Ғ.Мүсірепов «Аманкелді», Ә.Әбішев «Достық пен махаббат» пьесаларын талдау

Ғ.Мүсірепов «Аманкелді», Ә.Әбішев «Достық пен махаббат» пьесаларын талдау

Қазақ драматургиясының дамуына орасан зор үлес қосқан жазушылар қатарынан Ғабит Мүсірепов пен Әлжаппар Әбішев ойып тұрып орын алады. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға «Аманкелді» мен «Достық пен махаббат» пьесаларына жасаған талдауымызды ұсынамыз.

Қазақ әдебиетінің кеңестік дәуірдегі көрнекті қайраткерлерінің бірі — көркемсөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген.

Әңгіме жанрында зергер суреткерлігімен танылған ізденімпаз жазушы, көркемдік шеберлігін барған сайын шыңдап, әр әңгіме, повесі сайын жаңа бір белеске көтеріліп отырады. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін жариялайды. Сонау отызыншы жылдарда ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» пьесасын берген Ғ.Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері - Ақтоқты»,«болашаққа аманат», «Қыпшақ қыз Аппақ», «Қайран Майра» атты драмалық шығармаларын жазған.

Сценариін Б.Майлин, В.Ивановпен бірігіп жазған «Амангелді» фильмі (1938) қазақ кино өнерінің алғашқы баспалдағы саналса, «Махаббат туралы дастан», «Қыз Жібек» (1970)  фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған туындылар.

Ғ.Мүсіреповтің тарихи тақырыпқа жазған елеулі шығармасының бірі — «Аманкелді» пьесасы (Б. Майлинмен бірге жазды). Бұл пьеса алғаш 1936 жылы жазылған. Кейін біраз түзетулермен қайта жазылып шықты. Пьесаның негізінде тұңғыш «Аманкелді» кинофильмі түсірілді. Аманкелді пьесасында 1916 жылғы Торғай облысында Аманкелді бастаған ұлт-азаттық қозғалысы, қазақ еңбекшілерінің жергілікті байлар, болыстармен ақ патшаға қарсы күресі суреттеледі. Пьесаның оқиғасы патшаның 1916 жылғы июнь жарлығы бойынша майданға, қара жұмысқа қазақ азаматтарын алу туралы патша жарлығына қарсы наразылықтан туындайды. Жергілікті болыстар халық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановты «ояздың үйін өртеді» деген жала жауып, түрмеге қамайды. Аманкелдінің Достары Петр Логинов, Пластунов, Жайнақ, Кете батыр, т.б. оны түрмеден босатып алып шығады. Аманкелді бастаған азамат соғысы Қазан төңкерісімен ұштасып, қазақ даласында Кеңес өкіметінің орнауымен аяқталады. Аманкелді отрядына ішкі жаулық ниетпен өткен Кенжеқара бір қысылтаяң кезеңде капысын тауып, бейқам тұрған Аманкелдіні сыртынан атып өлтіреді. Аманкелді өлгенмен, Жайнақ, Бану, Михаил Пластунов бастаған топ оны қоршаған туды жықпай Кеңес өкіметін орнатады.

«Достық пен махаббат» пьесасы

Ә.Тәжібаев, Ә.Кекілбаев, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ш.Мұртаза, Ә.Әбішев, 1980 ж.

Қазақ драматургиясының күні бүгінгі үлкен міндеті — осы заман тақырыбындағы шығармалар тудыру. Драматург Әлжаппар Әбішев Қарағанды шахтерлары жайында «Достық пен махаббат» атты пьеса жазды. Совет адамының биік патриотизмі мен жасампаз еңбек пафосы көрушілерді тебірентті. Бұл пьесасында автор бұрынғы шығармаларындағы схематизм, жалған пафостан арылып, күрделі характер шындығын ашып береді.  «Достық пен махаббат» пьесасы 1947 жылы жазылды. Туындыда қазақ халқының майдандағы, елдегі жанқиярлық қажыр қайратын, олардың жеңіске деген сенімін шынайы көрсетеді. «Достық пен махаббат» пьесасы кезінде қазақ драматургиясына қосылған үлкен үлес ретінде бағаланды.

«Жас түлектер» романының материалдары негізінде жазылған Әлжаппардың «Достық пен махаббат» пьесасы реалистік драма жолындағы ізденістерімен де, жарқын жасалған характерлердің байлығымен де, кейіпкерлер арасында дәл бейнелеген тартыстың өміршеңдігімен де кезінде үлкен бағаға ие болған. Қазақстан жазушыларының ІІІ сьезінде (1954 ж) М.Әуезов оны «Совет тақырыбына жазылған қазақ пьесаларының ең тәуірі, ең тұрақты көркемдік сипатқа ие болып шыққаны» деп бағалады.

Пьеса соғыс кезіндегі Қарағанды шахтерларының жанқиярлық еңбегін суреттеуге арналған. Бұл тұста Донбастың жау қолында қалуына байланысты, соғыс мүддесі үшін Қарағанды көмірін көп өндіру айрықша күн тәртібінде тұрды. Бұрын қолмен қазылатын көмір өнімін механикаландыру қажеттілігі туды. Осынын түсінген қарт шахтер, бұрынғы Донбастың механигі Маркаров (пьесада Мирон Павлович) Қарағандыда көмір комбинатын жасауды қолға алады. Бірақ оны қабылдау, іске қосу көп кедергіге ұшырайды. Әлжаппар осы тартысты жаңа идея мен ескішіл ұғымдардың қайшылықты күресіне айналдырып, сол негізде характерлер сомдайды. Мирон қарттың жаңашылдығын жас инженер Сәуле, облыс басшысы Абзал сияқты озық ойлы адамдар қолдаса, шахта бастығы Мырқал қарсы болады.

Автор осы тартыс негізінде жаңа адамдардың рухани өсуін, олардың бойында азаматтық, отаншылдық қасиеттердің қалыптасуын, моральдық тазалықты жан-жақты суреттейді. Ондағы қызықты бейненің бірі – Мырқал. Өрісі тар, білімі таяз Мырқалдың қылықтарын жазушы мысқылдай, әжуалай көрсетеді. Көмір өндіру қажеттігін түсінетін, сол үшін жанын сала күресетін мырқалдың күнделікті үйренген әдеттен шығып кете алмай, жаңаға қарсы боп жүрген кейпінен жазушы күлкі тудырады, оның ісі де, сөзі де күлкіге толы.

Пьесадағы көпшілік қатынасатын сахнаның байлығы мен шыншылдығы – оның ең бір бағалы жағы. Соғыс мүддесіне жан аямай қызмет етіп жатқан көпшілік халық – шын мағынасындағы отаншыл, адал, еңбекші азаматтар боп көрінеді. Қарт шахтерлар Тайман мен Қазыбек, өндіріске жаңа келген Сайран мен Шекер, т.б басты тұлғаларды толықтырып, шығарманың негізгі идеясын ашуға себін тигізеді. Бұлар арқылы автор халық тіршілігін сақтап тұрған биік сапаларды, отансүйгіштікті, еңбекқорлықты, қиыншылықтан ықпайтын қажырлылықты, адамдық адалдықты аша білген. Пьесаның аты да осыған меңзейді.

«Достық пен махаббат» тақырыбын Әлжаппар Әбішев кейін де жалғастырды. Оның «Мен өлмеймін», «Армансыздар» пьесалары «Достық пен махаббаттың» алды-артындағы оқиғаларға құрылып, оның екі жағында тұратын трилогия құрайды.

Пайдаланылған әдебиет; С. Қирабаев, "Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті", 1998 жыл

 Сурет:photooner.kz

О. Сансызбай