«Ә. Нұрпейісов қырқыншы жылдардың орта шенінде өзі ішінде болып, бүге-шүгесін әбден анық білетін Курляндия оқиғасынан очерк жазбақ болады. Оның жазушылық жолы осыдан басталған. Сөйтіп, осынау авторлық идеясын жүзеге асыру үстінде оның творчестволық ой өзегі өзгереді де отырады: очерк көлемді әңгімеге, әңгіме повеске, повесть қалың романға айналып, онысы әуелі «Курляндия» боп жарық көрді де, кейін «Күткен күн» боп бастан-аяқ қайта жазылды. Қысқасы, авторлық идеяның объективтік идеяға айналу барысы – өз алдына тірі тарих, бүтін біпр творчестволық процесс». Зейнолла Қабдолов «Курляндия» романының жазылуы туралы осындай пікір айтады.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі оқиғалар, халықтың тұрмысы жайлы осы романда айтылады. Романда реализмді көруге болады. Өйткені, Есей, Петр Денисов, Қожақ, Самед сияқты кейіпкерлер күнделікті өмірдегі бейнелерімен суреттелген. Олардан басқа Ғизатуллин, Баян, Миронов, Остапчук тәрізді біраз кейіпкерлер осы образдарды толықтыра түседі. Курляндия түбіндегі жойқын ұрыстарға қатысқан осы тұлғалардың қимыл-әрекетінен патриоттық сезімін, ой-армандарын Ұлы Отан соғысының дауылдарымен астасып жатты. «Бір үміт, бір күдік» демекші, соғыстың бітуін, арман-мақсатының орындалғанын күтті.
Шығарманың басты кейіпкері – Есей, Денисов, Қожақ. Олардың есімдерін шығарманың өн бойынан таба аласыздар. Есей – ержүрек, еліне шын берілген, жаны кіршіксіз таза жан. Есей өзіне ауыр тапсырмаларды сұрап алып, тыңғылықты атқарғанды жаны сүйеді. Ол Отаны үшін жанын береді, Отанға деген ыстық махаббаты ешқашан сөнбейтіні әңгіме болады.
Петр Денисов пен Қожақтың мінездері оқиғалар барысында көрініп отырады. Оқырман есінде бірден жатталатын, жағымды кейіпкерлер. Шығарманы оқи отырып, олардың қылықтары мен әрекеттеріне сүйсіне қарап, етене таныс боласыз. Бұл – автор шеберлігі. Петр Денисовтің мінезі жарқын, әзілге жақын жігіт. «Ер басына күн туса, Ер етікпен су кешер» демекші, үш атпалдай ер жау қоршауында қалған күннің өзінде де жаймашуақ мінезінен таймай, достарына күш беріп, әзіл айтып, жандарына демеу болған.
Ал Қожақ та әзілді сүйетін күлдіргі адам. Дегенмен, жазушы Денисов пен Қожақты шеберлік танытып ерекшелейді. Денисов ашықтау болса, Қожақтың сәл қулығы бар. Айтар ойын мысқылдап, миығынан күліп айтып жүре береді. Тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын Қожақ шама-шарқы келгенше істеп бағады. Бірақ, ішінде тынып жатқан асыл мұраты бар.
Романдағы тағы бір кейіпкер, совет генералдарының өкілі Разумов. Оқта-текте көрініп қалатын, оған әжептәуір екпін түсіріп суреттелмесе де, шағын оқиға барысында адамдық тұлғасы көрініп қалды. Роман авторы оның қолбасылық өнерін, ұрыстағы әдіс-тәсілдерін суреттей отырып, жеңіске жетудің жолын көрсетеді. Әскердің жеңіске жетуінің сыры әскер басыларының жауынгерлермен бірлігінде. Олар бір-бірін моральдық та, рухани жағынан да үндескен. Генерал Разумов өз жауынгерлерінің хал-жағдайын, көңіл-күйін бақылап отыратын байқампаз адам.
Жалпы, романның тілі, көркемдік ерекшелігі, мазмұны, образдардың бейнесінде жүйелілік бар. Автор кейіпкерлердің бейнесін, ішкі жан дүниесі мен сыртқы болмысын өмірдегідей етіп суреттейді. Автор кейіпкерді оқырманға таныстыру мақсатында, алдымен, оның портретін суреттейді.
«Оның екі иығы шығыңқы, шалқақ кең жауырынды зор денесіне қарамастан, офицерлік погоны бар солдат шинелі салалы ұзын бойына қолпылдап кең тұрды... Жол азабының қиындығынан ба, жоқ әлде, түн ұйқысы шала болғанынан ба, — әйтеуір жас лейтенанттың сұрғылт тартқан, қоңырқай қансыз бетінде бір қаталдық сұс бар еді. Ағы қызарған шаралы үлкен көздер қараған жеріне аумай қадалады». Бұл – Нұржанның бейнесі. Нұржанның сұстылығының себебін білдіруі, оның келбеті анық берілген.
Міне, Әбдіжамал Нұрпейісовтің «Курляндия» романы Ұлы Отан соғысының сұрапыл сәттерін суреттейтін туындылардың бірі болып, әдебиет аспанында бір ғаламшар ретінде қалмақ. Курляндия түбіндегі шайқас арқылы біраз образдарды жинақтап, оқырманын еліктіріп, қызықтырады. «Қан мен тер» романымен әлемге танылған бұл автордың шеберлігінде сөз жоқ-ау, сірә!
Оқи отырыңыз:
1. Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық» өлеңін талдау
2. Тың игеру кезеңіндегі қазақ әдебиеті
3 Cәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романының көркемдік, композициялық ерекшеліктері
4. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романына талдау
Сурет: blogspot.com