- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Қашаған өлеңдеріндегі ізгілік...
Қашаған өлеңдеріндегі ізгілік қасиеттердің дәріптелуі: «Сақыпқа айтқаны» өлеңі
Қашаған жырау ХХ ғасыр басындағы қазақ жырының белді өкілдерінің бірі. Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы Түрікменстанның Ташауыз қаласына жақын жерде дүниеге келген.
Қашаған өлеңдерінде надан, дінбұзар, дүмше молдалар мен сараңбайларды аяусыз әшкерелеп адамгершілік, ізгілік қасиеттерді дәріптейді.
Қашаған жасы жетпістен асқан шағында Шеркеш руының бір қыз ұзату тойына барады. Сақып дейтін жас ақын Қашағанға жол бермей, тойды өзі бастайды. Сақып тойбастарды аяқтай бергенде, оның әдепсіздігіне ренжіген Қашаған өлеңді төгілте жөнеледі:
Ей, шырағым Сақыпжан,
Сөз басталмайтын ба еді ағадан,
Жауапқа кәміл данадан?!
Ағасын іні қор тұтқан,
Өз көңілін зор тұтқан
Шығып па еді тәртіп жаңадан?
Бұл өлеңде Қашаған жырау жыршылдықтың жоғары үлгісін көрсетіп, ағаны сыйламайтын өркөкірек кішіге налиды. Зердесі төмен, ел сыйлаған үлкенді ардақтап, құрметтей алмаған Сақып ақынды елдің ері мен биі жазалауы керек екенін ескерте келіп:
«Қара бүркіт, қаршыға,
Қартайып жасы жеткенше,
Бұйрықты күні біткенше
Алатын аңын қоймаған.
Ашуы келсе, аң алып,
Төс етін жемей, төрт тартып,
Жемсауын қимай, бір қарпып.
Жеген жемге тоймаған» деп жырлайды.
Қазақ жырының кәусар бұлқтарының бірі болып саналатын жырау халқымыздың салт-дәстүрі, тарихы, арман-мұңын жеріне жеткізе жырлап, оның өлеңдері оқыған мен тыңдағанды еліктіре түседі.
«Сақыпқа айтқаны» өлеңінде ақын былайша төкпелейді:
«Жас жетпіске келгенде,
Сақалға шалғырт енгенде,
Сен, бала, менің үстімнен
Шауып өтіп жол салып,
Байрағыма қол салып,
Бұл күн де бізге тұс келген.
Жаңа талап, жас жігіт,
Омыраулап тойды бастадың,
Қашаған бар деп саспадың,
Тұр ғой деп жүйрік қашпадың.
Лайық па өзіңе
Ақ сақалды ағаңды
Аяғыңа басқаның?
Бірақ пайда берсе игі еді
Менмендік жеңіп тасқаның»,- деп жырлайды. Жыраудың әрбiр шығармасы қазақ халқының тарихы мен танымынан сыр шертіп, олардан ақпарат береді. Қашаған ақын өз халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Онымен тағдырлас, тілеулес болды. Халықтың ішіндегі кері кеткен жайттер жыраудың жүрегін баспай өтпеді. Ақын назарынан тыс қалған дүние болған жоқ. Қанағатсыз бай мен биді, надан молданы, жемқор болысты сынап, жер-жебіріне жетті. Оның ел ішіне кең таралған өлеңдерінің бірі - біз жоғарыда мысал келтірген «Сақыпқа айтқаны» деп аталатын өлеңі.
Сурет: bitanazamat.com
M. Auelkhan