Қазақ халқының революцияға дейінгі азаматтық тарихы мен рухани өміріндегі ақын-жыраулар атқарған қызметі, тындырған ісі ерекше көзге түседі. М.Әуезов 1927 жылы Қызылорда қаласынан шыққан «Әдебиет тарихы» еңбегінде жырау атағына ие болған шығармашылық өкілі өз ортасында ерекше салмағы бар қоғамдық тұлға екенін айтып, оның негізгі атқарар функциясы «өлеңшілік емес, елге басшылық істеп, басалқы айту болатын» дейді, олар хан қасындағы «қалың елдің ішінен қосылған қариялар кеңесінің» өкілі деген тұжырым айтады.
Кейін осы тақырыпта қалам тартқан академиктер Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, З.Ахметов, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Дербісәлин еңбектерінде жеке авторлар туындылары ғана емес, жалпы жыраулық шығарманың ақындық поэзиядан негізгі ерекшелігі – жырау атанған автордың тек үлкен эпостарды жырлайтындығымен ғана емес, елдің іргелілігі үшін күресетін ақылгөйлік, көрегендік, даналық сөздер сөйлейтін көсемдік табиғатымен тікелей байланыста қарастырылады.
Жалпы жыраулар поэзиясы туралы зерттеудің бас-аяғы мұнымен шектелмейді. 1941 жылы жарық көрген профессор Б.Кенжебаев, соңғы жиырма жылдың ауқымында жарияланған профессор Х.Сүйінішәлиев, филология ғылымдарының кандидаттары М.Мағауин, Қ.Сыдиқов, М.Жармұхамедов, Ө.Күмісбаев, Е.Тұрсынов, С.Дәуітов зерттеулерінің де тек жекелеген жырауларды ғана емес жалпы жыраулар туындыларының көркемдік қыры мен сырын, дәстүрлік аясын тануда атқарар қызметі зор. Жалпы «жыраудың» табиғатын терең зерттеген М.Мағауин болса «Жыраудың ең сүйікті жанры – толғау» дей отырып, «Толғау – толғану, толғаныс деген мағынаны білдіреді. Толғау ойға да, сырға да құрылады» деп ерекше тоқталып өтеді.
Сонымен бірге, жыраулық поэзияның мерейін көтеретін бірден бір жанр үлгісі – толғау жанры хақында Ә.Дербісәлин арнайы зерттеу жазып, Б.Әбілқасымов кандидаттық диссертация қорғап, кейін сол жұмысының негізінде жеке монографиялық зерттеуін жарыққа шығарды. Әрине, осы жұмыстардың қайсысы болмасын жыраулар мен ақындардың революцияға дейінгі қазақ поэзиясына қосқан өзіндік үлестерін айқындауда ерекше мәні бар елеулі еңбектер екендігі даусыз.