- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Біләл Сүлеевтің өмірі...
Біләл Сүлеевтің өмірі мен шығармашылығы
Біләл Сүлеев (1893-1937) – ұлттық мәдениет, ағарту ісінің белгілі қайраткері, әдебиеттің әртүрлі жанрында қалам тербеген публицист, сайыпқыран сатирик.
Біләл Сүлеев 1893 жылы Жетісудағы Қапал қаласына таяу Баянжүрек мекенінде дүниеге келген. Әкесі Сүлей ел-жұртына сыйлы, адамдық қасиетімен беделді болған кісі екен. Жасынан зирек туған бала Біләлдің бойындағы қабілетін таныған Есенғұл болыс оны өз қаражатымен Уфадағы «Ғалия» медресесіне оқуға жібереді. Бірақ ондағы білім деңгейі ізденімпаз жастың талабын қанағаттандырмайды. Сондықтан ол Орынбордағы мұғалімдер семинариясына барып түседі. Ондағы «Қазақ» газетімен байланыс жасайды, сонда қосымша жұмыс атқарады. Семинария Біләлге білім нәрін сіңірсе, «Қазақ» жігерін жанып, білігін дамытады. Сол жалдары ол «Матай», «Қаптағай» деген бүркеншек аттармен бірнеші өлеңдерін, уытты мақалаларын жариялайды.
Біләл Сүлеев педагог бола жүріп, жаңа жағдайда байқалған ел ішіндегі келеңсіз құбылыстарды қалт жібермей қадағалап, сын садағының нысанасына алып отырды. Солардың біраз көрінісі оның «Картаға салынған қатын» атты пьесасында батыл әшкереленді.
1922 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Жұт жеті ағайынды» - дейтін өлеңі. Біләлдің ақындық шеберлігін айқын танытқан шығарма болды. Онда автор ел басындағы нәубетті, оған себеп болып отырған жеті түрлі қоғам дертін ерекше тәсілмен бейнелеп жеткізеді: қазақы ұғымға түсінікті ертегі желісімен ұлттық трагедияның жай-жапсарын жеті қырынан ашады. Сюжетке құрылған шығарма ішінде көрінетін кейіпкерлер: Отаршылдық, Ашаршылық, Мансапшылдық, Оба, Жұт, Надандық, Ырың-Жырың. Осы жеті ағайынды тажалдар қазақты жан-жағынан талап-таптап, тұншықтырып жатқан жайын олардың әрқайсысының өз аузымен айтқызады. 120 жолдық бұл өлең сол кездегі қазақ даласының тіршілігін айқын суреттеп берген құнды шығарма. Өлеңнің түпкі идеясы – қалың елді замана дертінен арашалау, олардың сырын ұқтырып, мәнін түйсіндіру.
Біләл Сүлеевтің қаламынан туған сатиралық шығармалар қатарында «Қайтсең көсем боласың?», «Нақысбек», «Қабамбай мен Сазамбай», «Қазақтың 24 басалқы дыбысы», т.б. уытты жырларын атауға болады.
«Тілші» газетінің редакторы қызметін атқара жүріп, Біләл Сүлеев бар жанрда қалам тартты. Оның шығармалары – бір кезеңдік өткінші мәселелермен шектелмей, адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап беруге ұмтылған ерекше қүнды дүинелер. Теңіздің дәмі тамшысынан білінетіні секілді, оның бір ғана өлеңі бүкіл шығармашылығының сипатын танытып тұр.
Ж. Исакаев