Ақұштап Бақтыгереева - 1944 жылы 28 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Ақжайық ауылында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар пединститутының филология факультетін бітірген. 1966–1971 жылдары Орал облыстық «Орал өңірі», Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971–1972 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972–1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975–1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор болған. Қазір Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры.
Тұңғыш өлеңдер жинағы – «Өрімтал» 1967 жылы жарық көрді. «Наз» (1969), «Қанышым – іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) атты кітаптары басылып шықты. 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы, 2004 жылы «Лебединая верность» атты жинағы жарық көрген. С.Капутикян, В.Тушнова, А.Ахматова өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.
Ақұштап ақынның бүкіл шығармашылығын шолып шыққан адам оның жырларының ең басты екі тірегін байқар еді: ол - ақынның туған ел мен жерге деген ыстық махаббаты және қоғамдағы, өмірдегі қайшылықтар мен әділетсіздіктерге, адам қолымен жасалған қиянаттарға қарсы күрескерлігі. Оның алпысыншы жылдардың ортасында жарық көрген алғашқы жыр жинағындағы әдеби қауымды елең еткізген "Өрімтал" атты өлеңінен бастап-ақ оқырмандар Ақұштап Бақтыгерееваны нәзік лирик ақын деп қабылдаған болатын. Дегенмен, оның осы лиризмінің өзегінде бір өжет қайсарлық аңғарылатын. Өйткені оның өр өлеңінде боямасыз өмір, тартысты тағдыр жатыр.
Біз Жайықтың ақ шағаласы атанған ақынның "Наурыз" атты өлеңіне тоқталғымыз келіп отыр. Алдымен өлеңнің өзімен таныс болыңыздар.
Құлақта алыс,
Алпыс жыл бойы қалды ызың.
Жыл басы деген жалғыз күн,
Қадірінді ұқпай
Кетіп ек тәңір танымай,
Адасып қайта
Жолықтың бізге, Наурызым!
Сен қажет болдың біздерге,
Қанағат таппай
Көктемің түгіл күзден де,
Мейірімнен күдер үзгенде.
Күлкісі аздау тірліктен
Қажыған шақта
Біз шықтық сені іздеуге.
Бас ию білмей асылға,
Қатігез болған
Қария түгіл жасың да,
Темір адамдай
Жүрегі салқын ғасырға
Сендей бір мейрам
Қажет те шығар, расында.
Далама әкел ырыс-құт,
Ақ пейіл жандар
Ақ дәмін сыйлар туыстық.
Көктеммен бірге
Пейіліне ұқсас халқымның,
Өзіңмен келсін тыныштық.
Ұмыт боп кетіп қинадың,
Күндік той деп ең
Ғұмыр бойына жиғаның,
Үйреткен сен ең
Үлкенді-кіші сыйлауын,
Анамның тілін,
Бабамның салтын сақтаған
Хош келдің, Ұлы Мейрамым!
Аяулы ақын апамыз бұл өлеңінде өз ойын көркем тілмен жеткізіп, Наурыз мерекесін сүйетінін, тарихтың тамырына терең бойлай алатынын байқатқандай. Наурызды бәріміз де асыға күтетініміз рас. Алайда бір кездері кесапат кер заманның кесірінен төл мерекемізді тойлауға тыйым салынған болатын. Сол кездегі заман шындығын бүкпесіз жеткізе білген ақын апамыздың бойынан асқан батылдықты байқаймыз. Өлеңнің құрылысына, ерекшелігіне назар аударсақ, ұйқасы да, ырғағы да толық тиянақты. Шумақтағы ойды түйіндеп, қорытындылайтын нақты тұжырым айтылған. Шумақтың ырғағына, дауыс толқынының өзгеру ретіне ұйқас та бірден-бір сәйкес келіп отыр. Осының өзінен-ақ ақынның ұйқасқа, оны түрлендіріп, шумақ өрнегін ұстартып, жетілдіре түсудегі аса қажет құрал етіп пайдалануға қаншалық зор мән бергенін аңғарамыз. Жалпы алғанда «Наурыз» өлеңі өте шебер өрнектелген терең ойлы өлең. Ақұштап Бақтыгереева осындай сыршылдығымен, әуезділігімен, көркемдік қуаттылығымен тез арада оқырман қауымның жүрегіне жол тартты.
Қазіргі қазақ әдебиетінің әлеміндегі дарынды ақындардың ішінде өз ойын, өмір шындығын көркем тілде ақындық биік тұрғыдан шеберлікпен жырға қосып жүрген асқан талантты, көркем сөздің шебері, не жазса да ән әлемімен, өлең өнерімен, жыр тілімен жеткізе жырлайтын Ақұштап Бақтыгереева есімін ерекше атауға болады. Ақ ерке Ақ Жайықтан қанат қаққан, бүгінде қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның есімі өлең сүйер қауымның мәңгі жүрегінде.
Оқи отырыңыз:
Драма жанрының ерекшеліктері
Әбіш Кекілбаевтың "Үркер" романы туралы бірер сөз
Сәкен Жүнісовтың өмірі мен шығармашылық жолы
Шаханов поэзиясына тән өршілдік, қызу интонация, жоғары пафос мәселелері
Сурет: baktygereeva.kz