- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Қазақ әдебиетіндегі лирика...
Қазақ әдебиетіндегі лирика жанры
Лирика – шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезімін астастыра суреттейтін терең психологиялық шығарма. Ол әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі. Көбіне өлеңмен жазылады, сюжетке көп бара бермейді. Оқиғадан гөрі отты сезімге, бас-аяғы тұжырымды философиялық ойға жинақталады. Лирика тілсіз түйсіктерге сөз береді, оларды тар кеуденің қыспағынан көркемдік өмірдің таза самалына алып шығады да, ерекше өмірге бастайды. Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі, бұл арада өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл-күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді.
Әр халықтын лирикалық өлеңдері оның ауыз әдебиетінен басталған. Мәселен, қазақ лирикасының басы тұрмыс-салт өлеңдерінде - той бастар мен жар-жарда, сыңсу мен беташарда немесе мұң-шер өлеңдерінде, қоштасу мен көңіл айтуда, естірту мен жоқтауда жатыр. Онан бергі қазақ поэзиясында Шалкиіз, Махамбет толғауларында лирикалық толғаныстар арқылы бүкіл қазақ халқының аңсаған арман-мұраттары көрсетілген.
Лириканың жанрлық сипатын сөз еткенде, оның белгілі бір нақты түрін бөліп көрсету мүмкін бола бермейді, дегенмен шартты түрде бөлінген түрлері бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, мысал, мұң өлеңі (элегия), мадақ өлең (ода), төрттаған (рубай), нәзира т.с.с. бұрыннан бар, дау тудырмайтын лирика түрлері бар. Ал, жоқтау, арнау, айтысты т.с.с. А. Байтұрсыновтың 1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» кітабынан бастап ұлттық өлең түрі, ұлттық үлгі деп қарастырып келгеніміз белгілі. Сонымен бірге, ойлану (медиативті), жұмбақ, хат өлең түрлері де кеңінен жайылған. Қ.П. Жүсіп: «Әрине, лириканың жанрлық сипаты, жанр түрі ретінде дамуы сөз етілгенде, оның шартты түрде болсын ішкі бөлінісін: толғау; публицистикалық, немесе шолу өлең; дидактикалық, немесе үгіт өлеңі; арнау, хат өлеңі; сондай-ақ азаматтық лирика, көңіл-күй, табиғат, махаббат лирикасы болып тарамдалу мүмкіндігін т.б. ескеру керек», - деп жазады. Ал ХХ ғасырда жалпы лириканы тақырыптық тұрғыдан жанрларға жіктеу орнықты. Осы орайда С. Мақпыров: «Лирикалық шығармаларды тақырыптық тұрғыдан саралап, жіктеуге болады. Мәселен, қоғамдық-әлеуметтік, саяси мазмұндағы өлеңдерді әдетте азаматтық лирика, өмір-болмыс сырлары жайлы толғанысқа құрылған пәлсапалық лирика, ғашықтық-сүйіспеншілік немесе жеке бастық сезім күйлерін толғайтын өлеңдерді ғашықтық, әйтпесе интимдік лирика, көңіл-күй лирикасы, сондай-ақ, табиғат лирикасы деп талдау-таразылау әдебиеттану ғылымында бұрыннан бар үрдіс», - деп жанр мен тақырыптың үндестігін атап көрсетеді.
ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ лирикасының жанрлық сипаты дегенде, азаматтық, табиғат, махаббат, философиялық лирика деп жіктеп қарастырамыз. ХХ ғасырдың 20-40 жылдары жемісті еңбек еткен қазақ лириктерінің шығармашылықтарына көз салғанда олардың қай-қайсысының да айналып өтпейтін нысанасы бар екенін көруге болады. Ол – табиғат. Табиғат лирикасының алғашқы белгі, нышандарын халық поэзиясынан байқауға болады. Шындығында да, қазақтың халық поэзиясында табиғат суреті, жаратылыс көріністері үлкен орын алатыны белгілі. Бұлай болуы заңды нәрсе еді. Кең далада көшіп жүрген, күнделікті өмірі жылдың төрт мезгілінде де кең сахарада, ашық аспан астында, өзен-судың жағасында өтетін қазақтың өзін әрдайым табиғаттың аясында, бауырында отырғандай сезінуі таңғаларлық құбылыс емес. Жыраулар поэзиясында табиғат салыстыру, егіздеу тәсілі арқылы суреттелді. Табиғатқа, ондағы түрлі құбылыстарға арқа сүйей отырып, әлеуметтік-философиялық ойларға терең бойлаған жыраулар дәстүрі кейінгі жазба поэзияда да жаңа арнамен байыды. ХІХ ғасыр басында өмір сүрген Д. Бабатайұлы, М. Мөңкеұлы тәрізді ақын-жыраулар толғауларында табиғат қосалқы, жанама нысан ретінде негізгі ойға тірек болып, салмақты көркемдік жүк көтерді. Ал Ы. Алтынсариннің табиғат суретін жырлаған екі өлеңі жазба поэзиядағы табиғаттың реалистік қалпын берген алғашқы туындылар болып саналады. Дәл осы кезеңдегі бұл саладағы үлкен жаңалық ұлы Абайдың өлеңдері еді. «Ыбырай мен Абайдың жаз мезгілін бейнелеген өлеңдерінде табиғаттың сұлу суретін жалаң суреттемей, ел тіршілігімен байланыстыра жырлауын және тақырып ауқымынан шықпауын олардың жетістігі деп білеміз. Ал, тереңге үңілсек Ыбырай Алтынсариннің өлеңі жалпылау да, Абай салған картина нақтылы екенін байқаймыз», - дейді М. Әуезов. Абай пейзажды адам баласының өмір сүретін ортасы, әлеуметтік өмірмен, көшпелі тіршілікпен байланыста ғана суреттемей, адамның жан сезімімен ұластыра бейнеледі. Абай дәстүрі кейінгі ақындарға, оның ішінде С.Сейфуллинге бет түзеп, бағыт алар нысан болды.
Қазақ әдебиетінде, Абай шығармашылығында халықтың әлеуметтік тағдырын бейнелеген, адам сезімдерінің нәзік түйсінулерін көрсететін лирикалық шығармалар өте көп. Абай лирикасы кең көлемді мол қазына; биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Абай лирикасы сала-сала. Жалпы лирика деген ұғымға қандай қасиеттер тән болса, Абай өлеңдерінде соның бәрі бар. Абайды бірыңғай қайғының, яки қуаныштың ақыны деуге, не мұңшыл, не күлкішіл ақын деуге тіпті де болмайды. Абай лирикасында осының бәрі түгел, тұтас жатыр. Оның сырлы жырларындағы сәл ғана, ең бір жай сезінудің өзі оқырманның жан жүйесін, көңіл-күйін түгел тебіренте толқытып, барлық пернені түгел басып, барлық шекті түгел сөйлеткендей сайрайды. Бұл - ғажайып құбылыс.
Сонымен қатар, С. Сейфуллин, Ш. Құдайбердіұлы, М. Жұмабаев, I. Жансүгіров, М. Дулатов, С. Мұқанов, С. Мәуленов, Ә. Тәжібаев, F.Орманов, Ж. Молдағалиев, М. Мақатаев шығармаларында қазақ лирикасының көркемдік ерекшеліктері айқын көрініс тапқан.
Сурет: plus.google.com
Н. Айдархан