- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Кеңестік дәуірдегі қазақ...
Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетіне жалпы шолу
Кешегі кеңес өкіметі қазақ әдебиетіне не берді немесе неден қағыс қалдырды? Сол кездегі қазақ әдебиетінің "оһ" деп таң қалар тұстары мен "қап" деп сан соғып қалар тұстары қандай? Осы және осы тектес сұрақтар кез-келген әдебиетке келген жас өскінді ойландырары хақ. Жылпылама тоқтала кетсек, ең бастысы кеңес өкіметі тұсында қазақ әдебиеті әлемдік деңгейге көтеріле алды. Және бұл белесті кезең әдебиеттің өз уақытына сай жедел дамыған, жаңғыру үрдісі кең, мазмұны барынша бай әдебиет болуымен ерекшеленеді. Шындығында әлем прозасы мен поэзиясы қаншама ғасырлар бойы жеткен жетістікті қазақ әдебиеті осы тұста, айналасы 70 жыл ішінде еңсеріп тастады.
Кеңестік кезеңде қалыптасқан социолистік реализм халықты тәрбиелеуге, саясаттың сойылын соғуға таптырмайтын құрал болды. Әдебиет сол кезде саяси идеологияның қолшоқпарына айналды. Бірақ қалай дегенмен де ХХ ғасыр қазаққа ұлы тұлғалар мен ұлы әдебиет сыйлады. Қазіргі таңдағы біздің сүбелі деп санап жүрген туындылардың бәрі дерлік сол кезеңнің жемісі. Көзі ашық, жүрегі қазақ деген зиялы қауымның бәрі халқының қалай қаналып жатқанын, бұған ертерек тоқтау салмаса ұлт ретінде жойылып кететінімізді сезді. Халықты оятуға, рухын көтеруге тырысты. Бірақ мұндай шығармалар цензураның торынан өте алмайтын еді. Соның бірден-бір айғағы ретінде Олжас Сүйлейменовтың "АЗ и Я-сын" айта аламыз. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтың атақты "Абай жолы" да алғаш басылып шыққанда цензураның қатаң сынына ұшырап, аздаған түзетулер мен тарихи оқиғалардың бұрмалануы арқылы халыққа жетті. Енді зиялы қауымға басқаша ізденістер мен айтар ойын халыққа басқалай жеткізер тәсілдер қажет болды. Және сол ізденістер мен тәсілдер өз жемістерін бергеніне біз қазір куәміз. Әдебиеттің дамуына тосқауыл болды деп жүрген цензураның бір шетінен осындай пайдалы тұстары да болып жатты.
Кеңес кезеңіндегі әдебиеттің "қап" деп сан соғар тұстарының бірі біз ХХ ғасыр басындағы зиялы қауымды кеш таныдық. Олар бізге кеш жетті. Қазақ халқы сол жазықсыз репрессия құрбаны болып кеткен Алаш азаматтарының шығармашылығымен кеш танысып, санасына әлі күнге сіңіріп үлгере алған жоқ. Ол кезең біздің поэзиямыздың асқар шыңы іспеттес жыраулар әдебиетін жоққа шығаруға тырысты. Бірақ бетін топырақ басса да асылдың аты - асыл. Біз бәрі-бір өз жауһарларымызбен қауыштық. Бір өкініштісі кешеуілдеп қана.
Қорыта келгенде кеңес кезеңі қазақ әдебиеті үшін маңызды кезең болды. Қазіргі таңда сол кезеңді кінәлайтындар өте көп. Бірақ мен айтар едім: Кеңес кезеңі бізге көп нәрсе берді. Бірақ, біз алғанымыздан артықтау төледік...
Сурет:commons.wikimedia.org
Ж. Өрісбай