- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Ақтайлақ бидің шығармашылығы...
Ақтайлақ бидің шығармашылығы
Толғанған топты тоқтатқан, ел басына қысылтаяң күн туғанда тапқырлығымен жол нұсқап, көзге түскен, қара тілдің шебері атанған шешен, ақын Ақтайлақ би болып саналады.
Ақтайлақ Байқараұлының әдеби бай мұрасы мол. Шешендік дана сөздерінен, билермен айтысынан, өлеңдері мен жыр-толғауларынан, әділ биліктерінен оның төкпе жырдың, суырып салма ақындық өнердің үлкен шебері болғанын байқауға болады. Ақтайлақ би – Бұқар жырау, Ақтамберді жырау секілді қазақ әдебиетіндегі дара ақындықты, шығармашылықты бастаушылардың бірі. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Тыныштық заманда қиюы қашып, арасы ашылған қарындасты табыстырып, қысылшаң заманда сасқан елге жол табатын, бет нұсқайтын кемеңгер көрегені болған». Демек, Ақтайлақ Байқараұлы қазақтың байырғы шешендік өнерін өзінің өлең, толғауларымен зерделеп, кезінде елінің ақылшы кемеңгері ретінде танылып өткенін білдіреді. Ол аталы сөздерімен, іс-әрекеттерімен ел бірлігін сақтауға бар күш-жігер, қайратын жұмсай білген.
Өмір, дүние туралы, адамгершілік асыл қасиеттер жайлы философиялық ой-орамдары бар толғауларды көп айтқан. Бұл ретте Ақтайлақтың ақын ретінде «Нені айтамыз» деген философиялық нақышқа құрылған өлеңінің маңызы зор. Шешен жырау өзінің ғұмырында үлкен-үлкен дауларға түседі. Қара сөзбен терең ой толғаған, өлеңге бергісіз кестелі, әсерлі де ұтымды сөздер Ақтайлақ биге тән. Алқалы топ, жиынды жерлердегі сөз сайыстарда алдына жан салмаған оның «Қазақтың қара тілі» атануы да содан. Оның шығармашылығын құрайтын да билік үстінде айтылған аталы сөздері мен толғау өлеңдері, сөз сайысы, айтыстары.
Ескірмейтін, өшпейтін, ғибраты мен тағылымы мол, жоғары адамгершілікке толы төкпе жыр шумақтары Ақтайлақтың қай өлеңінен болсын жарқын көрініс береді. Шешен би сөздерінде сол кездегі ел ішіндегі дау, таластарға байланысты әділ бағасы мен сынын да қатар айта отырады. Момын елді сүліктей сорған парақор, әділетсіз билер мен надан байлардың теріс әрекеттерін беттеріне басып, аяусыз әшкерелейді. «Жақсы қыздың малға сатылуы жайлы қайғы», «Адамды малға сатамыз» деген толғау өлеңдерінде кертартпа салттың кесірлі әсерін сын садағының нысанасына алып, қалың малға сатылған қазақ қыздарының ауыр тағдырын жырға қосады. Бұл әдеттің қазақтардың ертеден келе жатқан тұрмыстық салтындағы ең кесірлі салт екенін таңбалай көрсетеді. Оны жоюдың жолын іздейді.
Адамды малға сатамыз,
Қойылар ма екен қатамыз?
Көз жасты алып мойынға,
Қалай шыдап жатамыз? – деп қынжыла ойға батады.
Өз шығармаларында Ақтайлақ би ел намысын, ер намысын ұстай білуді ту етіп отырады. Елін, жерін шын сүйіп өскен ел азаматы болса, оған керекті асыл қасиеттерді төбесіне көтере құрметтейді, оларды өзінің от-жалынды жыр-толғауларына арқау етіп отырады. Жас ұрпаққа бауырмал, ұйымшыл болып өсуді үйретіп, оларды имандылыққа, ізгілікке шақырады.
«Ердің құны – екі елу» атты билік толғауды Ақтайлақ шығармаларының ішіндегі ең шоқтығы биік туындысы десек те болғандай. Себебі, ол алдымен, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде қалар әділ биліктей айтылған терең ойлы шығарма.
Ақтайлақ шығармалары оның өмір сүрген дәуіріндегі өз халқының болашағы жайлы ойларын аңғартады. Жырау сол дәуірдің тұрмыс-салты мен дәстүрін, сол кездегі өмір ағымына, әлеуметтік өзгерістерге байланысты қазақтардың дүниетанымдық ерекшеліктері мен ой-тұжырымдарын толық байыта жырлайды. «Достық жайлы», «Өзімшілдік және әдептілік жайында», «Куәсізде қуат болмас» және тағы басқа толғау өлеңдерінде адал жар, асыл ер жайлы ойын шебер айтады. Жақсы мен жаманның айырмашылығы туралы, ағайын арасының татулығы мен туысқандық сыйластық қасиеттері туралы жыр тиегін ағытады. Сол сияқты дүниеқоңыз пейіл мен пасықтық, есірлік, мақтаншақтық, опасыздық секілді мінез-құлықтарды сын тезінен өткізеді.
Сөз маржанын ақ жауындай төпелеп, шешендік өнерден алдына жан салмаған, шығармаларында өз дәуіріндегі шындықты терең аша білген айтулы ақын, даулы би Ақтайлақ Байқараұлының өшпес туындылары кейінгі ұрпаққа өнегелі мұра деп білуіміз керек.
Ж. Исакаев