Иранбек Оразбай (Иран-Ғайып) поэзиясындағы шеберлік үрдістер

Күллі қазаққа Иран-Ғайып есімімен танылған ақынның шын аты-жөні Иранбек Оразбаев екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол қазақ өлеңіне өндірте жазумен ғана емес, өзінше, өзгеше жазуға ұмтылысымен де танылған талант.

Иран-Ғайып шығармашылығының ерекшелігі – лирикалық туындыларында бүкпесіз ақтарыла жазып, өзіне шүбәсіз сендіре білу құдіретінде. Оның өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі айырықша зор. Құбылтудың, әрі айшықтаудың тобына жататын көркемдеуіш құралдарын қолдану мен көркем сөз-образдарын жасауда ақынның шеберлігі еш ақыннан кем емес, керісінше өзіндік бояуы қанық.

Иран-Ғайып өнердегі тазалықты, ақиқатты қалайтын ақын. Өзіне қойған талапты өзге де ақындарда болса деп армандайды. Ақынның тыныс-тіршілігі, арман-тілегі әр өлеңінде көрініс тапқан. Ақын «Сөз патшасы» деген өлеңінде қазақтың бас ақынын пір тұтып, табынатынын айта келе, Абай шығармашылығын өз өлеңдерінің шамшырағы көретінін ашық жырлайды:

Сөз патшасы,
Тәңір тұттым,
Табындым,
Табындым да мұң алқасын тағындым.
Жұртқа жүрмес әміріңді жүргізіп,
Күн-түн құрақ ұшырардай не қылдым?!

Көнгем!
Көндім!
Көнем даусыз, дамайсыз,
Сөз патшасы,
Тағы нені қалайсыз?!
Сарсаң қылар сен болмасаң,
Қүл қауып,
Қара басып қалар ма едім Абайсыз!

Иран-Ғайып өз шығармаларында көркемдеуіш құралдарға негізделген эстетикалық тұтастық тудыра отырып, өзгеше бір сәулетті көркем әлем жасайтынын байқай аламыз. 
Мысалы, мына өлеңінде ақындық ғұмырдың ауыртпалығын, қасірет-мұңын, ішкі дүниесіндегі арпалысын өзінше суреттейді. Сырт көзге басқаша көрінгенмен, жан әлемінің жарақатын жайып салғысы келеді. Күндіз көппен бірге күліп жүретін ақын, түн болса ауыр мұң басып, сүйегін сырқыратқан ой шеңгелінен құтыла алмайтынын жеткізуге тырысады.
Жыр жазамын жат көзге бұрқыраған,
Жарақатым ішімде, сыртым аман.
Күндіз күліп жүремін көппен бірге,
Түнде сары сүйегім сырқыраған –
Кезін аңсап табысқан, шұрқырағын.

Иран-Ғайып поэзиясының тағы бір ерекшелігі – дәстүрлі қазақ поэзиясының негізгі көзі болған қара өлең жанрынан нәр алып, жаңаша биік деңгейге көтеріле білуінде. Көркемдік-эстетикалық тұтастығы мол тарихи-философиялық поэмалары мен дастандарынан және жүрек пернесін дөп басар лирикалық өлеңдерінен ақынның кең құлашты, еркін тынысты екенін анық аңғара аламыз.

Ақын соңғы жылдары формалық ізденістерге барып, жаңаша өзіндік стилін қалыптастырды. Ол көп өлеңдерінде әр сөзді немесе тіркесті жол-жолға бөліп, айқындаушы сызықшаны жиі қолданады. Иран-Ғайып өлеңдері төмендегі «Автопортрет» өлеңі секілді ұзыннан-ұзақ созылып кете береді. 
Жанын-Тәнiн —
Жақсыға құрбан қылған,
Қара құшқан Қожадан —
Иран-Будан:
Қаралығы —
Өлеңнiң отын жағып,
Қожалығы —
Сауаптан...
Иман жиған!
Жаман болсаң —
Аулақ жүр,
Араласпа,
Адал-Қолын салмайды —
Арам-Асқа:
Тiрiсiнде,
Ол —
Қазақтың Арты —
Ашылған,
Өлгенен соң,
Абырой —
Бар Алашқа!
Иран-Ғайып поэзиясының көркемдік жүйесінен тақырып әр алуандығы, ізденіс мұраттары, өлең өрісі мен ондағы өмір өнегелері, кеңінен көрініс береді. Ең негізгісі, оның ақындығы адами болмысты бейнелеуден, ізгілікке құштарлықтан өмір, уақыт тынысын сезініп отырады. Демек, ақын поэзиясындағы көркемдік қабылдау арнасынан қоғам, кезең көріністері бар сыр-сипатымен даралана түседі. Осындай ізденістер ақынның он үш томдық шығармалар жинағының өн бойынан көрінеді. Ақын өлеңдерінің алтын қазығы – халық қамын ойлау. Әсіресе, замана жайынан ой ұқтырып, қоғамның әлеуметтік жағдайын шыншылдықпен жырлаған сыншылдық сарын әсте қалмай, өлең өрімінде бірге дамып отырады.

Ақын поэзиясының көркемдігі тігісі жатық сөздер мен сөз тіркестерін ұтымды қолдануынан айқын аңғарылады. Өлеңдерінің айтылу сазы, ырғақты әуені, оның жеке өзіне ғана лайықты үнін танытады. Мысалы:
Сен –
Қайдасың,
Жазған-ау,
Мен –
Қайдамын?!
Жоғыңды ойлап,
Қозады –
Қай-қайдағым!
Ту-Талақай
Тоналған
Туған Жердiң,
Ақ-Түтiнiн –
Сағынып,
Сор –
Қайнадым!

Қолжетпестi,
Несi айып –
Армандасам,
Кездерiм-ай,
Көркiңе –
Болған масаң...
...Мән-Мағына –
Өмiрде –
Болмақ емес,
Сен –
Болмасаң,
Қасыңда,
Мен –
Болмасам!

Иран-Ғайып поэзиясындағы көркемдіктің басты сипаты бұл – көркемдіктің тоғысуы және жай тоғысу емес жиналып, топтасып келуінде дер едік. Ақын шығармашылығында бір ғана өлеңнің өзегінен бірнеше көркемдіктің түрі қабаттасып, топтасуын — ерекшелігі деп тануға болады.

Ақын поэзиясындағы бейнелеу тәсілдері көркемдегіш құралдар жүйесі оның идеялық-эстетикалық көзқарасын, алға қойған мұрат-мақсатын, азаматтық позициясын таныта отырып, шығарманың ішкі құрылымы мен сыртқы сымбатын түгел қамтып, өздеріне тән өлең өрімімен ерекшеленген суреткерлік шеберлігін, ақындық сезімін сан қырынан көрсетеді.

Сурет: өңделген