Біржан салдың «Ер жігіт дүниені көргені артық» атты өлеңінде астарлы ой жатқандай. Автордың өмірден көрген-білгені туралы жазылған бұл өлеңіндегі көркемдік ерекшеліктеріне көңіл бөлсек, көптеген әдістерді кезіктеруге болады. Солардың біразымен таныс болайық.
Лирика – ақынның ішкі ой-толғанысын, күйініші мен сүйенішін, өмірден көрген-білгенін жеткізу өнері. Бұл өлеңге де автордың ішкі сезімі арқау болады. Ақын лирикалық сезімін астастырып, «Өмірде не артық?» деген сауалға өз пікірімен, көзқарасымен жауап береді.
Жалпы өлең 11 буынға, қара өлең ұйқасына негізделген. Көркемдік құрылымында эпитет те, теңеу де бар. Сөзімізге «ер жігіт», «қиын жер» деген секілді бейнелеуіштерді мысал етіп алсақ болады. Және инверсиялық әдіс, яғни сөздердің орын ауыстыруы көптеп кездеседі.
Ер жігіт дүниені көргені артық,
Дүниеден не бар-жоғын сезгені артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, тәуекел деп төзгені артық.
Алғашқы шумағында автор «аспан жерге түсердей іс» деген теңеуді қолданады. Фразеологиялық мәнге ие бұл тіркес «салмағы ауыр» іс деген мағына беріп отыр. Оған қоса, «шешім қабылдау» дегенді «бел байлау» деген тіркеспен береді.
Қол берген қиын жерде жолдас артық,
Бас тартқан жолдасынан болмас артық.
Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген,
Досыңнан қатын-балаң болмас артық.
Бұл шумақта ақын «бірдей жанып, бірдей күйген» достың қадірін біліп, керек жерде көмекті аямау керектігін айтады. «Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген, дос» деген бейнелі сөз эпитет арқылы өрнектелгенін көруге болады.
Жігітке сайран етіп жүрген артық,
Жігіттік бір кеткен соң, келмес қайтып.
Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,
Жан-тәнің бірдей жанып күйген артық.
Ал мына шумағында ақын жастық шақтың қайтып оралмайтынын, уақыттың қадірін бағалау керектігін айтады. Бос жүрудің пайдасы жоқ, жалқаулықтан қаш деп ой тастайды.
Осылай бозбалаға салдым нұсқа,
Өмірің зайғы болар бекер босқа.
Көргенің бір күнгідей болмас сірә,
Міне, ажал келді нәубат деген тұста.
Соңғы шумағында «Өміріңді бос өткізіп өлтірме!» деген ақыл айтады автор. Өмір, уақыт тез өтеді. Соның ішінде аңсататыны – жігіттік шақ – шақтық жақ. Әр күнің бір-біріне ұқсамасын деп, бозбалаға жол нұсқайды.