"Хұсрау-Шырын" жазба ескерткішінің түп нұсқасы Тінібек шаһзаданың тұсында 1341-42 жылдары жазылған. Авторы - Құтып. Түпнұсқа Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы тұр. Дастанның бізге тек бір көшірмесі ғана жетті. Оны көшірген Берке Факіһ - Египет мемлекетінде XIV ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қыпшақ ақыны. "Хұсрау-Шырын" дастаны - әзірбайжан халқының ұлы ақыны Низамидің парсы тілінде жазылған "Хусрау уа Ширин" деп аталатын поэмасының еркін аудармасы. Бірақ Құтыптың бұл дастаны Низамиден түркі тіліне жолма-жол, сөзбе-сөз аударылмаған. Дастанның көне түркі тілінен жасаған транскрипциясын поляк ғалымы ғалымы А. Зайончковский 1961 жылы латын әрпімен жариялаған. Бұл мақаламызда "Хұсрау-Шырын" дастанындағы мақал-мәтелдерді ұсынғымыз келіп отыр.
1. Оңай көтерген кісі алпыс батпан,
Бесті артық жүктесең де қорықпас одан.
2. Көгершін ұшса үйренген жерінен,
Есен болса, келер сағынып ұясын.
3. Бидай көрсетіп, арпа сатар ол,
Ауып кеткен арпасына бидай араластырар ол.
4. Көп елді райменен алса болар,
Қылышпенен алайын десе, бұзылар.
5. Егер болсақ қайғыда я сүйініште,
Өтер дәурен, қалармыз өкініште.
6. Өтерміз дүниеден барша нашар,
Жігіттікте сүйініштен жақсы не бар?
7. Сусынның алғашқысы таза болар,
Ішер болсаң, қоюы түпте қалар.
8. Қай асты әуел жақсы ләззәті бар,
Тоя берсең, оның да дәмі кетер.
9. Бұрынғы ашық көңіл соң табылмас,
Кәрілікте жігіттік қалса, болмас.
10. Барша күннің аты жаз болмас,
Барлық сағатта наз болмас.
11. Қаншама жүйрік болса ол киіктер,
Менің де аңшы жүйрік иттерім бар.
12. Ішер су да шағынша болса жақсы,
Көп ішсең, зиян тиер ақыр одан.
13. Сабырменен тілекке жетсе болар,
Темірді ақырындап исе болар.
14. Асығыспен ақылдың ісі бітпес,
Жүгірумен ішке май жұқпас.
15. Дүние бір асау атқа ұқсар, әй жар,
Сақтан ол қамқоршыдан, теппесін аңсызда.
16. Сені теппестен бұрын сен оны теп.
17. Сүйініште қайғы бар, құрмада - тікен,
Жылан бар қазынада, балда - ара.
18. Шаян ініне тышқан сыймас екен,
Сыпыртқы құйрығына байлар одан.
19. Бұл дәулетсіз ұлылық қылса болмас,
Бітер іс болса, дәулет кеш қалмас.
20. Суы көп болса, хош амида берер бау,
Айласыз құрса, болмас құсқа еш ау.