ХХ ғасырда «математикалық қорқыныш» деген термин қалыптасты. Егер мектеп жасындағы баладан математика пәнін неге жақсы көрмейтінін сұрасаңыз, нақты жауап бере алмайды: «Ұнамайды», «Қиын», «Қызық емес». Алайда бұл өмірлік маңызды пәндердің бірі. Жасы қаншаға келсе де, әлі көбейту кестесін жатқа білмейтін адамдарды да кездестіріп жүрміз. Шығармашылық мамандыққа оқуға түскен болса да, бұл ұят жағдай.
Баланың математикадан қорқатынын көрсететін белгілер:
• мұғалім тақтаға шақырғанда, емтихан кездерінде (біліп тұрса да) жауап беруге қиналу;
• «мектепте барлығы жақсы біледі, мен ғана түсінбеймін» деген оймен өзін-өзі бағалауы төмендеп, өзіне сенімсіз болуы;
• математикадан үй тапсырмасын орындаудан қашу. Еріну не ойынға алаңдау себебінен емес, шешілмейтін есептермен бетпе-бет келгісі келмеу;
• есептің дұрыс шыққанына үнемі күмәнмен қарау, ең оңай есептердің өзінде басқалардың көмегіне жүгіну;
• үйренудің басқа да тәсілдерін (математикалық ойын, фильм, интернеттегі дәріс, онлайн сабақ) байқап көруге үзілді-кесілді қарсылық таныту. Бала әу бастан өзінің қолынан келмейтініне сеніп алуы.
Математиканы үйренуде балаға қалай көмектесеміз?
Оқуға кіріспей жатып балада үрей туғызбау. «Жақсы оқымасаң, өмірің құрдымға кетеді», «Егер бестік алмасаң, бізді ренжітесің», «Жақсылап дайындалғаныңда жақсы нәтиже көрсетер едің». Бұл сөздерді айту өзімізге күнделікті ақыл айту секілді көруінуі мүмкін, ал балаға ауыр тиеді. Ол ата-анамның үмітін ақтамадым деп өзін-өзі жей түседі.
Қиындық туғызатын сабақ туралы тек жақсы сөздер айту. Әп дегеннен барлығы жақсы болмауы мүмкін, есеп шығаруды бала бірден үйреніп кете алмас. Оған ашуланудың қажеті жоқ. Бала үй тапсырмасын орындауға көмек сұраса, барлығын өзіңіз шешіп бермеңіз. Дұрыс шешімге бағыт беріңіз, оқулықты қайта қарап, шешу жолдарын іздестіруді үйретіңіз.
Бала қиналатын сабақтарға өзіңіз қызығушылық танытыңыз. «Қызықты математика» деген секілді балама оқулықтар қарастырыңыз. Балаға үйрету үшін өзіңіз де үйреніңіз. Бос уақытында бас қатырғыщтар шешіп, логикалық тапсырмалар орындау да есепке деген қызығушылығын оятады.
Баланың мектептегі жетістігі мен болашақ өмірін байланыстырмаңыз. Әр пәннен жақсы баға алмаса да, ол сіз үшін, әлем үшін, өзі үшін бағасы төмендеп кетпейтінін айтыңыз. Сәтсіздіктерге жеңіл қарап, сонымен қатар берілмей алға қадам баса беруге дағдыландырыңыз.
Білім берудің басқа әдістерін байқап көріңіз. Бала өз мұғалімінің айтқанын ұқпауы мүмкін. Алайда бұл өмір бойы математиканы жек көріп өтуге себеп емес. Кез келген мәселеге басқа қырынан қарауға болады. Репетитордың көмегіне жүгіну, видеосабақтар көрсету, арнайы приложениелер арқылы дайындалу, онлайн-ресурстарды пайдалану мәселені жеңілдетуі мүмкін.