сезімдеріне, адам көңілінің құбылмалы сәттеріне арналған десе де болады, бір сөзбен айтқанда бұл жайларды жазушы өзінің суреткерлік шеберлігі арқылы ашып бере алған.
Қасым жетінші сыныпта оқып жүргенінде шешесі дүниеден өтіп, тұл жетім қалады. Сонан соң немере ағасы Ыбырай «Топқайыңдағы» мектеп-интернатқа орналастырады. Қалихан Ысқақов тумысынан суреткер, адам характерлерін дөп басып суреттейді, кейіпкердің сыртқы пішінінен гөрі оның психологиялық портретін суреттеуге ерекше мән береді. Бала Қасымның алғаш мектеп-интернатқа орналасуын, қарадомалақтармен өткен ең қызықты сәттерін, көршілес кереуетте жататын қара бала Қыдырханмен достығын баяндау барысында жазушының нағыз көркемсөз шебері екендігіне көзіміз жетеді.
Жалпы тақырып әдетте жазушының тәжірбиесінен туады. Оның жан дүниесін қозғаған жайлар араға жылдар салып әдеби шығармаға айналады. 1936 жылы туылған Қалихан Ысқақтың 1939-1945 жылдар аралығында өткен екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңіне тұстас келген жүдеу балалық шағы «Қоңыр күз еді» повесінің басты кейіпкерлері Қасымның, Қомшабайдың, Алтынның балалық шақтарына ұқсас еді. Демек, жанкешті еңбектен туындаған айтулы шығарма жазушы өмірінің айнасы.
Сурет: zhasorken.kz