- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Дулат Исабеков шығармаларындағы...
Дулат Исабеков шығармаларындағы кейіпкер характері
Дулат Исабеков есімі аталғанда, оқушылар қауымының есіне "Ата үміті", студенттер қауымының ойына "Қарғын" романы түсері сөзсіз. Тілі майда, сөзі ірі жазушылардың алдыңғы шебінен орын алатын Дулат Исабеков шығармашылығы қазақ әдебиетінде ешқашан қайталанбаған тың туындылар.
Жазушының халық сүйіп оқыған шығармалары өте көп. "Мазасыз күндер", "Тіршілік", "Сүйекші", "Гауһартас" сынды повестерінен кейін халықпен етене араласқан жазушы қиялынан "Қарғын" романы туды.
"Қарғын" – сай-сайдан, жылғадан аққан құм тасы аралас жауын суы, тасқын.
Роман неліктен бұлай аталды?! Адамдар арасындағы ең керемет қарым-қатынас – махаббат. Ұлы дүниелердің барлығы дерлік осы ұлы сезімнің нәтижесінде өмірге келеді. Ең таза жер – жүрек, ең кіршеңі – көңіл. Махаббат мәселесінде екеуіне де дақ түсуі мүмкін. Екеуі де кірлейді. Сезімнің сергелдеңінен түскен сызатты ешқандай тасқын су да тазарта алмасы анық. Романның басты кейіпкерлері – Бағила мен Жасын. Қазақ шығармаларындағы оқыған, көзі ашық, биік интеллект типаждардың ішінде Жасын бейнесі оқ бойы оза шауып, алда жүретіні айқын. Неге?! Себебі, жазушы Жасын бейнесі етіп алған протатиптің өзі өмірде өте жоғары талғам иесі болғандығы анық байқалады. Автор Жасын бейнесіне "қазақ арасында сирек кездесетін эрудит" деп баға береді.
Екі адамның ең шынайы, кіршіксіз махаббаттары суреттелетін Қарғын романы көпшілікке жаңаша үлгіде, тың туынды ретінде таралды. Оның алдындағы көпшілік шығармаларда баяндалатын махаббат хикаясы ауыл тұрмысын, қазақы қоғамдағы әйелдің бас бостандығын айтудан арыға аспайтын. Қарғын желісі өзгеше өрілген, қала мәдениеті мен адамдар арасындағы ішкі арпалыс, сезімге тұсау салу, шынайы ғашықтық, өзін-өзі алдау сынды психологиялық құбылыстар әр кейіпкердің бойынан табылған. Образ ашу барысында автор кез келген кейіпкерін шынайы суреттеген. Әр кейіпкер өз болмысының сан қырында сөйлейді.
Дулат Исабековтің махаббат тақырыбындағы қалам тартқан туындысы "Қарғын" болса, қу тіршіліктің базарында қауға басын сүйреп жүрген пенде тарихын өзге шығармаларда тіпті бөлек баяндайды. Бұл – "Тіршілік" повесі хақында айтылар әңгіме. Киеван шалдың қитұрқы әрекетінен бұрын өмірге деген көзқарасы құндырақ. Жазушы өзінің жанрлық талғамында жаңылысып көрген емес. Жазушы мен журналист екі бөлек дүние. Ең бастысы, Дулат Исабеков екеуін де ажырата білді.
Оның жазған шығармаларының шытырманы аз. Десе де, адам жан-дүниесінің арпалысы, өмірдің біз біле бермейтін құбылыстары, ар тазалығы, жан тазалығы кез келген туындысында көрініс табады. Кезекті шығармасы "Сүйекші" повесіндегі басты философиялық ой – қауқарсыз жалғыздық. Кедей отбасында өмірге келген Тұңғыштың ештеңеге ұмтылмай, ешқандай мақсатсыз өмірден өтуінің сыры неде? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырдың адамзат әлеміне соншама қасірет әкелуінің себебі бар ма? Жазушының тақырып таңдау болмысы да өзгеден тым бөлек. Не үшін сүйекші? Қазақта көр қазушылық кәсіп болған ба? Жазушы ұғымындағы кейіпкерлер жан-жақты. Тіршілік пен Сүйекші сарындас шығармалар. Екі повесті оқи отырып жазушының әр детальді тиімді пайдалана білгеніне қуанамыз. Астарлы әзілмен, жеңіл юморлы штрихтармен-ақ кейіпкер психологиясын өте жақсы талдаған.
Дулат Исабеков махаббат, өмірлік күрес тақырыптарынан өзге екі адамның түсінбестік теориясына да өте жақсы қалам тербеген. Оған дәлел – "Гауһартас". Екі әлемнің бір-біріне ығыса алмай өмір сүруі қандай күрделі. Ыбыш пен Салтанат образдары да осы тұрғыда жақсы суреттелген. Жасын мен Бағила жаңа заманның ернеуіндегі кедергілерден қосыла алмай азап шексе, бұл екеуі түсінбестік теориясының шырмауындағы ескіліктің еншісіндегі кейіпкерлер. Бұл повесть желісі бойынша кино да түсірілді. Жазушы өз лабораториясында кейіпкер характерін ашу үшін не істемейді. Кейіпкерді жалғыз сөйлетуі мүмкін. Оның іс-әрекетіне қажет емес деталь қосуы мүмкін. Тіпті, қиял штрихтерін да қосып жатады. Алайда, Дулат Исабеков қарама-қайшы екі кейіпкердің болмысын ашу үшін жай ғана қарапайым диалогтың өзін ұтымды пайдаланған. Өзге жазушылардан ерекшелігі де сол. Оның қандай шығармасы болмасын, қандай тақырып алмасын, қандай тағдырды талдаса да оқырманның жүрегіне жол тауып сендіре алады. Жазушының жетістігі де осында.
Дулат Исабеков ішкі толғаныстан ғана қалам тербейтін бірден-бір жазушы. Жазушы қаламының қырағылығы да, қасиеті де – адами шындықты ашып жазуы. Оның туындылары оқырманға сонысымен де құнды.
Ә. Жутаева