- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Ақылбек Сабалұлының шығармашылығы...
Ақылбек Сабалұлының шығармашылығы
Ақылбек Сабалұлы (1880-1919) – ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, әдебиет тарихынан орын алуға тиісті ақындардың бірі. Ол араб, парсы, түрік тілін жетік меңгерумен бірге, орыс тілін әжептәуір білген. Түрлі қиссалар жазып, бірнеше кітаптар шығарған. Оның өз сөзіне қарағанда, 29 кітабы жарық көрген. Олардың көбі қисса түрінде болып келеді. Солардың он сегізі ғана Қазақстан Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы, қалғандарын Мәскеу, Ленинград, Қазан қалаларынан ғана табуға болады. Ақылбек Сабалұлы небәрі отыз тоғыз жас қана ғұмыр кешіп, дүниеден ерте озған.
Ақылбек Сабалұлы өлең, қиссаларында адалдықты, кісілікті, қарапайымдылықты, қажырлы еңбекті, тіпті оқу мен білімді де жатпай-тұрмай үйрену керектігін діттейді. Өзі оқырмандарына жақсылықтың соңынан шам алып түсуді, жайсаң жандарды қадірлеп-құрметтеуді баса айтып отырған. Шығармаларының қай-қайсысында да әділдік пен шындық жеңіп, қараулық пен қаскөйлік жеңіліс тауып отырады.
«Сұм заманда» адал еңбек пен кісіліктің адамы барлық мұрат-мақсатына жетеді де, керісінше өркөкірек, тоғышар, жалқаулар өне бойы жер шұқып, төмен қарап қала беретінін көреміз. «Қисса Ибраһим Хасипнамаұлы» атты шығармасында жас кейіпкері Ибраһим бір қыздың суретін көріп, соған сыртынан ғашық болады да, көп азап тартады. Бұл шығарманың негізгі айтайын деген ойы – шын іздеген адам жоғын табады, беріле адал сүйген жігіт ғашығына қосылады дейтіндей. Ал «Қисса Никмет – Нығыметте» адам баласының бүкіл мұрат-мақсаты артына ұрпақ қалдыру екені айтылады.
Ақылбек Сабалұлының айрықша назар аударуды қажет ететін кітабы – «Ғибратнаме». Ол осы еңбегінде өмірге, адамдарға, жақсылық пен жамандыққа, қараңғы мен жарық сәулеге, ақ пен қараға, барлық пен жоқтыққа жан-жақты ой жібереді:
Сөйлесем келістіріп сөзім ашық,
Жасымнан қисса сөзге болдым ғашық.
Жай сөзді өлең қылып хатқа тізсем,
Бұған да естіген жан болар ғашық, - деп ақын бір сәт бүкіл кеудесін қысқан тапшылығы мен кедей тұрмысын ұмытып, домбыраға саз қосып, тебірене толғайды.
Ақын өз өлеңдерінде туыстық қарым-қатынасты, достықты көп жырлаған. Жақсы, жанашыр сыйластықты аңсап іздеген, еміреніп күткен.
Ағалар, қастық қылма достасыңа,
Арамдық кіргізбеңіз ықыласыңа, - дей отырып оқушысын, бүкіл көпшілік қауымды адалдыққа, кісілікке, парасаттылыққа шақырады.
Ақынның ел ішіне мол тараған тағы бір туындысы – «Бозжігіт» дастаны. Ақылбек осы шығармасын 1910 жылы тәмамдап, 1911 жылы «Қисса-и Бозжігіт» деген атпен Қазан қаласынан шығарған. Қазақ тілінде жырланған ғашықтық дастаны ел ішінде тез тарап, ертеден мәлім болды. Қайым Мұхаметхановтың айтуынша, «Бозжігіт» дастанының қазақ тілінде 1842 жылы жазылған нұсқасы жарияланған.
Ақылбек Сабалұлының бүкіл шығармашылық мұрасын жинақтап айтар болсақ, адам бойындағы кісілік, парасаттылық, адалдық, қажырлы еңбек, оқу-білім, өнерді жырлау дер едік.
Ж. Исакаев