- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Екінші дүниежүзілік соғыс...
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ әдебиеті
Сонау 1941-1945 жылдары әлемнің сұрын қашырған екінші дүниежүзілік соғыс әдебиетімізге кедергі бола алмады. Керісінше, бір қолына қаруын, бір қолына қаламын алып, жерін жаудан қорғауға аттанды. «Қаралы қағаз жіберіп, қаншама қайғы салған оқтар» халықтың қабырғасын қайыстырғанымен, батырларымыздың рухы қайтпады. Бір-бірін демеп, болашаққа үлкен сеніммен қарады.
Ұлы Отан соғысына аттанған жауынгерлеріне жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» атты өлеңі күш-жігер берді.
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін...
...Шамы Күндей жайнаған,
Аспанға үйлер бойлаған…
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам!
Жабықпағын Ленинград!
Отан әмір берген шақ.
Сап-сап қол барар
Қорғап сені ол қалар.
Жанышталар айдаһар!
Жата алмаймын төсекте,
Жаным қалай жайланар?
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін,
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласында Лениннің,
Сайып қыран өренім…
Сол кездің өзінде Отанға, атамекенге деген сағынышқа, ерлік, батырлыққа арналған өлеңдер жарық көріп жүрді. Баубек Бұлқышевтың 1942 жылы «Комсомольская правда» газетінің 1 май күнгі номерінде «Өмір мен өлім туралы» деген әңгімесі жарияланды. Әңгімеде қазақ жасының . жүрек сыры, жан күйі тербелді. Отанға деген ыстық махаббаты құйылды, ал «Шығыс ұлына хат» атты шығармасын «Менің бұл жазғандарым болашақта біздің осы ұлы күресімізді зерттеушілердің қолына түсіп, үлкен істердің кішкене бір тетігіне тиянақ болуға жараса, менде одан басқа арман да жоқ; ол зерттеушілер біз осы арпалыста жүргенде қайғыра да, жылай да, қуана да, күле де, кектене де білгенімізді ұғынса болды.» - деп аяқтаған еді.
М.Хакімжанова өзінің сүйікті кейіпкері Мәншүк жайында, оның ерлік көрсеткен «Мәншүк» поэмасы 1945 ж. жазылған. Соғыс тақырыбына Мүсірепов «Қазақ батырын (қазіргі—«Қазақ солдаты») жазса, Ұлы Отан соғысының ерлік істерінен бір топ поэма туып жатты. Қасым Аманжоловтың «Абдолласы», Диқан Әбіловтің «Майданбек» поэмасы, Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» деген поэмасы; Қапан Сатыбалдиннің «Әлия» деген поэмасы; Ілияс Есенберлиннің «Айша», «Сұлтан» деген поэмасы; Нұрлыбек Баймұратовтың «Ер Төлеген» деген поэмасын мысал етіп атауға болады.
Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» поэмасында тіл көркемдік жағы мен Мәншүк пен анасының арасындағы мейірбандықты, Мәншүктің сыртқы тұлғасын суреттеу жағын әдемі-ақ көрсеткен.
Қара шашы қара бұлтпен жауғандай
Қара қасы аймен егіз туғандай
Желмен ойнап, желбіресе кекілі
Күн шұғыласы маңдайында тұрғандай.
Меруерт тісті, қызыл ерін, қыр мұрын
Алма бетті, дөңгелек жүз, сөз шырын
Қолдан құйған қорғасындай денесі
Қылығымен қызықтырған көз нұрын,- дейді. Бұлардың көркемдік дәрежесін салыстырғанда, бәрінен жоғары деуге болады. Отан соғысы үстінде ерлікпен қаза тапқан қаһармандарға арналған Ж.Саинның «Өмірден өксіп сен кеттің» атты жоқтауы, Ғ.Ормановтың И.В.Панфиловқа арнаулы жоқтауы, Жамбылдың ұлы Алғадайды жоқтауы мен оған Кененнің көңіл айтуы секілді фольклорлық жанрлар да осы кезеңде жазба поэзияға көркемдік әрлеуімен қайта келді. Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов сынды тұлғаларды атамау мүмкін емес.
Жоғарыда айтқанымыздай "бір қолына қаруын, бір қолына қаламын алып, жерін жаудан қорғауға аттанған алаш азаматтары аз емес еді. Бұл сұрапыл жылдары қазақ әдебиетінің қатары құнды деректермен толықты. Олар хатқа түсіп, бізге жеткендері... Ал жүректе жазылса да, хатқа түспей, қолға жетпей, елім деп еңіреген ерлермен бірге кеткен еңбектер қаншама...
Сурет: luxfon.com
Е. Жұмабайұлы