Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – еліміздегі білім дәрежесі мен кәсіби шеберлігі жоғары маман дайындауда оқ бойы озық тұрған университеттің бірі. 1934 жылы іргетасы қаланған оқу орнында бүгінде 20 000-нан астам студент білім алады.
Сонымен қатар, елімізге елеулі оқытушылардың профессорлық құрамы сабақ беріп, студенттердің білім деңгейін көтеруде ықпал етіп келеді. Университет студенттерінің білім мен білігін арттыру үшін түрлі шаралар, халықаралық конференциялар ұйымдастырып, шетелдік университеттермен академиялық байланыс жасап, ғылыми-зерттеу орталықтарымен тәжірибе алмасады.
Қиялы ұшқыр, ойы жүйрік, талапты студенттер жиналған білім ордасында, тәлімгерлердің болашақ кәсібіне бағыт-бағдар беруде Филология факультеті жыл сайын түрлі жұмыстар атқаруда. Тек қана әдебиет бағытында емес, түрлі салалармен, ғылымдармен байланысты пәндерді оқыта отырып, білім алушылардың кәсібилігін шыңдауда. Соның бірі, Философия және саясаттану факультетімен біріге отырып, мемлекет тарапынан міндетті пән саналатын – «Басқару психологиясы» пәні.
Пәнді оқытудағы мақсат– басқару іс-әрекетінің теориялық-практикалық негіздерін талқылай отырып, басқарудың мотивациялық аспектілері, ұйымдағы эмоциялық күйді басқару, басшының тұлғасы мен тұлға аралық және қызметтік қатынастар психологиясы, басқару жүйесінің психологиялық негізі туралы теориялык білімдерін қалыптастыру. Қысқаша айтқанда, психологиялық және әлеуметтік тұрғыда сауатты басшы дайындау.
Курсты оқу барысында өмірге ықпалын тигізер түрлі мәселелер қозғалды. Басқаруды көптеген аспектіде қарастырып, шетелдік және Отандық ғалымдарың еңбектері талқыға салынды. Соның ішінде Н.С.Ақтаева, С.Қ. Бердібаева, А.Д. Столяренко, Э. Берн, Д. Карнеги сынды ғалымдардың еңбектері қаралды. Тек қана басшы тұлғасы емес, басқарудағы ең өзекті мәселелер қарым-қатынас туралы да пікірталасты. Шетелдік ғалымдардың тәжірибелеріндегі қарым-қатынасты реттеуге, қалыптастыруға арналған түрлі әдістер сөз болды. Адам ең әуелі қоғамның бір бөлшегі болғандықтан, басқарудағы қарым-қатынасты талдау орынды. Магистранттарға ең қызықты болғаны – Дейл Карнегидің адамдармен тез тіл табысуға көмектесетін 30 кеңесі болды. Осы секілді өзекті тақырыптарды қозғау арқылы курстың өте пайдалы, әрі өмірде ұтымды болары анық.
Сабақ барысында кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамып, ысылған жас мамандар келешекте облыс пен аудан-ауылдарымыздағы білім саласы деңгейін көтеретініне сеніміміз мол.
Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
жалпы және қолданбалы психология кафедрасы
психология ғылымдарының кандидаты, профессор
Баймолдина Л.О.
жалпы және қолданбалы психология кафедрасы
PHD, доцент
Аязбаева Б.
жалпы және қолданбалы психология кафедрасы
аға оқытушы