Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, прозашы, драматург, кинодраматург Қалихан Ысқақ 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемлекеттік кино комитеті жанындағы режисерлер мен сценаристердің жоғары курсын бітірген. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Халық конгресі» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» журналдарында бөлім меңгерушісі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының үшінші шығармашылық бірлестігінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Оның әдебиеттің асылына бағаланған жиырмаға жуық пьесасы әлемдік деңгейге көтерілген. Атап айтар болсақ, «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней-Ұлпан», «Жан қимақ», «Ерліктің екі сағаты», «Революция сарбазы», «Жәке-Жәкетай» т.б. Шығармалары негізінен өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, болгар тілдерінде жарық көрген. Екі томдық таңдамалы шығармалары 1997 жылы оқырман қолына тиді.
Сонау 1962 жылдан күні бүгінге дейін «Қоңыр күз еді» атты повестті оқырмандардың қаншама буыны оқыды десеңізші?! Бұл туынды шыншылдығымен, шынайылығымен ерекшеленеді.
«Қоңыр күз еді» повесін оқып отырып Лев Толстойдың «Менің мақсатым – бәрінен бұрын кәдімгі қарапайымдылыққа ие болу». Қарапайымдылық – рухани әдеміліктің басты шарты» деген пікірінің дұрыстығына тағы бір көз жеткізгендей боласыз. Повестің сюжетінде алып-жұлып бара жатқандай аса бір шытырман оқиғалар жоқ, кәдімгі өмірде күнделікті кездесетін қарапайым жайлар. Шығарма Алматыда журналист болып қызмет ететін бас кейіпкер Қасымның араға жылдар салып туған жеріне оралуымен басталады.
Асылы, тақырып – жазушының өзі, оның ғұмыры. Егер жазушының өмірлік тәжірибесі неғұрлым бай, мұраты асқақ болса, оның шығармаларының деңгейі де соғұрлым биік, идеясы терең болады. Сол себепті болашақ жазушыға ең алдымен өмірбаян қажет, ендеше әлемдік әдебиетте үлкен із қалдырған шеберлердің көпшілігінің жеке тағдырларының оңай болмағандығы аңғарылады. Қасымның тағдыры өзінің авторынан тіпті айнымайды, ол да Қалихан Ысқақ секілді жазушы.
Алтайдың қоңыр күзін арқау еткен әдеби шығарманың құндылығы сол – шығарма оқылып біткеннен кейін де ұзаққа дейін оқырманның есінен шықпай қояды. Сол шығармада қоңыр күздің сипаты төмендегідей: «Қоңыр күз еді. Жол лайсаң. Соқыр тұман оның биік сілемдерін жым-жылас жұтып қойыпты. Енді бөктерлеп келіп, қанат жайып күргейлеп алған. Тау да бірте-бірте аласарып, адырлы жота қыратқа айналып бара жатқан сияқты. Таздың шашындай әр жерде селдіреген ойдым-ойдым оқ ағаштар болмаса, етекте бұрынғыдай ну орман да жоқ, үркіп барып сонау жоғарыдағы алқым-алқымдарға тығылып қалыпты...»
Повестің «Қоңыр күз еді» деп аталуының өзі де тегіннен тегін емес. Адамдардың санасында күз, оның ішінде әсіресе қоңыр күз деген сөздер сағыныштың белгісі іспетті. Өйткені, не өтсе, соның аяулы көрінері бар, сондықтан жүрегіңіздің түкпірін әлдеқандай бір сағыныш сезімі кернеп, күздің лебі соны сездіргендей.
Сурет: www.zharar.com