Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: Жаңа тақырыптардың пайда болуы

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: Жаңа тақырыптардың пайда болуы

Қазақ әдебиетінің тақырыптық шеңберінің кеңейіп, мазмұнының байи түсуі – кеңес кезеңіндегі әдебиеттің елеулі өзгешелігі. Егер жиырмасыншы жылдары жазушылар назары, негізінен, революция мен азамат соғысы жылдарының оқиғаларын, қазақ аулындағы әлеуметтік өзгерістерді бейнелеуге көбірек ауса, отызыншы жылдар әдебиетінің басты тақырыбы болып социалистік құрылыс тақырыбы енді. Әдебиет сол кезең адамдарының жасампаздық еңбегін суреттеуге бет қойды. Еңбектің жаңа адамдарды қалыптастырудағы, олардың моральдық бейнесін анықтаудағы рөлін ерекше көрсетуге тырысты. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің басты тақырыбы болып «жаңа адамды ұйымдастыра білетін социалистік еңбек пен социалистік еңбекті ұйымдастыра білетін жаңа адам» алынды. Жаңа тақырып жаңа кейіпкерлер туғызды. Өндірістегі социалистік еңбек иелері мен қазақ ауылында жаңа қарым-қатынастарды орнықтырушы адамдардың ұнамды бейнелері көптеп көріне бастады. Кеңес дәуірі әдебиетінде революция жылдарының оқиғалары да, халықаралық жұмысшы қозғалысының мәселелері де, отан қорғау тақырыбы да өзіне лайық көрініс тауып отырды. Мұның бәрі әдебиетіміздің гуманистік сипатының артып, нақтылана түскенінің, оның идеялық-көркемдік ізденулерінің айғағы еді.

Қазақ әдебиетінің бұл кезеңдегі табыстары қаламгерлер қатарының толығып өсуімен тығыз байланысты. Бұл дәуір әдебиетіне көрнекті қалам қайраткерлері С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетовтармен қатар Ж.Сыздықов, Ө.Тұрманжанов, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов сияқты ақын-жазушылар үлес қосты. Әдебиеттің сапалық жағынан өсуі оның жанрларының молайып, шеберлікке жетіле түсуінен байқалған еді. Проза мен драматургия саласы жаңа туып, қаз тұра бастаса, сонымен қатар әдебиетіміздің іргелі туындылары да бой көрсетті. Азамат соғысы мен халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары негізінде шағын әңгіме, повестермен көрінген прозада ең күрделі жанр – роман туды. Пьеса шағын көріністіліктен көп актылы драмаға бет бұрды. С.Мұқановтың «Ботакөз», Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романдары мен М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Абай», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесалары тек сол дәуір емес, күні бүгінгі әдебиетіміздің үздік табыстарының қатарынан орын алып келеді.

Қазақ әдебиетінің дәстүрлі жанры поэзия да жаңа дәуір талаптарына сәйкес өрлеу үстінде болды. Қазақ поэзиясының қоры бұл кезде С.Сейфуллиннің «Альбатрос», «Қызыл ат», І.Жансүгіровтің «Дала», «Күйші», «Құлагер», С.Мұқановтың «Ақ аю», Т.Жароковтың «Күн тіл қатты», «Тасқын» сияқты поэмаларымен, Ә.Тәжібаевтың, Ғ.Ормановтың, Қ.Аманжоловтың, Ж.Саинның лирикаларымен толықты. Бұл жылдардағы ең көрнекті жаңа тақырыптардың бірі – индустрияландыру тақырыбы болды. Елімізде орын тепкен өндіріс орындары, темір жол құрылыстары, осы жолдағы қайнаған қызу еңбек отты жырлардың назарына ілікті. Ғ.Ормановтың «Шеңбер», «Мыс қала», Ә.Тәжібаевтың «Айнабұлақ», Ө.Тұрманжановтың «Байғыз» тағы басқа өлеңдері бүкіл одақтық социалистік өндірісті пайдалы тұрғыдан танытқан шығармалар болып табылады. І.Жансүгіров Қазақстанның кен байлығын алтын қазанға баласа, Ғ.Орманов халықтың еңбек күшін дәріптейді. Өндіріс тақырыбын жырлаудағы осы тәрізді бірқатар табысты жайлармен бірге қазақ поэзиясында бұл салада олқылықтар да орын алды. Ол әсіресе поэзияның көлемді формасы поэмада өндірісті, ондағы жаңаша қарым-қатынасты, олардың өзіндік ерекшеліктерін әбден ұғынып жырлауға жетіспегендіктің әсері еді. Сонымен бірге бұл қазақ әдебиетінде жаңа поэма жасау жолындағы ізденістердің де олқылығы болатын. С.Сейфулиннің «Социалистан», С.Мұқановтың «Көмір-коммунизм», Т.Жароковтың «Нефтьстан», Ә.Тәжібаевтың «Олқылық» атты поэмалары осындай сәтсіздіктерге ұшырады. Мұндай кемшіліктер лирикалық өлеңдерде де кездесті. Солай бола тұра, қазақ поэзиясы бұған дейін өндірісті жырламаған тәжірбиесіздігіне қарамастан, бұл тақырыпты игеруде сәтті қадамдар жасады. Ауыл шарушылығындағы өзгерістерді жырлауда да әдебиет тың ізденістерге бет қойды.

Кеңес заманының артықшылықтарын көрсету, көркем әдебиетте оны кең насихаттау міндетін бірқатар қазақ ақындары халықтың өткен тарихына, ертедегі тарихи аңыздарына, бостандық жолындағы күресінің жайларына ой жібере отырып шешті. Сөйтіп кешегі заманның ауыртпалықтарын, ондағы адам тағдырларын бүгінгі шат, еркін заманның тұрғысынан қарап бағалады. Бұл тұрғыдан алғанда И.Байзақовтың «Ақбөпе», «Алтай аясында», Қ.Бекқожиннің «Ақсақ құлан» атты поэмалары да пайдалы үлес қосты. Өмір шындығын терең зерттеуге ұмтылып қана қоймай, одан бүгінгі заманның жаңа адам тәрбиелеу міндетіне қатысты ой-пікір түйе білу, ескімен күресте туған жаңаны жіті көріп, оны кең насихаттау қазақ әдебиетін жаңа белестерге көтере білді. Саяси үгіт айтудың сарынында қалып қоймай, үлкен қоғамдық жинақы ойды сезімталдықпен суреттей алатын дәрежеге көтерілді.

Сурет: www.torange.ru

Оқи отырыңыз:

Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы жазушының стилі, сөз қолдану ерекшелігі

1930-1960 жылдардағы әдебиет

Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары

Мағжан Жұмабаев шығармаларының жанрлық ерекшелігі

Ж. Исакаев