- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- «Аласапыран»: тарихи роман...
«Аласапыран»: тарихи роман екендігі, оның жанрлық сипаты
Көркем әдебиет өнері өзінің төл тарихымен тамырлас бағалы шығармалардан кенде емес. Өткен тарихымыз бүгінгі күннің айнасы. Тарихи шығарма бүгінгі күні еліміздің өткен тарихынан сыр шертер құнды әдеби мұрамыз. Осындай көркем әдебиеттің арқасында әр халық өзінің өткен тарихымен таныса алады. Осыған қарасақ, тарихи роман жанры бұл тұрғыда үлкен рөл атқаратыны айдан анық.
«Аласапыран» тарихи шығармасында жеке адам өмірі халық тарихымен, сол дәуір көшімен тығыз байланыста көрсетіледі. Сан түрлі қауым, сан түрлі образдар сыры ашылады. Сол суреттеліп отырған тарихи кезеңнің негізгі қасиеттері бойларына сіңген тұлғалы жандар бейнеленеді. Көркем кейіпкерлердің ой-сезім, күйзеліс, толғаныстары арқылы күрес арнасында сол дәуірдің небір сырлары баяндалады. Тарихи шындыққа үлкен жауапкершілікпен қараған жазушы нақты дерекке көбірек назар аударған. Өткен тарихымызға зер салсақ, қазақтың және көршілес елдердің тұтас тағдыр-тарихы қанды қырғындармен, шайқастармен өткені бірден байқалады. Шығарма барысында олардың отаршылдықтың зауалын, қырғын мен қуғын-сүргіндердің, қасіреттің небірін бастан кешіргендігін көреміз. Сол шерлі шежіре «Аласапыран» романында кеңінен көрініс тапты.
Бұл туындыны бір сөзбен айтқанда, көне мұра, ұлт мәдениеті, еңселі елдің болашағы. Ноғайлы, Алтын Орда дәуірінен бергі қазақ хандығының тарихын зерттеген М.Мағауиннің суреткерлік шеберлігі шығармада жақсы үйлесімділік тапқан. Романды оқығанда көз алдыңыздан XVI ғасырдағы қазақтың азат даласы, Ібір-Сібірдегі Көшім хандығы, мұнаралы Мәскеудегі орыс патшалығының ісі ретімен тізіліп өтіп жатады. Сонымен қатар, шығарманы оқығанда ойыңа оралатын сан түрлі сұрақтарға жауап та табасың. Хан ордасы, Алаш бегі, ұлыс бегі, сұлтан, батыр, оғлан дегендердің кім екендігін анық аңғартады. Оны оқығанда адам баласының сүйсінерлігі соншама, мол материалды қамтыған кесек шығармадан шұбалаңқылық, не оқиға желісінен селкеулік сезілмейді. Себебі, соның бәрі де бас қаһарман Ораз-Мұхаммед тағдырына қатысты түрде жазылған.
Қандай да болмасын көркем туындыны сөз еткенде оның өзінен бұрынғы шығармаларға ұқсастығын емес, қайталанбас ерекшелігін алдымен іздеген абзал. Кейбір шығармалардың жанрлық сипатын талдау мен бағалау қиындық келтіреді. Мұның себебі олардың құрылысы, жалпы бітімі, оқиғалар жүйесі айрықша өзгеліктен туындайды. Осындай шығармалар қатарына М.Мағауиннің «Аласапыран» романын қосуға болады. «Аласапыран» романында он алтыншы ғасырдың аяғы мен он жетінші ғасырдың басында өмір сүрген Ораз-Мұхаммедтің қырық жыл өмірі арқылы қазақ халқының саяси-әлеуметтік ахуалы, ішкі қайшылықтар, сыртқы жаулар, әсіресе, орыс халқының жыртқыштық саясаты, ар, намыс үшін кескілескен ұрыстарда қазақ халқының өз тәуелсіздігін қорғауға қажыр-қайрат таба білгендігі, осы оқиғалар тұсында қол бастаған Мұрат сұлтан, Көшек сұлтан сияқты ұландарын ардақтай жазады. «Аласапыранды» оқып шыққанда жазушы жұртқа белгілі тарихи оқиғалардың хронологиялық ізімен жүріп отырғанын аңғарамыз. Сонымен қатар мұнда көркем шығармаға ғана тән көп әсерлі ақиқаттарды – адамдардың күйініш-сүйінішін, арманы мен өкінішін, ықыласы мен мұратын, кейіпкерлер тарихы мен тағдырын табамыз. Көркем шығарма эстетикалық деңгейі жоғары, айтар идеясы айқын, терең мазмұнды. Тіл құдіреті арқылы жазушы сөз қазынасын молынан пайдаланып, шығарманың жанрлық сипатын даралай түседі.
Шығарманың дара келбеті, көркемдік ажары, оқиғалық жүйелері жазушының қарымды қаламын айқындап тұр. Бұл шығарманың тәрбиелік, танытқыштық мәні үлкен. «Аласапыран» диологиясы – халық өмірінің өткені мен қазіргісінің арасында қаншалық айырмашылық бар екендігін ұқтыратын төл туындымыз.
Сурет: semeymusey.kz
Ж. Исакаев