Жарасқан Әбдірашев поэзиясының көркемдік сипаты

Жарасқан Әбдірашев поэзиясының көркемдік сипаты

Жарасқан Әбдірашев 1948 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Аманөткел ауылында дүниеге келген. 1969 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Лениншіл жас» газетінің әдебиет пен өнер бөлімінде, «Жалын» альманахының поэзия және сын бөлімінде редактор, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 21 жасында КСРО жазушылар одағының мүшесі болды.

1970-жылдары қазақ поэзиясына өзіндік үн, ерекшелігімен келген ақындардың қатарында Жарасқан Әбдірашев есімі ерекше аталары хақ. Ақын лирикасына тән ерекшелік асқақ пафос, өр екпін, шешендік толғамдар.

Жарасқан Әбдірашев шығармашылығы туралы әдебиет зерттеушілері мен сыншылары тарапынан пікірлер айтылып келеді. Әдебиетші ғалым, профессор Б. Майтанов: «Қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың 70-жылдарына қарай еркіндей басып, еркелей келген дарынды жас Жарасқан Әбдірашев болатын» дей келе, ақын поэзиясының көркемдігі мен тілі, шеберлігі туралы ой қозғайды. Ақынның соңғы мұрасы – «Құлпытас немесе екі дүние: фәниден бақиға дейін...» атты жыр кітабы. Ұлттық поэзиямызға үлкен жаңалық болып қосылған бұл жинақтағы эпитафиялық өлеңдер Жарасқан қаламына тән рух асқақтығын барынша айқын танытты. Қайсарлық пен табандылық, тәкаппарлық пен ірілік, асқақ пафос, шешендік толғаныс – осының бәрі бірігіп келіп ақынның романтикасын нақтылай түсті. Романтикаға тән «ерекше жағдайда ерекше характер жасау» принципі Жарасқан Әбдірашевтің «Құлпытас» жыр жинағынан барынша көзге түседі.

Қақ төрінен орын алар тарихтың

Есімдерін ерендер мен алыптың

Жазбау керек қағазға да, басқаға,

Жазбау керек тіпті қара тасқа да,

Жазу керек жүрегіне халықтың!

Жарасқан Әбдірашевтің романтикасы реализммен астасып жатады. Ақынның әр жылдары жарыққа шыққан жыр жинақтарына назар салғанда, үздіксіз ізденісті, көтеріңкі пафоспен өрілген шешендік үлгідегі поэтикалық сөз тіркестерін молынан ұшыратамыз. Мағжанға тән терең сыршылдық, адамның ішкі болмысына үңіліп, оны бейнелеп, айшықтап көрсету тәсілі ақын лирикасында жаңаша қырымен түрленеді.

Жарасқан Әбдірашев поэзиясының бір саласын құрайтыны – ақынның эпиграммалары. Түп тамыры антикалық әдебиеттен басталатын бұл жанр, ақынның өзі сипаттағандай «ежелден мәдениетті Еуропа поэзиясына жеңіл қалжыңның желбегейін сыпырып тастап, сатираның жалаң қылышын жанына байлаған жалаңтөс батырлығын байқата келген. Оның бұл мінезін барынша дамытып, халық алдындағы абыройын аяққа бастырмай, керісінше, «есіктегі басын төрге шығарғандар» француз әдебиетінде Ф. Вольтер, Ж. – Ж. Руссо, Э. Лебрен, орыс әдебиетінде В. Тредиаковский, А. Кантемир, М. Ломоносовтар». Аталмыш жанрда шеберліктерін сынап көрген көптеген ұлылардың есімдерін, олардың ішінде А.С.Пушкинді атауға болады. Ұлттық әдебиетіміздің тарихына назар салсақ, эпиграмманың элементтері ілгеріде-ақ бой көрсеткенін байқаймыз. Бұл салада Абайдың «Көжекбайға», «Шәріпке», «Жақсылыққа», «Қара қатынға», «Дүтбайға» сияқты өлеңдерін атауға болады. Бұл жанрға аздап болса да қалам тартқандар С. Торайғыров, С. Дөнентаев, М. Жұмабаевтар болды. М. Жұмабаев эпиграммалары белгілі дәрежеде кәсіби тұрғыда жазылған туындылар. Сондай-ақ С. Сейфуллин, І. Жансүгіров қаламдарынан да эпиграммалар туды. С. Ерубаев, Қ. Аманжолов эпиграммалары осы жанрдағы биік деңгейдегі туындылар болды. Қазақ әдебиетіндегі эпиграмма жанры туралы айтқанда Ж. Әбдірашев есімі алдымен аталады. Себеп – бұл жанрдың ұлттық әдебиетімізде жанр ретінде тамыр жаюына ақынның үлесі зор.

Жарасқан Әбдірашев эпиграммалары «Әзілің жарасса...» деген атпен 1989 жылы басылып шықты. Кейіннен 2001 жылы шыққан «Құлпытас» жинағына енді. Ақын эпиграммаларында қаламдастар болмысы мен мінезі кейде уытты әзіл, кейде ащылау сықақ арқылы өрнектеледі. Мысалы, Сырбай Мәуленовке жазылған эпиграммасы:

Зауқы жоқ мүлде сусынға

Өзінің өзі уысында

Жырының бірақ қызуы

Баяғы гра-ду-сында –

деген орынды әзіл түрінде келсе, Хамит Ерғалиев туралы

Жалған айтып ендеше

жалпылдама делбеше,

Естімеген ешкімнен

«сөз» естігің келмесе –

дейді. Эпиграммаға керегі – сөзді ойната білу, тапқырлық, қысқа да болса нұсқалық болса, осы шарттар толығымен Жарасқанда сәтімен үйлескен.

