Абайдың алдын көріп, ұлы ұстаз ақыннан ақындық, әншілік өнер жолында үлкен тағылым алған талантты шәкірттерінің бірі – Әсет Найманбайұлы. Қазақ даласын әнмен тербеген Әсеттің өзі өмір кешкен тұста халқының ақберен ақыны ретінде көптің көзайымына айналды. Әсет Найманбайұлы шығармаларындағы заман шындығы – ұланғайыр мәселелерді қамтитын ауқымы зор тақырып. Ақын сөзі, нағыз ақын сөзі – заман шындығы.
Әсет Найманбайұлы – нәзік сезімді, ұшқыр ойлы ақын ғана емес, тілге бай, бөгелмей жүйткейтін айтыс өнерінің де өрен жүйрігі. Әсеттің Абайдың басқа шәкірттерінен дараланатын ерекшелігінің өзі – ақын Абай тәлімін қытай отарында қалған Шығыс Түркістан қазақтарына өз сөзімен және ісімен насихаттаған дара әдебиет өкілі болды.
Дара ақынның шығармашылығындағы аса құнды қазына – шығыс тақырыбы десек, бұған да шығыстан шошитын коммунистік идеология тыжырына қарады. Соның кесірінен Әсеттің «Барат қыз», «Шеризат», «Кешубай», «Ағаш ат», «Самсая» сияқты соншама көркем хисса-дастандары бертінге дейін жарық көрмеді. Қазақ ұлтының өз тұсындағы озық ойлы бай-мырзалары, би-болыстары, қажылары Әсетті жоғары құрмет тұтқан. Әсет Арқа мен Жетісу, Алтай мен Тянь-Шань арасына өнер шашқан, ғибрат айтқан жиһанкез ақын. Ол құдай, құран, иман жолын, шариғатты өлеңмен уағыздаған.
«Атым – Әсет, руым – Қарашордан,
Ішінен көлдария шықтым молдан.
Басында хазіреттің шәкірті едім,
Осы өлең адастырды орта жолдан», - деп халқына өлеңнің құдіретін танытады.
Әсет топқа түскенде төпеп айтатын төкпе ақын. Осы тұрғыдан қарағанда, Кемпірбай, Сүйінбай, Жанақ, Жамбыл тектес ауыз әдебиеті алыптарының қатарын Әсет толықтырады. Тегінде Әсет өнердің шыңына шыққан ұлы өнерпаз екенін еске алсақ, Біржан Сал, Ақан серілердің жалғыз қара жалғасы да – әнші Әсет. Абай шәкірттерінің арасында заман тұрғысы, ақындық үлгісі Шәкәріммен шендесетін тек Әсет қана.
Әсет Найманбайұлы жайлы аз жазылған жоқ. Әсеттің есімін ебін тауып, өз шығармаларының ішіне алғаш елеусіздеу кіргізіп, кейін Әсетті Абай шәкірті деп жаңғыртқан Мұхтар Әуезов еді. Абайдың «Әсетке» деген әйгілі өлеңін кейінгі ұрпақ теріс түсініп қалмас үшін Мұхтар Әуезов: «Абай аса жақсы көрген адамын қатты сынаған», - деп Абай мен Әсет арасын алтынмен дәнекерлеп кетіпті.
Бала күнінен Әсет ақынды пір тұтқан құлагер ақын Ілияс Жансүгіров 20-жылдардың өзінде «Бұлбұлға», «Тұңғыш тоғысу», «Әнші» атты Әсетке арнаған үш өлеңін жариялады. Ақсұңқар ақын Сәкен Сейфуллин 1931-ші жылы шыққан «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» кітабына Әсетті кіргізген. Академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» монографиясында Әсеттің музыкалық өнеріне талдау жасаған. Сәбит Мұқанов Қытайға барған сапарынан жазылған «Алыптың адымдары» кітабында Әсеттің басына барып тәуіп еткенін, ақынның арыздасқан ұзақ өлеңін жазып алғанын сөз етеді.
Әсет Найманбайұлын замандастары «Адамның бұлбұлы» деп атапты. Бұл – ақынның таңғажайып талантына берілген асыл баға еді. Кеңес үкіметіне қарсы ұлтшыл, түрікшіл атанған Әсетті де халқымыздың тәуелсіздігі жолында құрбан болған Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай сынды ұлы тұлғалардың бірі деп білеміз. Себебі, Әсет Кеңес үкіметін құшақ жая қарсы алып, қошеметтеп ән салып, өлеңге қоспаған еді. Олардың ақылға сыймайтын әрекеттерін әшкерелеп, «Жаңа штат» деген өлең шығарып, оны жұртқа жайып жіберген.
«Асуға ат шықпағар арба шықты,
Бүркітті қанды балақ қарға жықты.
Құл – сұлтан,
Күң – ханыша болған заман,
Кешегі торғай билеп самұрықты», – деп ақтық демі біткенше елінің елдігін ойлап өткен Әсет Найманбайұлының сүйегі Құлжа қаласының сыртындағы иен тауда жерленген.