Сөзді орынды қолданудың маңызы зор. Табиғаттың, тіршілік иелерінің не істейтіні, әрекеті қандай болатыны бір-ақ ауыз сөзбен жеткізуге болады.
Бақ қонады, ұшады
Қасиет жұғады.
Өнер дариды.
Ырыс артады, ауады.
Құдай қалайды.
Пайғамбар қолдайды.
Қырық шілтен сүйеді.
Періште демейді.
Мәртебе көтеріледі.
Абырой артады.
Сәби еңбектейді, қаз басады.
Төл аяқтанады, ауызданады.
Күшік бауырын көтереді.
Соқыр (мысықтың баласы) көзін ашады.
Адам науқастанады, сырқаттанады.
Дене, жан ауырады.
Мал ауырады.
Науқас сауығады.
Ауру айығады.
Жара жазылады.
Сынық бітеді.
Дәрісті оқиды.
Шөп өседі.
Береке кіреді, қашады.
Ар ұялады.
Бет жыртылады.
Жан қорқады, күйеді.
Көңіл құлазиды, сергиді, ортаяды.
Сана сарғаяды.
Сезім сағынады.
Құмар қанады.
Жүрек лүпілдейді.
Тамыр соғады.
Зәре ұшады (қорқу).
Жан иесі қартаяды.
Зат, мүлік тозады.
Адам жүдейді.
Мал ариды.
Адам қорқады.
Мал үркеді.
Адам тояды.
Мал тоғаяды.
Адам тынығады.
Мал тыныстайды.
Адам тамақтанады.
Аң жейді.
Мал оттайды.
Балық жұтады.
Мал, аң малтайды.
Адам, құс жүзеді.
Зат (суда) қалқиды.
Адам оңалады.
Мал семіреді.
Аң, құс түлейді.
Білімді тоқиды.
Үлгіні алады.
Баланы уатады.
Үлкенді жұбатады.
Ашуды басады.
Күлкіні тияды.
Сөзді доғарады, тоқтатады.
Мысқыл, сықақ түйрейді.
Әзіл іледі.
Қалжың қағытады.
Мал күйлейді.
Құс шағылысады.
Қасқыр, ит ұйығады.
Мысық мауығады.
Айғыр шабады.
Бура шөгеді.
Бұқа сүреді.
Қошқар, теке қашырады.
Аң айқасады.
Інген қайиды.
Бие айғырдан шығады.
Сиыр, қой, ешкі қашады.
Ұлды сүндеттейді.
Атты ақтайды, піштіреді.
Бұқаны кестіреді.
Қошқар, текені тарттырады.
Жүйрікті баптайды.
Бүркітті баулиды.
Балаға үйретеді, оқытады.
Түйені жүндейді.
Жылқыны күзейді.
Ешкіні тарайды.
Қойды, ешкіні қырқады.
Адам туады.
Әйелді екіқабат дейді.
Малды буаз дейді.
Мал төлдейді.
Аң балалайды.
Балық уылдырық шашады.
Құс жұмыртқалайды.
Мал қасынады.
Балықты аршиды.
Жүйрік озады.
Шешен ұтады.
Жылқы жусайды, үйездейді.
Басқа мал күйсейді.
Түйе шөгеді.
Түйе тарпиды.
Жылқы тебеді.
Құс таранады.
Палуан жығады.
Батыр жеңеді.
Сейіт Кенжеахметұлының еңбегінен