Алағай да бұлағай кезеңдерді бастан өткерген қазақ жұрты үшін Тәуелсіздік күні ең бақытты, ең мерейлі күн. Еркіндік биі орындалып, азаттық әні шырқалған күн көрген қазақтың есінен кетпес болар. Қазақ жұрты дәл осы күндей қуана алды ма екен, дәл осы сәттегідей қуаныштан жылай алды ма екен?! Бодаудан босаған күннен асқан бақыт бар ма?! Осы күн - қазақтың қанша ғасырдан бергі арман-тілегі болмады ма, сол үшін қан кешпеді ме?! Қазақтың бүкіл тарихы осы күнге арналмады ма?! Ал енді өлеңмен ғұмыр кешкен қазақтың осы күнге – тәуелсіздікке жеткенінде ақын жүрегі жырламай қайтсін?! Ең асқақ жырларды, ең рухты жырларды осы күнге сақтап келдік емес пе?! Құдайға тәуба, қазақ ақынға кенде емес. Тәуелсіздік туралы неше мәрте топтама жасауға болар. Бүгін тақырыпқа қатысты жырларды жастар әдебиетінен, яки, қазақ жастар поэзиясынан іздеп көрейік.
Алғаш азаттыққа қол жеткізіп, бодандықтың бұғауынан босаған кезде Тәуелсіздікті сүйеншілеген өлеңдер көптеп жазылды. Осы бағыттағы өлеңдер үлгісі бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Мәселен:
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Еркіндікке қош келдің айтқан Қалқаман Сариннің бұл өлеңі қастерлі күннің қаншама қиындықпен келгенін де қаперімізге береді. Жас ақын:
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті -
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да! - деп барша жұртты қасиетті құндылықтың қадірін ұғынуға шақырады.
Әлия Дәулетбаева атты ақын тәуелсіздіктің тәтті үміт болғанын айта келе:
Беу, Азаттық! Болсаң бізге баянды,
Аранына кетпей тұрып аярдың.
Бодан болып көз ілгенмін кеше мен,
Бүгін таңда бостан болып ояндым, - деп азат күннің баяндылығын тілейді. Ақын қыз өзі туралы: "Желтоқсанда мұз шайнаған көкемнен, Тамған қанға өсіп шыққан гүлмін мен", - деп 86-ның ызғарлы желтоқсанын жадымызға оралта жырлайды.
Еркіндікке сеп болған баба рухын сабақтастыра Дәулеткерей Кәпұлы ақын былай дейді: Елдігімді сақтай алар артымда ұрпақ бар дескен,
Тәуелсіздік тар жолында елің түссе егеске.
Жігер жанып тоттанбаған, намыстарың нар дескен,
Бабаларым, рухыңның есендігі емес пе?!
Әлбетте, әлгінде айтқан аумалы-төкпелі күндерді бастан асырған қазақтың рухы қашан да биік. Сол үшін де бүгінгі ұрпаққа ауысып, еркіндік алар күн алаңға алдаспан кеудесін төсей шыққан Қайратты ұлды әуелгі жырға қосады:
Ерлеріне еркіндіктің алау-жырын ұсынған,
Елдігімнің іргетасы қаланар деп тас тұғыр.
Қақыратып қара түннің перделерін ысырған,
Көкжиектен жарқ етті бір жасын-Қайрат, жас ғұмыр.
Тәуелсіздік туралы жырларда сол бір қасіретті күндегі Алматының алаңы, Қайраттай ұл жиі айтылады. Соның тағы бір нұсқасын Ырысбек Дәбей ақын былай толғайды:
«Қалың елім қазағым»,
жасқа толы жанарым,
Үрей билеп есірген сұлап жатыр алаңым.
Желтоқсанның желіккен
желі сүйіп тұр үнсіз,
Еркіндіктің еңсегей
көкке асылған жалауын.
Иә, бұл күн қаншалықты мерекелі болса соншалық қасіретті күн еді. Өйтпегенде еркіндік алауы жағылмас еді. Баба қаны бойында тулаған боздақ сол алауды керек десе мұзға жағып берді емес пе?! Ендігі ұрпақ осы алауды өшіріп алмауды жырлайды. Ерлан Жүніс ақын:
Асқақтық туралы аспанда,
Азаттық туралы ақ жұлдыз.
Ақпанар нұрын шашқанда,
Ойладым, өзің туралы;
...Мәңгілік туралы жолдарда,
Қарсы алу туралы құштарлық,
Мүсін боп қатып қалғанда,
Қол создым... өзің туралы,
О, менің Тәуелсіздігім! – десе, тағы бір ақын Әріби Дауыл:
Бабам біз деп тер төксе күйттеп еңбек,
«Атаңның ақ сақалын үйт» деген жоқ.
Өзім жеуге қимайтын жал мен жая,
Енді кете бермейді итке жем боп, – деп баба қанының қуатының сарқылмасын рухты жырмен көрсетеді. Ылайым, қазақтың қара өлеңі қазақпен жасар. Елдіктің жемісі, еркіндіктің еңселі жырларын да қазақ жасар.
Сурет: szh.kz
Ұқсас жазбалар:
Тәуелсіздік туралы өлеңдер
Тәуелсіздік туралы өлеңдер-2
Тәуелсіздік туралы өлеңдер-3