Қазақ поэзиясы қашан да әдебиеттің өзге жанрларына қарағанда жылдам дамып, ақын шығармалары оқырмандар арасында да үлкен сұранысқа ие болған. Бұл, әрине, прозаны поэзиядан кем қою емес, ақын да, жазушы да бір-бірімен салыстыруға әсте болмайтын таланттар. Сол себепті де өзге жанрларға қарағанда кең өріс алуын артықшылық емес, ерекшелігі деп қарағанымыз жөн болар. Ал сол поэзияның ерке аққуы болған, санаулы ақын қыздарымыздың бірегейі Фариза Оңғарсынова поэзиясындаға ұл-қыз алар өсиеті жайлы сөз қозғамақпыз.
Қазіргі кезде қоғамдық көлікте жастардың ересектерге орын бермей, көңілі түскен қыздарға деген "сый-құрметін" кей кездері байқап қаламыз. Мұны ер жігіттің қыз баласын сыйлағаны деп ойлауымыз мүмкін. Ал Фариза ақынның сол туралы жазған өлеңін оқығанда, сізді басқа ой жетелей кетеді. "Адам толы автобус ішінде отырған жігіт өзге қартаң кісілерді ескермей, жас қызға орын ұсынады", сонда:
Қарт ана қарап қойды жалтақ-жалтақ:
"Бұл менен көрді ме, – деп, – қызды қартаң".
Қысылып: "Отыр, шеше!" – дей беріппін.
Риза боп ол да "Сау бол, – деді, – қалқам!" – деген жолдар арқылы тәрбие көрген қыздың қандай әрекет жасау қажеттігін үлгі етсе, келесі шумағында:
Сызылды: "Сізге ұсынған тегі мен", – деп,
(Жасанды сый-құрметтен жерінем бек).
Кей жігіт сыйдың шиін шығарып жүр,
Тәуір боп қызға ғана көрінем деп – деуінен ер баланың жасандылыққа бой алдырмауын, қыз көңілі тек шынайылықты қалайтынын саналарына құйғысы келгенін аңғарамыз.
Жаһандану заманында ары мен намысын жоғары қойған қазақтың ұл-қыздарының ұлттық болмысы жоғалып бара жатқандай көрінеді кейде. Фариза өлеңінен біз қазақтың қызы сүйгенінің сезіміне секем түсірмейтін адал болу керектігін ұғынамыз. Мәселен, "Қыз сыры" өлеңінде:
"Алғашқы арман-тілекті
Шетке ысырғым келмейді.
Бірге сүйген жүректі
Көпке ұсынғым келмейді" – десе, жігіттердің сезімде әлсіздікке бой алдырып, бойкүйездікке салынбай, сүйген қыздың жүрегін ер жігітке лайық мінезімен жаулап алу керектігін ептеп жеткізеді:
Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,
Сен маған жалынбашы,
Табынбашы.
Ер мінезді жігітті ұнатады
Осы бір қарындасың.
Ақын "бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербететін" әйел мойнына артылар жүктің жеңіл емес екенін сіңлілеріне былайша өсиет етіп айтады:
Сая-сендер халықтың қорғаны ұлға,
Қорғандардың талабын сорға бұрма.
Ескеріңдер ертеңгі ел тағдыры,
Жер тағдыры сендердің қолдарыңда!
Ел қорғаны, ұлт тәуелсіздігінің тірегі болар ұлдарының да тілеуін қара өлеңіне арқау ете жырлайды:
Асау ғасыр!
Іріні үгіп демің
Бара жанса, сөнердей үміттерім.
Мен тілеймін: күңкі мен ұсақтықтан
Сақтағай деп даламның жігіттерін!
Ақынның бұл өлеңдерінен елінің ертеңі болар ұл мен қыздың болашағына деген алаңдаушылықты көреміз. Ал сол ұрпақ Ф.Оңғарсынова өлеңдерін бағалап, мәнісіне балай алып жүр ме?!
"Бірі екем мен көптің иық керген,
Бірақ та бір шындықты түйіп келгем:
Биікті байқау үшін өзің биік
Болуың керек екен биіктерден" – деп өзі айтқандай, ақын болмысын танып, өз биігінен көре алу үшін біздерге әлі де көп ізденіп, өмірдің ащысы мен тұщысын көріп, шыңдалуымыз қажет шығар?!
Сурет: baq.kz
Оқи отырыңыз:
Мағжан Жұмабаевтың "Шолпанның күнәсі" әңгімесіне талдау
М.Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңінің идеялық мұраты
Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы», «Қайран, Қарасазым-ай» өлеңдеріне талдау
Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі» атты зерттеу еңбегі туралы