«Шұғаның белгісі» - қазақ прозасының шоқтығы биік туындыларының бірі. Бейімбет Майлин – "қазақ әңгіме жанрының атасы" деуге болады.
«Повестегі бас кейіпкер – Шұғаның бейнесі әртүрлі іс-әрекеттің даму барысында айқындалады. Кейіпкер арқылы тағдырына ата-анасын да емес, бауырларын да емес, өзін қоршаған әлеуметті де емес, тек қана ата салтын кінәлап, шарасыздыққа, өлімге барып тірелген қыз тағдырының өкініші, арманы көрсетіледі. Суреткер қайғылы Шұғаға бейтарап қарамайды, оған аяушылық сезім білдіреді. Қиянат көрген, өмірден түңілген қаһарманына жаны ашиды. Ал басқа кейіпкерлерге пайда болған тұсында мінездеме беріп кетеді», – дейді ұстаз Әбубәкірова.
Әңгімеде келтірілгендей Шұға образы былайша суреттеледі: «Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, біртүрлі паң еді-ау, шіркін... Бұл күнде ондай қыз қайда. Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайды ма, білмейсің, ешкіге құсап шошаңдап жүргені. Заман бұзылған ғой... Ия... Осы күнгілердің бір тапқаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда, Құдай сана берсін десейші...»
Белгілі ғалым, қытайтанушы ақын Дүкен Мәсімханұлының сөзімен айтқанда қазақтың көркем прозасы әлі қалыптасып үлгермеген уақытта, жаңа, еуропалық үлгідегі проза жанрын салған жерден мұндай үлкен көркемдік деңгейде көрсету тек Бейімбет сынды хас таланттың ғана қолынан келеді.
Мұнда кейіпкер образдары біртіндеп, оқиға желісі бойынша, басынан өткен істердің арқасында анықталып, көрініп отырады. Махаббатқа деген адалық, ақылдылық, сезімнің нәзік тұстары қазақ жастарына тән әдеп пен иба салт-дәстүрге сіңіріле отырып баяндалған. Жазушы Шұғаның ажарлығымен қоса мінезінің салмақты, ұстамды, ақылды екенін көрсетеді. Өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы Шұғаны биікке көтереді. Әрине, бұл көпке күйе жағу емес. Ал «Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді» деу арқылы Шұғаның зеректігінен, білімпаздығынан хабар береді.
Сурет: nakonu.com