- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Қашағанның адамдар арасындағы...
Қашағанның адамдар арасындағы қарым-қатынас, адамның жас ерекшелігі туралы толғамдары
Қашаған Қүржіманұлы 1841 жылы қазіргі Түркіменстандағы Ташауыз кентіне жақын жерде дүниеге келіп, 1929 жылы Маңғыстаудағы Қырық кез деген жерде дүниеден өткен. Қашағанның шығармалары алғаш рет 1935 жылы “Әдебиет майданы” журналында жарияланған.
Қайсар тілді Қашаған ақын заманының ащы шындығын, әкімнен әділдіктің кеткенін осылай толғаған:
Тілінде бар жақсының
Діні кеткенге ұқсайды.
Өтірік сөздер көбейіп,
Шыны кеткен секілді.
Әкімнен кетіп әділдік,
Бай қайырсыз секілді.
Бай бермеске бекінді.
Қатындардың ұятын
Қыз, жігіттің ибасын
Шайтан алған секілді
Байлар жұтқа жолықса
Пақырды қуып қорлаған,
Зілден тапқан секілді.
Батыр оққа жолықса,
Аруағы кеткен секілді.
...Ай менен Күн қауысып,
Күн орнынан ауысып,
Қаңбақтай қара жер зыңырап,
Болмағай-дағы еді бір қауіп.
Қашаған ақынның өткір сықағынан молдалар мен билер өлердей қорқады екен. Осыны білетін бір кедей жігіт Қашағанға келіп:
– Ақын аға, менің жалғыз атымды бай ауылының есер жігіттері тартып алды. Арыз айтып Аймағанбет биге барайын десем, ол әлгі зорлықшылардың ағайыны екен. Аймағанбет қайтсе де ағайынына бұратын кісі көрінеді. Атымды кәйтіп аламын, ақыл беріңізші, – дейді өтініп. Сонда Қашаған әлгі жігітке:
– Шырағым, ныспың кім? – дейді.
– Ныспым Шоңқара.
– Ендеше, сен бидің алдына барып арызыңды айт.
Ол билігін бастамай тұрғанда, мына бір ауыз өлеңді айтарсың:
Менің атым Шоңқара,
Қырын келмей, оң қара.
Төрелікті түзу бер,
Туғаныңа соң қара.
Кедей жігіт Аймағанбет биге барып, ақын үйреткен өлеңді айтып жібереді. Бұрылар жері қалмаған би дұрыс төрелік айтып, жігіттің атын қайтарады.
Қашаған Күржіманұлының жас ерекшеліктері туралы да тамаша айтылған толғамдары бүгінгі таңға дейін ел аузында.
Жетпіс беске келгенде
Құртады екен әліңді,
Сорып алады екен қаныңды,
Кім көріпті мұндай залымды?!
Жетпіс беске келгенде
Әл кетеді екен жағыңнан.
Жиырма бес, отыз күніңде
Өз денең өзіңе тура бағынған.
Дөнбекшисің түн бойы,
Жамбасыңа жай таппай.
Бұл өмірдің жұмағы,
Жігіттік, кеттің қай жаққа-ай?!
Көңілің келмес көнгісі,
Жетпіс бес бірақ тыңдай ма?!
Сыбырласып, сыңқылдап,
Баяғы күліп-ойнайтын күн кайда?
Осы күн жолдас болдым сексенмен
Жатқаным - жанға жақсы жантайғаным,
Шаршатты сексен деген майталманың.
Қасымнан қыз, келіншек кетпеуші еді,
Қарасам, осы күнде біреуі жоқ,
Япырмай, қайда кеткен «сайтандарың»?!
Бұл дүниеде не жетім?
Бұл дүниеде не жетім?
Кім қажетсіз болса, сол жетім.
Хакімі әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.
Ел қонбаған жер жетім.
Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Қартайған күнде ер жетім…
Қашаған Күржіманұлы ғибратты ғұмыр кешіп, өткір тіл, парасат және қара домбыра қару болған рух майданында жоғары адамгершілік құндылықтарды ту етіп, халқымыздың орынды мақтанышына айналған ерекше тұлға.
Сурет: baq.kz
Ж. Исакаев