«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
Бұл таудың Беғазы аталу себебін қазақ-қалмақ жауласқан уақыттарда Бегайым атты қазақтың қара көз батыр қызының атымен байланыстырады. Халқымыз қыздың ерлігіне, биіктігіне сүйсініп, бірақ осындай қыздарымыздың аздығына нали, «бектеріміз көбейсе, азаймаса» деген арман-тілекпен Бегайымды еркелетіп Бек-аз деп атап кеткен екен. Сонымен ұзыннан-ұзақ созылған таудың бір үңгіріне батыр қыз жасауын жинапты деседі.
Шын батыр бір ұйықтаса, алаңсыз ұйықтайды демекші, кыз бір жорықтан шаршап келген бойда ұзақ ұйқыға кіріседі. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, бабаларымыздан бері сақталып келе жатқан жаман әдет «алауыздық» сол кездерде де болады. Бұны естіген жау қолы қуана келіп, бір түні Бегайымды сол үңгірде өлтіріп, ешбір асыл бұйымдарына тиіспей, үңгірдің аузын берік таспен бекітіп кетеді. Содан халқымыз батыр қыздарын өз үңгірінде емес, жау қолында өлді деп есептеп, құрметіне Арқаның ұзыннан-ұзақ созылған сол тауын «Беғазы» деп атапты.