Халқымыздың заңғар жазушысы Әуезов турасында сөз болғанда, оның эпопеяға дейін де өте шебер жазушы болғандығын анық айта аламыз. Қазақ әдебиетінде Әуезовтің қолынан шыққан дүниеге сыни көзқарастан гөрі қызығушылық танытқандар өте көп болды. Жазушы жасаған әйелдер галереясы әлем әдебиетіндегі ешқандай образдардан артық болмаса кем емес.
«Әуезов тілі – тек оның шығармаларында ғана емес – бүкіл қазақ прозасының,қала берді қазақ әдебиетінің қан тамырына тарап кеткен. Өйткені біздің бүгінгі әдеби тілімізді қалыптастыруда одан ірі тұлға болған емес. Сондықтан да Әуезовтен тіпті стилі бөлек жазушылардың өзі осы алып тіл сиқыршысының тәжірибесінен аттап кете алған жоқ»,- дейді Тахауи Ахтанов. Шын мәнінде жазушының ұлтына деген сүйіспеншілігі әр туындысынан аңғарылады.
Қазақ әйелдер галереясын жасау үрдісінде Әуезовтің алар орны бөлек. Өйткені ол жасаған әйел образы барынша шынайы. Қазақ әйелінің болмасын, қазақ қызының болмасын, қазақ анасының болмасын бітім-болмысы образдық тұрғыда шебер суреттеледі. Қалай? Себебі, қазақ әйелі қаншалықты қайсар болса, соншалықты жаны нәзік. Қаншалықты қайғыға дес берерлік шыдамды болса, соншалықты тауқыметтен көз ашпаған сорлы. Қаншалықты еркіндігі жоқ болса, соншалықты асқан ақыл иесі. Деректерге сүйенсек, жазушының эпопеяда 200-ге тарта әйелдер образының жиынтығын көркем суреттегенін білеміз. Десе де, эпопеяға дейінгі әңгімелеріндегі басты кейіпкерлердің тағдыры да тасада қалмағаны белгілі. Ендеше, Әуезов әңгімелеріндегі әйел образына зер салайық
Қарагөз – «Қаралы сұлудағы» қаралы келіншек. Бұл көште жалғыз жүдеу, жалғыз жабырқаған,қайғының тұсауында келе жатқан – сол Қарагөз...Мына дырдулы көштің басшысы болған – жалыз жесір әйел Қарагөз. Автордың келіншекті суреттеуінің астарында жалғыздық концепциясы, қайғы-мұң шеңбері, сонымен қатар қазақ әйелінің тұтас бейнесі бір образға сыйып кеткендей. Әуезов шығармаларында кейіпкерлердің есімдері қайталануы жиі орын алады. Оқырман үшін бір кейіпкердің басынан өткен сан қилы тағдырдың түйіні болып көрінуі де мүмкін. Бұл өзіндік құпия.
Ғазиза – «Қорғансыздың күніндегі» қорғансыз сұлу. Ғазиза... Ол – сыпайы,нәзік болып өскен Ғазиза. Көрген кезде көрер көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жас басына орнаған қайғы, жүрегін жеген дерт сыртына шығып тұр. Бұл жердегі сұлулықтың астарына ұлы қайғыны жасырып қойған да жазушы шеберлігі.
Рәбиға – «Қыр суреттеріндегі» келіншек бейнесі. Жетімсіреген елсіз далада жалғыз келе жатқан жаяу – зұлымдық,зорлықтан қашқан жас келіншек Рәбиға. Мезгілсіз шыққан жас әйелдің алдындағы тілегі – бостандық, ақырғы үміті – жалғыз бауыры Мұқаш.
Бұлардан бөлек Әуезов жасаған сұлу да сырбаз әйелдер бейнесі эпопеяның өн бойында тұнып тұр. Жазушының алғашқы пьесасы – «Еңлік-Кебек» болса, тұңғыш туындысы «Адамдық негізі – әйел». Ділдә,Ұлжан,Әйгерімнен бөлек, Тоғжан, Салтанат бейнелері де өз алдына көркем образдар. Автор жасаған әр кейіпкердің болмыс-бітімі біреудің ет жақынының бейнесі іспеттес. Суреткердің ұтқырлығы да осы жерден аңғарылады. Әйел образын шебер суреттеу үшін әйел жан-дүниесін, оның психологиясын, өмірге көзқарасын, күйзелісі мен қуанышын сезіне білу шарт. Автор өз тәжірибесінде бұл қағиданы бұлжытпай орындай білген бірден-бір жазушы.
Қорыта келгенде, бастауын "Адамдық негізі – әйелден" бастаған жазушы галереясын тұтас дәуірдің толық жиынтығын әйел бейнесімен әдемі суреттеген. Әуезов әрлеген әйелдер образы сол үшін де құнды.