- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- «Аласапыран» романындағы қазақ...
«Аласапыран» романындағы қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігі, алғашқы орыс-қазақ қатынастары
XV ғасырдан дербес халық ретінде шаңырақ көтерген қазақ халқының сырт жаудан, іштен шалған дұшпаннан көрген құқайы көп. Алайда XVI ғасырдың табалдырығын аттай бере жұртымыз есесін ешкімге жібермейтін іргесі мықты елге айнала бастады. Осы бір қилы заман келбетін бейнелеуге қазақ қаламгерлері білек сыбана кірісті. Осы ретте І.Есенберлиннің «Жанталас», «Қаһар», Ә.Әлімжановтың «Жаушы», М.Мағауиннің «Аласапыран», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», С.Сматаевтың «Елім-ай», Б.Алдамжаровтың «Ұлы сел», Қ.Салғариннің «Алтын тамыр» романдарын ерекше атауға болады. Бұлар халық тағдарының төрт ғасырлық қасіреті қалың кезеңінің шынайы көркем тарихын танытқан туындылар.
І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романындағы көптеген оқиғаның жалғасы ретінде жазылған шығарма бар. Ол – қазақтың халық болып қалыптаса бастаған тұсындағы өмірін, әдет-ғұрпын барынша шынайы бейнелеген М.Мағауиннің «Аласапыран» диологиясы. Ел басына күн туған шақта елім деп еңірген ерлерді топ алдына шығарған бірден-бір шығарма болып табылады.
Қазақ халқы біржола қазақ аталып, өзінің елдігін сезінген сонау қилы заманда халықтың этникалық тұтастығын, экономикалық-саяси, әлеуметтік құрылымын сақтап қалу үшін жан аямаған тұлғалар бар. Соның бірі – Тәуекел хан еді. Бабалары Жәнібек, Тәуке, Есім хандар қаншама тырысқанымен, іргелі елдермен достық қарым-қатынас жасауға қолдары қысқалық етті. Профессор Н.Ғабдуллиннің тілімен айтқанда, М.Мағауин қазақ елі тарихының ең қиын-қыстау кезеңінің, аласапыран уақыттың ауыр шындығын танытты. Оңтүстік жағынан Бұқара хандығы, теріскей батысынан Ноғай шапқыншылары, шығыс жақ бүйірінен қалмақ жаушылары қылышын қылтылдатып отырған тарихи шындықты дәуірдің тарихи тұлғаларының іс-әрекеттерімен ашады. Романда қамтитын оқиғалардың географиялық аумағы өте кең. Қазақ елі мен Сібір, Орта Азия, Ресей мен Қырым, Польша... Басқа елдермен арадағы қырғын соғыстар халық бұқарасының ашу-ызасын өршітіп, алаңға салды. М.Мағауиннің шеберлігі – сол заманның ақиқатын ашып, көзімен көріп қайтқандай нақты суреттейді. Романның танымдық қасиеті мол, уақыт бедеріне сай шыншылдығымен ерекшеленетін «шебер қаламнан туа алатын қымбат қазына».
«Қазақ даласы» деп аталатын алғашқы бөлімінде-ақ жазушы көшпелі қазақтың тұрмыс-тіршілігін хан сарайынан бастап, көшпенділер лашығына дейін суреттейді. Көне дәуір тарихының көмбесін ашып, асылын ардақтап жүрген М.Мағауин, орыс халқы мен қазақтар арасындағы байланысты шығармасына арқау еткенде, жұртымыз арқа сүйеп, біреудің қолымен от көсеп, жан сақтауды мақсат қылмағанын ашық айтады. Аяқты мал еркін жайылар жері, жау қашырар тұрақты әскері, бірігіп қимыл жасар одақтастары әлсіз болғандықтан, заңғарға қол созуды армандайды. Орыс жұртына апарар жолды елінің қамын ойлап бағыт нұсқаған Қасым, Есім, Әз-Тәуке хандар еді. Сол үзілген жолды қайта жалғауға саналы қадам жасаған – Тәуекел хан. Бірақ тағдыры тұйыққа тіреле бастаған елдің мұңынан гөрі, іргелі елдің батыл ұсынысы ойды сан-саққа жүгіртті.
Жазушы сұрапыл заманның қайғысын суреттей отырып, күллі қазақ халқы туралы жоғары пікір түюге мүмкіндік жасайды. Бұл романда жазушы іргелі мәселелерді ірі кейіпкерлер, ауқымды қимыл-әрекеттер арқылы түйіндеуге тырысқан. «Жаны алау от» Ораз-Мұхамед пен Тәуекел хан төңірегін қоршаған сұлтан, оғлан, қарашы бек, билер мен батырлар, Ерофей Глухов, Петр Урусов, Саманай батыр, Көшім хан, оның сүйікті ұлы Асманақ, Иван Болотников, бас гетман Рожинскийдің шығарманың тұтас жүйесінен осал қаһармандар еместігін танимыз.
Мұхтар Мағауин қоғамның саяси-әлеуметтік, таптық сипатын терең аңғара білген. Шығармада тарихи тұлғалардың шыншыл бағасы берілмей, қисық айнамен мадақтауға ұрынатын тәсілден М.Мағауин алғашқылардың бірі болып бас тартқан. Кейіпкерлер өміріне үңіле отырып, қазақ даласын, орыс мемлекетін басқарып отырған зиялы қауымның саясаты мен санасына, парасаты мен кісілігіне, арман-мұратына еріксіз назарың ауады. Оқиғалар өмірдің типтік шындығынан құнар алғандықтан, кейіпкерлері де ажарлы, бітімі бөлек.
Сурет: vasi.net
Ж. Исакаев