- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Кеңес дәуіріндегі қазақ...
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: әдебиеттегі көркемдік ізденістер
Қазақ әдебиеті бастау арналары тым тереңде жатқан, ешбір әлем әдебиеті елдерінен жасқанбайтын, озық үлгілері туып-шыңдалған шымыр әдебиет. Әрине, мұндай жеңіс қазақ ұлтының мінезі, ондағы төзімі мен қайратына тікелей тығыз байланыста туды. ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің «жауһар ғасыры» атанса, зұлматы зүриятына сіңген ХХ ғасыр «алтын ғасыр» атына лайықты. Патшалық Империяның «қызыл шекпенін» айналдырып киіп келген Кеңес үкіметі өз кезегінде құлақ естіп, көз көрмеген қиянаттары мен тағдырдың қиянкесті шайқасына түсіп ысыла түскен ұлт зиялылары ұлтты оятудың жаңа тетіктерін табу арқылы мәдениет-әдебиетімізді көркемдік-поэтикалық, мазмұндық тұсынан да өрісін кеңейтіп, жаңа үлгілер тудырумен дамыта түсті. ХХ ғасырдың басында әдебиеттегі қуғындау процесі аз уақыт ішінде іске асырылып, мүйізі қарағайдай әр саладағы тұлғаларды жауапқа тартты. Кеңестік әдебиеттің өткерген теперішті тауқыметі Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Торайғыров сынды асыл азаматтардан айырып, халық көңілінен аластату қарекетіне көшті. Үш дүркін төңкеріс, Азамат соғысы, қайта құру кезеңі, бірнеше реттік «жасанды» жұттан туған ашаршылық... Мұның бәрі әдебиетке өз іздерін қалдырғаны сондай тұтас ғасырға татырлық шығармашылық туды.
Соғыс кезінде поэзия, әсіресе, оның ұсақ жанрлары: өлең, ән мәтіндері, лирикалық толғаулар кең өрістеді. Бұл соғыс кезеңінің жан тебіренткен сипатына дәл келетін сияқты, сәйкесінше сезім иірімдерін жарып шығатын поэзия тілі жеңіл алып шықты. Поэзияға қарағанда үлкен проза бәсең дамыды. Рас, соғыс оқиғаларын бірден үлкен жанрда көрсетіп үлгеру аса қиын, ондай туындылар оқиға екшеліп, тұрақтаған соң, біршама уақыт өткен соң барып жасалады, соғыстан кейінгі жарық көрген дүниелер мұны айқын дәлелдей алады. Әйтсе де прозаның ұсақ түрлері соғыс кезінде едәуір дамыды. Әсіресе публицистика, очерк құлашын кеңге жайды.
Жамбылдың «Екі дүние айқасты», «Қамал бұзған қаһарман», «Отан әмірі» өлеңдері мен А.Тоқмағамбетовтың «Жеңіс біздікі», «Маршалдар шықты майданға», Ә.Тәжібаевтың «Біз жеңеміз», Ғ.Ормановтың «Емен», «Отан» дейтін өлеңдері, Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» циклы, «Мазасыз Украина түні», «Днепр», Т.Жароковтың «Зоя туралы жыр» поэмасы, «Жапанда жалғыз қарағай», Д.Әбілевтің «Ресейге қайтқанда», Қ.Бекхожинның «Тым асығып келемін» деген өлеңдері, «28» поэмасы, Ж.Саинның «Есімде Айдар өзені», Х.Ерғалиевтың өлеңдері, С.Мәуленовтың «Арқаның арыстаны», «Ер Естайы», Ж.Молдағалиевтың «Шығыста туған елім бар» деген өлеңі, Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы, С.Сейітов, Қ.Жармағамбетов... т.б.
Отан соғысы үстінде ерлікпен қаза тапқан қаһармандарға арналған Ж.Саинның «Өмірден өксіп сен кеттің» атты жоқтау-естіртуі, Ғ.Ормановтың И.В.Панфиловқа арнаулы жоқтауы, Жамбылдың ұлы Алғадайды жоқтауы мен оған Кененнің көңіл айтуы секілді фольклорлық жанрлар да осы кезеңде жазба поэзияға көркемдік әрлеуімен қайта келді.
