- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Жанақ - ескі...
Жанақ - ескі халық жырларын дәріптеуші
Кеңес тұсында Жанақтың ақындық өнері С.Сейфуллиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Х.С.Сүйінішәлиевтің назарын аударған. С.Сейфуллин "Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары" жинағына "Жанақ пен Түбектің айтысын" кіргізген. Жанақ айтыстары - ақындар бас қосқан жиындарда сөз таластыру, ұтымды сөз айту өнерінің жарқын бір көрінісі. Оларда үлкен әлеуметтік мәселелер көп қозғалмайды, ақындар әрқайсысы өз елін, руын мадақтап, екінші ақынға өзін үстем көрсетуге тырысады. Жанақ ескі ақындық дәстүрді ұстап, ел арасында сауық құрып, елдің сый-сияпатын көрген. Сондықтан оның өлеңдерінің көбі арнау күйінде, белгілі бір жағдайға байланысты туған. Бұл ақынның суырыпсалмалық өнерімен қатар, сол кезеңнің әлеуметтік құбылыстарға өз көзқарасын танытқанын дәлелдейді.
Өзінің "Айтыстар" туралы еңбегінде С.Мұқанов та Жанақтың айтыстағы өнерін зор бағалаған. Сонымен бірге С.Мұқанов ақынның көптеген өлеңдеріне зерттеу жүргізеді. "Айтысқа араласқан Шортанбай, Жанақ, Мұрат, Марабай, Сүйінбай сияқты ақындардың айтыстан басқа өлеңдеріне қарағанда, олар жалғыз айтыста ғана емес, өз заманының барлық күнделікті тіршілігіне араласып, халықтың жақсылығын дәріптеуші, кемшілігін сынаушы, тарыққанда ақылшысы, қуанғанда сайраушысы болғанын байқаймыз", - дейді.
Жанақ өміріне байланысты жаңа деректер жинап, оның шығармаларын талдап тануда Х.Сүйінішәлиев те біршама пайдалы жұмыстар атқарды. Зерттеуші еңбектерінде ақын шығармасына арналған арнаулы тараулар берілген. Жанақ Сағындықұлы анықталған мәліметтер бойынша, 1770 жылы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Темірші болысының 6-аулында туған. Жанақтың Арғын ішінде Қаракесек, одан Қамбар болып тарайтыны Ш.Уәлиханов деректерінде бар. Сол зерттеудің екінші бір жерінде өлең үлгісін әңгіме ете отырып, Шоқан: "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" атты белгілі поэманы маған атақты Жанақ өлең түрінде айтып беріп еді", - дейді.
Жанақ ақынның шыққан тегі кедей шаруадан. Ата-анасы кешкен жоқшылық өмірді ақын да көріп өскен.
"Жасымда кедейліктен жедім таяқ,
Жалаң бас, жамау дамбал, жалаң аяқ.
Кедейлік қыршаңқы аттай топтан қуып,
Үйірге қосыла алмай жүрдім саяқ", - деген ақын өлеңінің жолдары оның шыққан тегін танытқанымен, ол жоқшылыққа мойымай, ақындық, жыршылық өнерге бой ұрған. Оның қобызбен суырып салып айтқан жырлары елдің көбін тәнті еткен. Ақын халық ішінде, хан, қара алдында сыйлы болған.
"Жақсы десін, мейлі жаман десін,
Жанақты бұл үш жүздің ұлы білді.
Хан, қара мен сыйлады би-төресі,
Болмаса сыйлар ма еді сөзім бұлды", - деген өлең жолдарынан-ақ ақынның халық алдындағы абыройы байқалады.
Жанақ - ескі халық жырларын дәріптеуші. Бұған Жанақ ақын арқылы жеткен "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жыры дәлел. Көне халық жырларын айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізудегі Жанақ еңбегін зор бағалаған Мұхтар оның айтуындағы "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жыры нұсқасының көркемдігіне аса зор мән береді. М.Әуезовтің айтуынша, Жанақ бұл жырды бұрынғы аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, қайта жырлаған.
Жанақ Сағындықұлы 1856 жылы қазіргі Қарағанды облысының Токаревка селосы тұрған жерде қайтыс болған, бұл жерді бұрын "Хансүйегі" деп атаған екен.
Ж. Исакаев