Біржан Берденовтің «1916 жыл» поэмасы майдан жұмысына алу, әскерге шақырылған адамдарды майданға жөнелту мен олардың жолдағы, майдандағы өмірін, көңіл–күйін суреттеуге арналған.
Поэма «Прием», «Қызылжар казармасының тамағы», «Ұзақ жол», «Алғашқы әсер», «Майданда», «Аэроплан», «Дүрлігу», «Жаңа мекен», «Кашаға таласу», «Оқтан қорқа қашу», «Жұма күні», «Қамығу», «Газет хабары», «Мысалы», «Қозғалшы бір қаламым», «Елге сәлем» сынды бөлімдерден тұрады.
Поэмада автор өзінің көзімен көргенін, басынан өткенін, көңіл күйін күнделік тәрізді баяндаған. Онда майданға алынған қазақ жігіттерінін бір ай бойы ұзақ сапар шеккендегі көрген қорлықтары, адам төзгісіз апатты жол әсерлері мен соғыстары жүйелі түрде шебер көрсетілген.
1916 жылғы көтеріліске байланысты туған жырлардың бір алуаны майданға алынған жігіттердің өмірін суреттеумен байланысты болып келеді. Біржан Берденовтің «1916 жыл» дастанында майданға алынға жігіттердің жат жерде, үйреншікті емес кәсіп үстіндегі хәлі мен ел-жұртына сағынышы, халықтың империалистік соғысқа наразылығы, майданнан патшаға қарсы күрес идеясының тарауы, ақыры патшаның тақтан түсуі оқиғалары суреттеледі. Кейбір жырлар жігіттердің майданға жіберген хаты, туыстарының жауабы түрінде жазылған. 1916 жылғы көтеріліске байланысты туған халық поэзиясы ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің демократтық-халықтық бағытын толықтырып, оны жаңа күрес үлгісімен байыта түседі.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты шыққан өлең-жырларда қалың бұқараның патша өкіметіне, осы өкіметтің би-болыс сияқты төрелеріне, елдің ру басы ақсақалдары мен ірі бай-феодалдарына ашу-ызасы, наразылық-қарсылығы айтылады. Еңбекші халық ынтымақ, бірлікке, күреске, көтеріліске, шақырылады. Шығармаларда көтерілісті бастаған жеке азаматтардың ісі, ерлігі, келбеті, бейнеленеді. Сондай-ақ, елдің көтеріліс кезіндегі, көтерілістен кейінгі көрген қорлығы, шеккен азабы суреттеледі.
Сурет: aikyn.kz