Жарасқан Әбдірашев – қазақ әдебиетіндегі әзіл-оспақ, эпиграмма жанрын тың өріске шығарып, жаңа биіктерге көтерген ақын. Оны кәсіби әдеби орта ғана емес, көзі қарақты оқырманның бәрі біледі. Жарасқан Әбдірашев туралы пікір айтқан ғалымдар мен сыншылар, ақындар мен жазушылар оның қазақ әдебиетінде жаңа бетбұрыс әкелгендігін, арғы-бергі қазақ поэзиясының ең озық үлгілерінен терең үйренгендігін, өзінің ақындық әлемін ашу арқылы әдеби құбылысқа айналғандығын ашық айтады.

Жарасқан ақын шығармашылығын сан қырынан қарауға болады. Жалғыз эпиграмма жанрында ғана жазған жоқ. Балалар әдебиеті мен аударма саласындағы еңбегін де ерекше атап өтуге болады.

Жарасқан Әбдірашев – халық тіршілігімен қатар толғанған өзекжарды туындыларында  туған дала тынысы мен туған тілдің құдіретімен үрдіс алған  азамат ақын дәрежесіне көтерілді. Мұндай өрелі биіктікті алуда ақынға «көмекке келген» - көркем айшықты сөз, шұрайлы да шұғылалы  ана тілі. «Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан  тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі  қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден-бір сөз табу  - шебер суреткердің қасиетті парызы» - деген З.Қабдолов.  Жарасқан – тіл құнарлығы мен ой тереңдігін, поэзия рухын қатар меңгерген тума талант иесі. Оның  өлеңдерінде  биік  азаматтық  сарын бар,  халқымен бірге  қуану, халқымен бірге  азаптану бар. Ана тілінің  қарапайым әрі  қастерлі  сөздерімен жан  дүниесін  тереңнен ашып, небір асыл  ойларды  сыр сандығынан ақтара ұсынады.

Ойлан!

Ойлан!

Ойланып жаса қадам!..

Аса кірсіз болмаса,

аса  надан –

қатесінен,

қыруар азабынан

қартайғанда қашады,

сасады адам...

Халық тілінің бай  мұрасынан сусындаған Жарасқан ақынның  қай өлеңін  алсақ та  сұлу сарын мен өмірдің  реалды  шындығы   осылайша  жігі білінбей жымдасып жатады. «Адамда екі түрлі  қылықтың  жолы бар,  бірі  - тіршілік  қамы,  бірі – адамшылық  қамы», - деген М.Әуезов. Ал сол адамшылық – Жарасқанның  азаматтық  ұраны.

Біреуде бар,

біреуде жоқ –

қасиет көп адамда...

Сұрадың ба?

Сұрау керек

Ең бастысын одан да!

Қасиетсіз болмас кісі,

тартсаң  бірақ тереңнен:

адам үшін

ең бастысы –

Адамшылық дер  ем  мен! – дейді  ақын.

Заманымен бірге тұрып, бірге өрген Жарасқан Әбдірашев – егемен елдің жастарына  ата сөздің  асылын, ата салттың үрдісін салиқалы жыр  жолдары, құдіретті  көркем сөз арқылы  жеткізген, жаңа ұрпақты  рухани биіктеу жолына бастаған мейірім-шапағаты мол ақын.

Жарасқан - лирик ақын. Бірақ ол поэзияның басқа салаларына да қалам тербеді. Бұл орайда, ең алдымен оның эпиграммалары болғаны даусыз. Оның «Құлпытас» - топтамасына 255 эпиграммалары енген.

Мен келдім бүгін сендерге-

Өлеңімді алып бұлқынған!

Мен келдім бүгін сендерге-

Әлемімді алып сыр тұнған!

Мен келдім бүгін сендерге-

Тағдырымды алып тербеткен!

Мен келдім бүгін сендерге-

Жаңбырымды алып селдеткен! - деген жолдарды оқығанда тебіренбей тұра алмайсың. Ақынның артында оннан астам жеке жинақтары, үш томдық таңдамалы кітаптары қалды. Соның барлығын не бәрі 53 жасында жазып үлгеріпті. Иә, тағдырға не шара, Жарасқан найзағайлы жырларымен есте қалды. Оның бостандықты, егеменді, мәңгілік бірлікті, өмірдің жақсылығын, болашағын армандаған өлмес өлеңдері арқылы-екінші ғұмыры, мәңгілік шығармашылық ғұмыры өзі сүйген халқының рухани азығы болып қала береді, өмір сүре береді.

Сурет: ulduz.su

Оқи отырыңыз

Оралхан Бөкейдің өмірі мен қызметі, алғашқы әңгімелері мен повестері

Мұқан Иманжановтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы

Әсет Найманбаевтың өмірі мен шығармашылығы

Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романындағы ел бірлігі, ұлт мүддесі мәселелері

О. Сансызбай