Жамбыл Жабаевтың «Кедей күйі» өлеңіндегі замана шындығының көркем жинақталуы

Жамбыл Жабаев – қазақтың айтыс өнерінің аса көрнекті өкілі. Оның әсем жыр әуені мен шалқыған домбыра сазынан қазақ халқының үні естіледі. «Жамбылың», «Алатаудың ақсақалы» деп сөйлейді Жамбыл қалың тыңдаушы жұртшылығына. Оның өлеңдерінде өз тағдыры мен ел тағдыры ұштаса келіп, жыр мазмұнының сомдалған бір тұтастық негізі қалыптасады. Жамбыл үнемі халықпен болды. Халық жайын, ел күйін зор шабытпен асқақтата жырлап, қазақтың ақындық өнерінің үлгісіне түсіріп, көркемдікпен айшықтай білді. Жамбыл 1846 жылы туған. Ақпанның үскірік боранында атасы Ыстыбайдың ауылы үдере көшіп жатқан шақта сәби дүниеге келіпті. Ыстыбайдың немересі, Жабайдың үшінші перзенті, болашақ даңқты ақын Жамбыл тауының етегінде туғандықтан Жамбыл есімімен аталады. Жамбылдың балалық шағы да, бар ғұмыры да Жетісу жерінде өтті. Жамбылдың ақындық өнерге әбден ден қойып жетіле бастаған кезінде, өткен ғасырдың қырқыншы–алпысыншы жылдарында мысқыл-сын, сатиралық әшкерелеу Жетісу ақындарының шығармашылығынан айқын көрінеді. Жамбылдың алғашқы ұстазы, атағы қазақ арасына кең жайылған Сүйінбай ақын. Жамбыл Сүйінбайдан ең алдымен суырыпсалмалық қасиетті бойына дарытып, шешендік пен тапқырлықты қоса үйренді. Жетісудың және бүкіл Қазақстан ақындарының арасында өріс алған – лирикалық, дидактикалық, эпикалық жанрлардың үлгісін меңгереді. Жамбыл өлеңдерінің өткірлігі де ұстаз әсерінен.

Жамбыл Жабаевтың бұрын-соңды шығарған өлең-жырларының ұшы-қиыры жоқ. Бірақ, өкінішке орай қағазға түспегендіктен көбі ұмытылған. Оның шәкірттерінің есінде қалғандарынан жазып алынғаны отызға тарта өлең, он екі айтыс, екі дастан ғана. Жамбыл поэзиясының дені – әлеуметтік сарын болып келеді. Ол байдың байлығын, мықтының мықтылығын екшеп отырмаған, көрер көзге айқын әділетсіздік пен мінін тура жырлаған. Халықтың кем-тар күйіне жаны ашыған ақын бұл тақырыптан алыстап кетпеген. Жамбылға дейін де сықақшыл, шенегіш ақындар болған. Сүйінбай Тезек төрені әлденеше рет әшкерелеген. Шөже ақын өзінің өткір өлеңдерінде жемқор Дәукені айрықша айыптаған. Қулық пен зорлық-зомбылықтарын, барымтаны батырып сынаған. Ақын олардан осы әдісті әбден жете үйренген.

Бізге жеткен шығармаларының ішіндегі «Кедей күйінен» де ақынның таптық ықыласының еңбекшілер жағында екендігін анық көреміз. XIX ғасырдың соңғы ширегінде ел өміріне елеулі өзгерістер ене бастайды. Қазақ даласына қанатын жая бастаған капитализм ескінің патриархалдық қалдығын ығыстыра түседі. Феодалдар мен ру ақсақалдар ел билеушілерге айналады. Бұқара тынысы күннен-күнге тарылады. Халық наразылығы күшейе береді. Ақындық өнері шыңдалып, заман сырын ұққан Жамбыл ендігі өлеңдерін жағдайға байланысты жаңарта қолданады. Халық мүддесін аяққа таптаушылар ақынның нағыз көздеген нысанасы. «Кедей күйі» Жамбылдың үстем таптың белгілі өкілдерін әдемі әшкерелеген туындысы болып саналады.

« Қайтіп жаның ашымас?
Неткен заман қатыбас?
Еткен еңбек, төккен тер,
Қалай түкке татымас?»

Кедейлердің мұндай күйіне жұт қана себепші емес, ел билеп жоғарыдағылардың сойылын соғып отырған бай, төрелердің де ықпалы екенін көре білген. Сондықтан реті келген жерде сынап отырады, халықты кіріптар етіп отырғандығын бетке басады. Болыс, билердің елге қырсық төндіріп отырғандығы өлеңін оқып отырғанда-ақ көз алдыңда тізбектеледі. Ақын шығармасын езілген еңбекшінің тұрмыс-ахуалы түзеледі деп үміттеніп, жәбір-жапа шегушілердің мүддесін қорғап жазады. Қарапайым адамдардың қаһармандық образын, бай-манаптардың сатиралық бейнесін жасады. Жамбыл өмір шындығының жалынды жыршысы болды. Бұл оның өз замандастарының нағыз тұлғасын жасауына, жаңа тақырыпты көтеріп, оны игеруіне, халқын жаңа жолға сілтеуіне мүмкіндік берді. Еңбекші бұқараның мұңын жырлаған ақынның әлеуметтік, азаматтық үні барған сайын нығая бергеніне көзіміз жетеді. Мысалы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» атты екі өлеңі Жамбылдың халық ақыны, халық жыршысы болғандығын дәлелдейді. Патшаның жазалаушы отряды күш салып, халық дағдарысқа ұшыраған шақта көну керек пе, қорлықта өлу керек пе дегенде би, болыстардың опасыздықтарын көріп:

«Енді ойласақ не қалды,
Ата жұрттан кету бар.
Жолға тігіп не жанды,
Тәуекелге беку бар», - деп жырлайды. («Патша әмірі тарылды»)

«Тәуекелге бекіп», көтеріліске дем берушілердің қатарында Жамбыл өзі де болып, абақтыға түскені бар. Жамбылдың рухани қайта жасауы, шырқауы қазақ халқының өркендеуінің жемісі деп білеміз.

Сурет: moldir-bulak.kz

Оқи отырыңыз:

Темірхан Медетбек лирикасының тақырыптары, жанрлық ерекшеліктері, поэзиясындағы көне түркілік сарын

Сәкен – қазақ мәдениеті мен тарихында қайталанбас өзіндік орны бар азамат

Ұлттың рухани жаңаруы және сөз бостандығы (тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет)

«Оянған өлке» романындағы жазушының адам портретін жасау шеберлігі, тіл көркемдігі, стилі