Марғасқа жыраудың қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны әлі де белгісіз, не тарихи кітаптарда, не көне құжаттарда, немесе ескі шежірелерде мына жылы дүниеге келіп, мына жылы дүниеден өтті деген нақтылы дерек кездеспейді. Ғылымда Марғасқа XVII ғасырда өмір сүрді деп айтылады.
Ғалым-жазушы М.Мағауин Марғасқа жырау жөнінде былай депті: «XVII ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын-жырауларынан біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің де аты XVII ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған хан «Еңсегей бойлы Ер Есіммен» байланыстырылады.
Есім ханның үлгілі істерін талай тарихшылар жазған да, айтқан да шығар, бірақ, ол туралы XVII ғасырдағы Марғасқа толғауы ерекше бағалы екені даусыз. Өйткені, ол айбынды ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырауы болған.
Есім ханның батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Марғасқаның біздің заманымызға жеткен жалғыз ғана өлеңі бар.
Бұл шағын өлең 13 жолдан тұрады. 1627 жылы шамасында Ташкенттің сол кездегі әміршісі Тұрсын ханға байланысты туған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының осы шығармаға қатысты қолжазбасында былай делінеді: «Еңсегей бойлы Ер Есім Түркістанда қазақ ханы болып тұрған күнде Ташкентте Тұрсын хан Қатаған деген жұртты билеп тұрды. Тұрсын хан мен Есім хан ант етісіп, бір-бірімен жау болмасқа бата қылысты. «Күнбатыс Бұқар, Қоқан, Самарқандпен жауласуға мен қарсы тұрайын. Сен күншығысқа қосын қылып аттан. Ұзын аққан Ертістің басынан кір, аяғынан шық», - деп Тұрсын хан кеңес берген соң, мың кісі қосын алып Есім хан күншығысқа бет қойды»
Тұрсын хан Есім ханды алдап аттандырып жіберіп, иесіз қалған елді шауып алады. Марғасқаның:
«Ей Қатағанның ханы Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын» , - деп ашына айту себебі де осыдан.
Марғасқаның бұл өлеңінде батырлық сарын басым. Марғасқа сияқты жүрек жұтқан жыраудың бұл өлеңі де ел мұңы, бақытты өмірді аңсау мұратымен терең ұштасып жатады. Өмір талқысын көп көрген жырау өлеңін оқи отырып жауға – мейірімсіз, досқа – адал, дұшпанға – сақ болуға үндейтінін аңғарамыз. Бұл – жыраудың батыр ретіндегі бірлік пен ерлікке шақырған өсиеті деп танимыз.