Ә.Сәрсенбаевтың жылы жазған «Шие ағашы» поэмасы да сол бір сұрапыл жылдардың ащы шындығын бейнелеген туындылардың бірі. Поэмада негізінен неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздығы, айуаннан да бетер қаныпезерлігі қатты әшкере болған. Әсіресе, бір жасар жазықсыз сәби Миколаны фашистердің екі ананың алдында шырылдатып дарға асуы- ешбір ми жеткісіз жауыздық. Осы туралы ана әңгімесін естіген біздің жауынгерлер кек үстіне кек қосып, жауды аямай талқандай отырып, алға ұмтылады. Поэма соңында біздің жауынгерлердің ана, сәби намысы үшін жаудан кек алатынына, олардың әділ ісінің толық жеңетініне шексіз сенеміз. Уақиға желісі, оны логикалық нысанасы оқушыны осы бір түйінге жетелейді. Поэманың ішкі логикасы айқын контырасқа негізделген. Бір жағында – жаудың шектен шыққан жауыздығы, екінші жағында – биік адамгершіліктің туын ұстап жыртқыш дұшпанды талқандауды мақсат тұтқан біздің жауынгерлердің жарқын тұлғасы. Осы бір ішкі контрастан, ақындық жинақтай түйіндеуден шығарманың терең идеялық мазмұны байқалып тұр. «Шие ағашы» - бүкіл адамзатты фашист жауыздығынан құтқарып, азаттық әкелуші халқымыздың хаһарлы жылдардағы ұлы бейнесін тебірене жырлаған мазмұнды шығарма. Ақынның шағын да шымыр дастанының идеялық құндылығы осы жағында.
Онан бөлек Ж.Саинның «Шын алтындар жарқырар», «Жалынып қана сөз айтпа», «Алты сөз», «Жауыз ойлап жалған күлме!» сияқты соғыс жылдарындағы өлеңдері дүниеге тұтастай афоризм болып келгені мәлім. Ал 20-30 жылдардағы прозаның үздік үлгілері төл әдебиетіміздің алтын қорына қосылған классикалық туындылар болып қалды да, бұлар сонымен бірге әдебиетімізде өзіндік көркемдік тәжірибие, дәстүр қалыптастырды, қаламгер мен оқырманның да талап талғамын биіктетіп, жаңа эстетикалық - көркемдік межелер белгіленді, келешек асуларға қарай мегзеді, сөйтіп жаңа шығармашылық қуаттардың оянуына мүмкіндік берді. Соғыс жылдарында көп шындықты кестелей алған елеулі шығармалар. С.Мұқанов «Менің мектебім», Ғ.Мұстафин «Өмір не өлім», «Шығанақ», Ғ.Сланов «Дөң асқан», «Жанартау», М.Әуезов «Абай романдары», «Қазақ батыры» романдары дүниеге келді. Аталған туындылар әр түрлі ірілі-ұсақты кемшіліктеріне қарамастан көркем прозада жаңа жетістіктерге жол ашылуына мұрындық болды. Майдан өмірі, жауынгерлердің жан қиярлық қимыл-қарекеті, олардың айлалы, зұлым жаумен бетпе-бет келуі драматургияның барлық жанрында көрініс тапты. М.Әуезовтің «Сын сағатта» пеьсасы, «Қарақыпшақ Қобыланды», С.Мұқановтың «Жеңіс жыры» драммасы, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақ тоқты», Ә.Тәжібаевтың «Бізде қазақпыз» драммалары едәуір табыстарға қол жеткізді. Мұның бәрі бір ғана соғыс кезіндегі туындылар етін...
Жалғасы бар...
Арнайы Massaget.kz үшін
Сурет: pixgood.com
Е. Жұмабайұлы