Қазақтың ынтымақ, бірлік, татулық сөздерімен мәндес ұғымдар

Қазақтың ынтымақ, бірлік, татулық сөздерімен мәндес ұғымдар
Фото: ortalyq.kz

Қазақ халқы - ежелден татулық пен бірлікті жақсы көрген, сүйген халық. Ру мен рудың, ағайын мен туыстың, көрші-қолаң мен жақын-жаранның бір-бірімен тату, сыйлы, бауырмал болғанын қалаған.

Сондықтан рудың, елдің үлкендері мен сыйлы, құрметті адамдары жан-жағына, айналасына ақылы мен кеңесін айтып, ұрпақтарына өсиет қалдырып, елдің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтауға тырысқан. Соның арқасында осынау Атыраудан Алтайға дейінгі атырап даланы аман алып қалды десек болады.

Қазақ ынтымақ пен бірлікті сүйген халық болғандықтан, қазақ тілінде де татулықты білдіретін, сонымен мәндес сөздер өте көп. Мәселен, бейбітшілік, келісім, келіссөз, тұрақтылық, мәміле, ымыра, мәмілегерлік, бауырмалдық, уағда, уағдаластық, бітім, бітімгершілік, тұтастық, бірлік, ырыс, ынтымақ, ынтымақтастық, береке бірлік, сыйластық, тыныштық, туысқандық, тепе-теңдік, достық, достастық, ауызбіршілік, үйлесімділік, бүтіндік, бүтіншілік, жарастық, бәтуа, мақұлдық, бітісу, ұйымшылдық, тілектестік, т.б.

Бүгінгі таңда Қазақстан - көпұлтты, көп этнос қоныстанған ел. Олар да бірлік пен теңдікте, ынтымақтастық пен ауызбіршілікте өмір сүруде. Еліміз сыртқы елдермен де, шекаралас көршілерімен де келісімде, бітімде болуға тырысады. Аймақта тұрақтылыққа қол жеткізгісі келеді. Ғаламдық тұтастық пен бүкіләлемдік бейбітшілік орнағанын қалайды. Яғни, қазақ халқы атам заманнан бейбітшілік пен тұрақтылыққа ұмтылған ұлт ретінде әлі күнге дейін сарабдал, мәмілегерлік саясат ұстануды құп санайды.

Өйткені қазақ халқы бірлік пен ынтымақтастықты, татулық пен ауызбіршілікті бәрінен де жоғары қойған, ел болудың алғышарты, мемлекет болудың негізі ретінде қабылдаған.

Халқымыз руға, жүзге бөлінгендіктен, олардың арасындағы татулық, беріктік, бірлік тәрізді түсініктер аса маңызды болған. Қазақ би-шешендері, бай-батырлары саналы ғұмырын халқын бірлікке, татулық пен ынтамақтастыққа шақырумен болды. Халқымыз өзінің ынтымақтастықты барлығынан жоғары қоя білгендігінің арқасында ғана үлкен жеңістерге жеткен, жоңғардың шапқыншылығына төтеп бергенін ұмытпағанымыз жөн. Осындай ірі тарихи оқиғалар, яғни, ауызбіршіліктің арқасында жеңіске жетуі тәрізді халық басынан өткен тарихи мысалдар қазақ халқының жадында үлкен құбылыс болып қалды. Ал бұл өз кезегінде халық танымында «ауызбіршілікке жетсең ғана жауыңды жеңе аласың, бейбіт өмірге қол жеткізе аласың» деген  тарихи сана қалыптасып, ұлттың сананың өшпес жадына айналған.

Сондықтан ел арасында "Ынтымақ түбі - береке", "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді", "Ынтымақ түбі - игілік", "Тірлік, тірлік түбі - бірлік", "Ынтымақ істі бітірер", "Ырыс алды - ынтымақ", "Ынтымақ жүрген жерде, Ырыс бірге жүреді" деп өсиет еткен.

Қ. Слямбек