- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Әл-Фараби мен Абайдың...
Әл-Фараби мен Абайдың ұқсастығы #2
Әл-Фарабидің «қайрат», «ақыл» және «жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңінде де әрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген.
Абай ақыл мен қайраттың иесі болған адамды «жарты адам» дейді. Өйткені ондай адам тек «суық ақыл» мен «жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі. Ал бойына осы екі қасиетпен қоса-қабат әділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана «толық адам», яғни ол енді «нұрлы ақылдың өкілі» деп танылады. Сөйтіп, Абайдың «нұрлы ақыл» жайындағы тұжырымының қайнар-бастаулары әл-Фарабидің интеллект туралы ілімінде жатқанын аңғару қиын емес.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Оған «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» деп аталатын ғылыми еңбектері жатады. Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударған. Этиканың зертеу объектісі – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы – бақыт. Сонымен қатар ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды деген пікір айтады. Ақыл мен адамгершілік, қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді. Әбунасыр айтуынша, адам өзінің мінез-құлқын жетілдіре түсу үшін, ең алдымен, ол өзіне-өзі мейлінше адал болуы тиіс. Сонда ғана адам өз бойындағы ізгілікті қасиеттерді барынша жетілдіруге мүмкіндік алады. Әбунасыр «қандай шебер әдістің жәрдемімен жақсы мінез-құлыққа жететінімізді қарастыруымыз керек» дей келіп, әзіл мен күлкі сияқты құбылыстарға моральдық-этикалық тұрғыдан баға береді. Қоғамдағы әрбір құбылыс шектен шығып кеткен жағдайда адамға теріс әсер ететіні сияқты адамның мінез-құлқындағы шамадан асып кеткен көріністер де ізгі қасиеттерге кері ықпалын тигізеді. Осы пікірін түйіндей келіп, Фараби: «әзілқойлық – әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал әзілдеу оңай болғандықтан, біз соған бейім бола бастаймыз. Енді бізге қалғаны бір шеткеріліктен екінші шеткерілікке немесе орташа мөлшерге ауысуды жеңілдету үшін қандай амалдар бар екенін білу» деп жазады. Әл-Фарабидің осы моральдық-этикалық тұжырымын Абай өзінің «Төртінші сөзінде» жетілдіре түседі: «Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек».
Ж. Исакаев