- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Әлемдік басқару формалары...
Әлемдік басқару формалары
Басқару психологиясы – ұжым мен компанияны, мекеме мен қоғам мүшелерін тиімді басқару көздерін қарастыратын пәнаралық ғылым. Заманауи басқару психологиясында әлемдік басқару мәдениетінің төрт түрлі үлгісі бар. Олар – америка басқару мәдениеті, жапон басқару мәдениеті, еуропа басқару мәдениеті және кеңес басқару мәдениеті.
Бұлардың айырмашылығы туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Назираш Жұбаназарова мен факультет профессоры Забира Мадалиева түсіндіріп берді.
Америка басқару мәдениеті
Ғалымның айтуынша, Америкадағы басқару психологиясы басқару мәдениетін – бөлек сала ретінде қарайды. Ал басқарудың өзін – бөлек іс-әрекеттің түрі, арнайы оқуды қажет ететін мамандық деп біледі. Басқару маманды менеджер дейді. Әрі менеджерге басқарудың қыр-сырын білетін профессионал ретінде қарайды. Америкада менеджерлікті арнайы білім алып оқиды. Көбіне екінші мамандық ретінде алады. Біріншісі, инженер, заңгер, экономист, дәрігер, тағы да басқа мамандықты игерсе, екінші мамандық ретінде менеджерлікті оқу арқылы ғана басқаруға келеді.
АҚШ-та басқаруды зерттеу мен игеру үшін жүздеген бизнес мектебі, он мыңдаған консалтинг фирмалар, арнайы ғылыми институттар құрылған.
"Америка басқару мәдениетінің негізінде – ағылшын халқының рационализм ұстанымы жатыр. Басқарушы адам тек өз күшіне ғана сенеді, бәсекеге қабілетті болуға тырысады әрі прагматизммен әрекет етеді", - дейді Назираш Сүлейменқызы.
Жапон басқару мәдениеті
Жапон халқы – еңбекқор, өте төзімді, адал халық. Шығыс мәдениетінің үлгісін ұстанатын сеніміне берік халық. Жапон халқы өзінің салт-дәстүрі мен салт-санасы, мәдениетіне негізделген басқару моделін ойлап тапты. Соның арқасында экономикалық жарылыс жасады. Жапон басқару менеджемент концепциясы бойынша басқарушы адам ең алдымен өзінің тәжірибесіне сүйеніп басқаруға келуі тиіс. Яғни, компанияның өз ішінен шығуы керек. Басқару баспалдағынан өтіп, тәжірибе жинауы қажет. Сол фирма мен компанияның әр бөлімшесінде жұмыс істеп тәжірибе жинағаны абзал.
"Жапондардың басқару мәдениетіне салсақ, басқарушы адам білікті маман ғана емес, адамгершілік қасиеті мол, өз ісіне берілген, жұмыс істеп жатқан орнын – компаниясы мен фирмасын жақсы көретін, адал адам болуы қажет", - дейді профессор Забира Мадалиева.
Еуропа басқару мәдениеті
Америка мен жапон басқару мәдениетінің негізінде жасалған басқару формасы. Еуропа дәл америкалықтар сынды басқару менеджментін дамыту үшін бизнес мектебі мен орталықтарды, институт мен басқа да біліктілікті дамыту мекемелерін ашып тастаған. Бірақ АҚШ-тағы көлемге жетпейді.
Алайда ең қызығы да сол – еуропалықтар американың басқару үлгісіне үміт артқанымен, басқаруды – бөлек мамандық, бөлек менеджмент деп қарамайды. Сондықтан менеджерлерге деген бұл елдерде аса сұраныс жоқ.
Кеңес басқару мәдениеті
Қазақстан әлі күнге дейін кеңес басқару мәдениетінің үлгісін ұстанады. Яғни, басқарушы адам белгілі бір лауазымды тұлғалардың ұсынуымен тағайындалады, басшылық қызметке келеді. Ол үшін арнайы басқару білімін оқып қажет емес. Тек басшылыққа адам болсаң жеткілікті. Басшылық жиі ауысады, әр ауысқан орынды басқару үшін білім мен біліктілік, тәжірибе қажет екені түсінікті.
Кеңес басқару мәдениетінің бір ерекшелігі – менеджерлер төтенше, қиын жағдайда нәтижелі жұмыс істей білген, команданы тығырықтан шығара білді. Бірақ қалыпты өмірде ондай жанкештілік болмады, сондықтан ұжымда даму баяу жүрді. Бұл жүйеде мемлекеттік приоритетке басымдық беріледі, жеке адамның құқығы басты орында емес. Тағы бір ерекшелігі – кеңес басқару формасы бюрократияға толы.
Сондықтан соңғы уақытта Қазақстан америка мен еуропаның басқару мәдениетінің үлгілерін қолдана бастады.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультетінің
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті Н.С.Жубаназарова
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры З.Б.Мадалиева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты Қ.Слямбеков
Қ. Слямбек