- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Кеңес дәуіріндегі қазақ...
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: әдебиеттегі көркемдік ізденістер # 2
40-ыншы жылдардың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиеті туындылары Одақтық аренаға шығып, сол арқылы шетел халықтарының тіліне аударыла бастады. Қазақ әдебиетін әлемге танытқан үлкен прозаның үлгілері қатарына М.Әуезовтың «Абай» (алғашқы екі томы), С.Мұқановтың «Ботагөз», «Сырдария», Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке», Ғ.Мұстафиннің «Милионер», «Қарағанды», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы бар еді. Әдеби сын мен зерттеу саласында жаңа ізденістерге бет бұрды. 30-ыншы жылдары әдебиет сыншысы есебінде танылған Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиевтер әдебиеттану ғылымына ауысып, жаңа еңбектер жазды. Қазақ өмірінің энциклопедиясы – дәуір шындығын арқалаған, жаһанға қазақ халқын паш еткен елеулі-ерекше туынды М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ сөз өнерінің бар құнарын сарқып көрсеткен айтулы құбылыс болды. Коммунистік партияның бақылауы жағдайында қызмет еткен қазақ ақын-жазушыларының қоғаммен ымырыласа отырып дәуір шындығын көркем бейнелеудегі бұл үздік табыстары шын мағынасындағы ерлікке тең еді.
ХХ ғасырдың ІІ жартысы туған әдебиетіміздің ілгері қарай ілкі қадам жасаған тағы бір сәтті кезеңі болды. Әдебиеттің барлық жанрында – проза мен поэзия, драматургия мен сында айтарлықтай жаңалықтар жасалды. Әдебиеттің саны ғана емес сапасы да өсті. Көркем прозада қаһарманның жан иіріміне үңілу, шымыр тартысты екшеу, іріктеу болмысты талдау – күрделі психологиялық ізденіс арқылы дәуір келбетін ашу – Ә.Нүрпейісов, Т.Әлімқұлов, Ә.Кекілбаев шығармаларында айрықша танылды. «Аласапыран» (М.Мағауин), «Елім-ай»(С.Сматаев), «Үркер», «Елең алаң» (Ә.Кекілбаев), «Ұстаздың оралуы» (Ә.Әлімжанов), «Отырар ойраны» (Х.Әдібаев) сынды тарихи романдар әдебиетіміздің көне оқиғаларды қамтыған бір саласы болса, «Ақан сері» (С.Жүнісов), «Соңғы көш» (Қ.Жұмаділов), «Қызыл жебе» (Ш.Мұртаза), «Өліара» (Т.Әбдіков) және басқалары тағы бір саласы. Осылайша тарихи роман жанр жағынан да сала-сала болып дами бастады.
60-80-жылдары қазақ әскери әдебиеті де көптеген жаңа шығармалармен толықты. Б.Момышұлы, Ж.Саин, М.Ғабдуллин, Ә.Шәріпов, Т.Жанкелдин, т.б. өрт ішінен қайтқан жауынгер жазушылардың жан тебіренісін көреміз, қарулас жолдасына деген ыстық ықыласына куә боламыз. Әскери романның (С.Бақбергеновтің «Қарға тамған қаны») кейіпкері дүниетанымның кеңдігі, сана-сезімнің биіктігімен ерекшеленді.
Ғасырдың бірінші жартысында, әдебиетіміздің таптық тартысты сан салаға жүгіртіп, қызыға бейнелесе, енді адамгершіліктің көкжиегін қоғаммен тұтастыра бейнелеу кеңінен етек алды. Балдырған қауымның қиялына қанат бітірген, тапқыр жазушы Б.Соқпақбаев – ересектер де қызыға оқитын қаламгердің бірі еді. «Он алты жасар чемпион», «Менің атым – Қожа» арқылы әр оқушы өз мектебін, өз құрбысын, тіпті өз мінез-құлқын танып қызыққа батты, күлкіге кенелді.
Поэзияда философиялық тереңдік пен ойшылдық, лиризм мен шыншылдық өлең-жырдың төл қасиетіне айналды. Планета тынысына жіті құлақ түріп, еліміздегі алуан-алуан оқиғаны жырлауға ат салысқан ақындардың көрікті жыры миллиондаған оқушысын тапты. Т.Жароковтың «Құмдағы дауылы», Ә.Тәжібаевтың «Портреттері», Х.Ерғалиевтың «Құрманғазысы», К.Бекхожин, О.Сүлейменов, Ғ.Қайырбеков, Ж.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Т.Әбдірахманов, Ф.Оңғарсынова, М.Айтхожина, К.Ахметова, Қ.Бұғыбаевалардың өлең-жырлары мен лиро-эпикалық поэмалары – құнарлы туындылар. Философиялық толғаныс пен азаматтық абайшыл үн, сыршылдық пен публицистикалық әуен – тартымды қасиеті. Жырдың күрделіленгені, азаматтық әуеннің өскені соншалық – лирикалық шағын өлеңнің өзін де бұрынғыдай «анау табиғат лирикасы, мынау сезім немесе достық лирикасы» деп бөлу қиын. Толымды туындыгер Қадыр, жыр құдіретін қырантұғырдан іздеген Төлеген мен азаматтық үні саңқылдаған жырларда өмір-ғұмырдың аптабы бет шарпиды.
Партия саясатын, оның көсемдері мен социалистік қоғам құру жолындағы шараларды мадақтау, өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы табыстарды тізбелеу, жасанды кейіпкер жасау – тоталитарлық жүйенің әдебиетке идеологиялық қызметті таңып қоюы я болмаса қондырма идеяны сүйретіп жазу өзінің салқынын тигізгені белгілі. Тіпті Кеңестік кезең ұлт тарихында үлкен қасырет тудырды. Әйткенмен, Кеңес тұсындағы төл әдебиетіміз шама шарқынша қосымша айқын-астарлы тәсілдермен өз миссиясын алып шығып қана қоймай, әдебиеттің әр түрлі тектерін кәсіби үлгідегі түрлерге жіктеп берді. Көркемдік ізденістер тәжірибемен дәстүрге айналып, жаңа сипатта сөз өрнегі талай кестелі бояулармен түлей түсті, кеңістігін жаңғырта, өрісін кеңейтті. Кеңестік жүйенің бергені де, алғаны да баршылық, бірақ – ақиқатын тарих белгілесе керек-ті.
Арнайы Massaget.kz үшін
Сурет: pixgood.com
Е. Жұмабайұлы