Жамбыл– өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған "Шағым", ақындық жолына рұқсат сұраған "Әкеме", "Менің пірім Сүйінбай" деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – "Айкүміспен айтысы", сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған.
Жамбыл Жабаев пен оның шығармашылығы туралы айта берсеңіз, ақтарылар ойдың шегі шеті жоқ. Осылардың ішінен, біз, дүмше молданы мысқылдап шығарған "Шағым" өлеңіне талдау жасаймыз.
Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жон жағым,
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай,
Жыртар болды тонымды.
Тілің ащы бала деп,
Қайнатты әбден сорымды.
Оқымай-ақ кетейін,
Байламаңыз жолымды.
Алдыңыздан өтейін,
Не жазып ем сол ғұрлы?!
Оқымаймын молдадан,
Екі иығын қомдаған.
Бала келсе сабаққа,
Жем аңдыған дорбадан.
Ақ сәлдесі басыңда,
Боз інгендей боздаған.
Қайтіп сабақ береді,
Айтқаны ішке қонбаған.
Оқығанша мен одан,
Домбыраны қолға алам.
Өлең кірген түсіне
Жөргегінде мен болам.
Қинама, әке, қинама,
Болмас енді зорлаған!
Мысқыл сарынында жазылса да, бұл өлеңнің астарында үлкен ой жатыр. Сол кездегі дүмше молдалар, олардан қорқып сауатын аша алмаған талай жас жеткіншектер жайлы, тек өз басынан өткенін баяндап тұр. Нақтылап айтсақ, сол кездің балалардың атынан қоғамға шағым айтып отыр. Олардан таяқ жеп жүргенімше домбыра ұстап, халықтың мұңын айтайын дейді. Ал өлеңнің көркемдік болмыс-бітіміне келер болсақ. 7-8 буынға негізделген. «Торсылдатып танадай», «Боз інгендей боздаған» деген сынды теңеулер мен «Ақ сәлдесі», «Тілің ащы бала» деген эпитетті тіркестер бар. Сыртқы формасы термеге ұқсас. Өйткені, автор Жамбылдың дарынында айтыс және жырау сарыны байқалады ғой.
...Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жон жағым,
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай… Мына шумағында аллитерациясының қысқа берілгенін көреміз. Өлең аса көркемдік ерешлеіктермен өрілмесе де, айтылар ой дәл, бейнелі, оқырманға жайтты көз алдына әкелетін қасиетімен жазылған. Осы тұсымен талдауда ерекшеленді.
Сурет: soceval.ro