Қашаған Күржіманұлы – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі үлкеннен естігенін ойына тоқып, түйсігіне түйген Махамбет сарындас ақпа ақын.
Оның «Қонақ кәде» өлеңі 7-8 буынға негізделген. Өлең күрделі теңеулермен өрілген. «Алтыннан құйған асықтай», «күмістен құйған қасықтай», «құбылған беті мақпалдай», «солқылдаған жас талдай», «тауға ойнаған бұлбұлдай», «қастары қама құндыздай», «көздері Шолпан жұлдыздай» деген эпитеттенген теңеулерді кездестіре аласыз.
/Кейбір қызға / қарасам/ 7б
/Алтыннан құйған / асықтай/ 8б
/Күмістен құйған / қасықтай/ 8б
/Кейбір қызға / қарасам/ 7б
/Құбылған беті / мақпалдай/8б
/Сымбатына / қарасам/ 7б
/Солқылдаған / жас талдай/ 7б
/Кейбір қызға / қарасам/ 7б
/Тауға ойнаған / бұлбұлдай/ 7б
/Қастары / қама құндыздай/ 8б
/Көздері / Шолпан жұлдыздай/ 8б
/Арманы болмас / жігіттің/ 8б
/Алғаны болса / сол қыздай/ 8б
Сұлуға сүйсіну, таңдану, оның көркемдігіне өлшем табу осы өлеңнен көрінеді. Әр аруды керемет құбылыстарға теңейді. Әр жігіттің арманы деп көрсетіп, сұлулықты таниды. Поэтикаға жақын жандар адам баласы көре бермейтін тың дүниелерді көреді. Олардың сұлулықты басқа құбылыстармен әсерлі етіп беруі содан да болар. Халықтық эстетиканы жете түсінген Қашаған Күржіманұлы әйел бейнесіндегі әр детальды табиғаттың бөлшектеріне теліп, теңейді. Табиғилықты айтып келе жатып, соңында бір жігітке серік болса деген ойын айтады.
Ал «Атамекен» өлеңі де 7-8 буынға құралған. Жыраулық сарыны бар ақынның бұл жырынан «өткен кәрі», «тарихтың ескі ақпары», «қайырлы халық», «кең ой», «кең бой», «атамыз қонған жер», «көршілес елдер» сынды эпиттерді байқайсыздар. «Алты су» деп судың санын емес, өзен-көлдің көптігін айтады. «Алты алаш», «алты құлаш» деген тіркестерде де көп деген семантикамен түсіндіріледі. «Көтеріп көшкен іргені, Жиынды ноқта,сіргені» дегендегі «ірге, ноқта, сірге» сөздері белгілі бір заттың бөлшегін білдіреді. Яғни, оны синекдоха деп танимыз.
/Әлеумет / барда арыным/ 8б
/Айтқанын / өткен кәрінің/ 8б
/Барынша / айтып берелік/ 8б
/Жеткізе алсақ / сарынын/ 8б
/Көзім көрген / адамда/ 7б
/Абыл /Нұрым /Ақтаным/ 7б
/Осылар еді / тақтағым/ 8б
/Осылай деп маған / үйреткен/ 9б
/Тарихтың ескі / ақпарын/ 8б
/Қазақ бір деген / ел едік/ 8б
/Қайырлы халық / атанған/ 8б
/Үш қожаның / тұқымы/ 7б
/Өсіп-өнген / қатардан/ 7б
/Үйсін/ Арғын / Алшын деп/ 7б
/Үш жүз болып / атанған/ 7б
/Әзіреттің / кең ойы/ 7б
/Алты судың / кең бойы/ 7б
/Атамыз қонған / жер екен/ 8б
/Көршілес елдер / жау болып/ 8б
/Ойлағаны / дау болып/ 7б
/Кетіпті бір кез / берекем/ 8б
/Алғыр судың / бойында/ 7б
/Алшын деген / аз ауыл/ 7б
/Қытайменен / жау болып/ 7б
/Көшіпті салып / қарауыл/ 8б
/Аттың мініп / жарауын/ 7б
/Көтеріп көшкен / іргені/ 8б
/Жиынды ноқта / сіргені/ 8б
/Қарттар мен ерлер / жиылып/ 8б
/Ортаға салған / білгенін/ 8б
Өлеңнің мән-мағынасына келер болсақ, тақта отырған ел басыларын айтып, Үш жүзін, ордалы мекенін, елін, оның қасиетін айтып келіп, жау төнгенін жырға қосады. Бұрында үлкендерден естіген тарихын ұрпағына аманат етіп жеткізеді. Тарихта қалған Абыл, Нұрым, Ақтан сынды тұлғаларды, олардың кезіндегі ұлтымыздың мықты халық болғанын, Үйсін, Арғын, Алшын ұрпақтары боп тараған Үш жүзді аса мақтанышпен айтады. Көрші жатқан елдері жау атанып, елдің құты қашқанын өзі арқылы суреттейді. Алшын жұрты Қытаймен жау болып, асыл ерлердің ақыл айтып, сірге, ноқталарын жиып, дайындалғанын суреттейді.
Оқи отырыңыз:
1. Ұлттың рухани жаңаруы және сөз бостандығы (тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет)
2. Мағжан Жұмабаевтың «Туған жер», «Сен сұлу» өлеңдеріне талдау
3. Мұхтар Әуезовтың адам мінезін ашудағы психологиялық ізденістері
4. Теңеу, эпитет, толғау туралы ұғымды кеңейту
Cурет: shkolazhizni.ru