Егемен ел атанып, тәуелсіздік туын желбіреткен тұста рухани мұраны, әсіресе қоғамның болмыс-бітімі мен кескін-келбетін бағамдайтын әдебиетті жаңаша саралау – өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда, елдің егемендігі, ұлттың тәуелсіздігі төл туындыларымыздағы заман шындығы мен халық тағдырының көрініс беруі, ұлттық идеяны насихаттауда қазақ қаламгерлерінің қол жеткізген жетістіктерін жан-жақты талдау қажеттігін тудыруда. Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетімізде алдыңғы буын дәстүрі кең көлемде тың ізденістермен толығып, жалғасын тапты. Тақырып аясы кеңіді. Образдар жүйесі жаңа бейнелермен толықты. Өмірге қилы мінезді, алуан келбетті кейіпкерлер келді. Бүгінгі күн тақырыбын көтерген жазушылар адамның ішкі жан әлеміне оның моральдық, этикалық сипаттарына тереңірек үңіле отырып, сан алуан қасиетке ие бейнелер жүйесін жасады. Көп жылғы бойғы көркем әдебиетке күштеп таңылған социалистік реализм әдісінен қол үзген жаңа буын әдебиеті жаңа өріс іздей бастады. Сол ізденістер нәтижесінде тың сипатты туындылар дүниеге келді. 90-жылдары қазақ елі ежелгі арманы тәуелсіздікке қол артқанда, тарихи роман тың серпін танытып, мұның алдындағы туындыларда жеріне жеткізе қазылмаған, аршылмаған көп жаңалық, ақиқаттарды бүкпелемей ашық жазды. Бұл ретте алдымен ауызға алынатын шығарма жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» романындағы ежелден еркіндік аңсаған қазақ халқының болмысы шынайы суреттеледі де, халық тарихында қалған батыр тұлғаларымен байланыстырылады. Ел басына күн туғанда етігімен су кешетін ер Қабанбай батырлық пен қаһармандықтың бейнесіндей. Туынды тарихи оқиғаны эпикалық сипатта кеңінен қозғай отырып, көркем тілмен сенімді баяндайды. Романда жазушы қай кейіпкерін де бірнеше қасиеттерімен тоғыстыра көрсетеді. Батыры да, ел басқарған биі де тереңнен толғап, жеріне жеткізе сөйлейтін шешен әрі көреген.
Жаңа ғасырдың басы қоғамға үлкен өзгерістер әкелді. Терең өзгеріс, адам болмысының рухани түлеуі, эстетикалық-дүниетанымдық көзқарастың құбылуы тұтас мәдени өмірге үлкен леп әкелді. Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет өзінің лирикалық-эпикалық сипатын, ұлттық өрнегін, бейнелілік пен символдық нақышын тереңдетті. Осыған байланысты қазақ романдарында адам өркениетінің көне бастаулары, мифтік таным көрініс тапты. Осы арқылы қазақ қаламгерлері жалпыадамзат мәселесін қозғады.
Шындығында, «эпикалық жанрдың тектік, жанрлық ерекшеліктері сөз жоқ, өзіндік ерек сипаттарымен қалыптасатын эпикалық уақытты талап етеді. Эпикалық қарым тұтас дәуірде, оның даму жолдарын зерттеуге әкеледі. Яғни, мазмұнның эпикалық құрамы көп қабатты уақыт мезеттерін тоғыстыратын эпикалық уақытты анықтайды. Оларды романның жанрлық ерекшеліктеріне қарай екшеп орналастыру шығарманың поэтикалық аса күрделі құрылымын жасайды...». Осы ретте қазақ әдебиетіне ерекше серпін берген Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» романын атап кетуге болады. «Елім-айлап өткен өмір» романында ел басына зауал төнген шақта, ел-жұртын азаттық күреске бастай білген азаматтардың тұлғасы мен әрекеттері шығарманың өне бойында көрініс беріп, сюжеттің өрбуіне жол ашады. Шығарма оқиғасындағы адастырмай отыратын желі – азаттықты аңсау, халық тағдырына ара түсу идеясын тереңдетеді. «Елім-айлап өткен өмір» еңбегі әсерлі суреттеулерді мол қамтыған. Романда нақты суреттелетін тарихи оқиғаларға көркемдік астар беріліп, оның әсерлілігі күшейе түседі. Шығарманың идеялық айқындылығы, кейіпкер бейнесінің кеңдігі, дәуір келбеті бірігіп, шығарманың шынайы келбетін жасайды. Халқына адал қызметін арнаған Х.Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітабы – азаматтық пен қайраткерлікті, әрекет пен күрес-жігерді танытатын тағылымы терең туынды. Кез келген суреткер шығармашылық иесі ретінде өзінің көркемдік танымы мен шеберлігін, дарын қуатын жұмсау арқылы бейнелі, тың дүниелер жасауға тырысады. Ондай туындылардың халық жадында қалатыны ақиқат.
Сурет: liveinternet.ru
Оқи отырыңыз:
Ф. Оңғарсынова поэзиясындағы ұл-қыз алар өнегелік өсиеттер
Әдеби жанр туралы түсінік
Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романындағы ел бірлігі, ұлт мүддесі мәселелері
Мағжан Жұмабаевтың "Шолпанның күнәсі" әңгімесіне талдау