Балуан Шолақ шығармашылығы – халық дүниетанымының қайнар көзіндей. Алты алаштың мақтанышына айналған, бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырып талай ұрпақтың жан азығына теңелген тұлға. Ол – ақын, ол – әнші, ол – композитор, ол – балуан... Бұл ретте күйші, композитор Әбдімомын Желдібаев «Балуан Шолақ – алып күштің, әншілік өнердің, ән шығарудың дарабозы» деп бағалаған. Балуан Шолақ Жаратушы бойына дарытқан осы қасиеттерін ерекше күшімен тең ұстап, тең дамыта білді. Балуан Шолақ (Нұрмұхамед-Нұрмағамбет) – қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі ақындар поэзиясының көрнекті тұлғаларының бірі. Ол туралы классик жазушы, академик Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде, жазушылар Естай Мырзахметовтің «Балуан Шолақ», Жайық Бектұровтың «Балуан Шолақ», өнертанушы Зейнұр Қоспақовтың «Бітімі бөлек Балуан» деректі хикаятында баяндалған. Балуан Шолақ туған жерін, атамекенін ерекше ыстық сезіммен жырлайды. Оның атамекеніне арналған өлеңдерінде пейзаждық лирикаға тән бейнелілік өрнектер басым. Ақындығы мен композиторлығы, әнші-орындаушылығы Балуан Шолаққа туа біткен табиғи дарын. Балуан Шолақтың «Бес ғасыр жырлайды» (2-том), «Қазақ поэзиясының антологиясы» жинақтарына өлеңдері енген. Бұл жинақтарға «Шын атым – Нұрмұхамед – Балуан Шолақ», «Мен өзім аққан судай тасып жүрмін», «Тау көрмедім Көкшенің биігіндей», «Желіп-желіп», «Жапалақ құс болғанмен кімге дәрі», «Атадан ұл тумайды мендей сабаз», «Абақты – азап орны, жайнаған шоқ», «Қынжыл», «Діңкілдек», «Сәлем айт, Мойынқұмның болысына», «Ыбырайыма», «Асы-жайлау» тағы да басқа өлеңдері кірген. Сонымен қатар әнші Жәнібек Кәрменов құрастырған қазақ әндерінің антологиялық жинағы бар. Сол жинаққа да Балуан Шолақтың бірнеше әні кірген. Жалпы Балуан Шолақтың нотаға түскен 50 шақты әнінің қай-қайсысының болса да тарихы бар. Олар белгілі бір оқиғаларға, жан жүрегін айрықша толқытқан жайларға байланысты туындап отырған. Балуан Шолақ 1914 жылы (кейбір деректерде 1912 жылы) заманында ата-бабалары мекендеген Алатау атырабына, Жетісуға қасына ерткен әртүрлі өнері бар сегіз серігімен келіп, Шу бойын, бір шеті Алматы мен екінші шеті Түркістанға дейінгі өлкені, қырғыз елін армансыз аралайды. Мұндағы елге өз әндерімен қоса, Біржан, Ақан әндерін таратады. Кенен секілді жас таланттарға ұстаздық етеді. Сонымен қатар Балуан Шолақ әндерінде реалистік үн басым. Ақын өлеңдеріндегі бейнелі өрілімдер мен тармақтар («Бойымда толып жатыр күш пенен бақ», «Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, кеудесін дұшпандардың басып жүрмін», «Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан, сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан, анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан») оның халқымыздың болмысындағы рухани қуаттылық, адамгершілік, имандылық қасиеттерге негізделген азаматтық, қайраткерлік ұстанымын аңғартады. Оған Балуан Шолақтың «Құлан кісінес», «Желіп желіп», «Кенже қоңыр» әндері бірден-бір дәлел. Көпшілік сүйіп тыңдар әндерінің әуеніндегі батылдық, өршіл мінез оның қайрат күшін айқындап тұрғандай тым жігерлі. Бұл әндердің сарынынан Арқа дәстүрінің мұрасының лебі сезіліп тұр. Халық Балуан Шолақтың бұл әндерін ыстық ықыласпен қабылдаған. Өршілдік танытатын әуеннен түзілген бұл әндер тыңдаушысын бірден елең еткізіп, тез баурап алатын. Балуан Шолақ шығармашылығы мәдениетіміздің шыңынан мәңгі орын алған құнды жәдігерлік мұра болып табылады. Оның әндерінің ерекшелігі – балуанның өзінің мінезіне тән ерлік, мәрттік байқалады. Балуан Шолақ әндері Арқа дәстүріндегі Біржан, Ақан, Жаяу Мұса әндерімен сабақтас, бір жағынан романтикалық асқақтықты байқасақ, екінші жағынан фольклордың ғажап сарынын аңғарамыз.
Сурет: www.galka.if.ua
Оқи отырыңыз:
Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық» өлеңін талдау
Cәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романының көркемдік, композициялық ерекшеліктері
Шоқан Уәлихановтың зерттеу еңбектері
Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романына талдау