Америка Құрама Штаттарының жер көлемі де үлкен болғандықтан, оның табиғат жағдайлары әр түрлі аймақтағы жер бедеріне байланысты өзгеріп тұрады. Айта кетсек, Батыстан ескен бриз желі Кордильер тау жоталарынан асып өте алмайды. Ал Атлант мұхитының жылы ағысы жіберген ауа массасы АҚШ-тың орталық бетіне шейін еседі. Себебі алдын жауып тұрған ешқандай табиғи бөгет жоқ.
АҚШ Америка құрлығындағы ең үлкен мемлекеттер ішінде Канададан кейін екінші орынды, ал бүкіл әлем бойынша Ресей, Канада және Қытайдан кейін төртінші орынды иемденеді. АҚШ территориясы жер бедеріне айқын ажыратылатын бірнеше ірі орографиялық бірліктерден тұрады. Елдің батыс бөлігінде Қордильер тау сілемдері орналасқан. АҚШ жерінде осы тау жүйесіне енетін Аляска, Брукс, Сьерра-Невада және т.б жоталар, сонымен қатар, Сеңгір таулары, Үлкен Шатқал (Grand Canyon) мен Колорадо үстірті орын тепкен. Қордильердің ел аумағындағы ең биік нүктесі — Аляска жотасындағы Мак-Кинли шыңы (6193 м). АҚШ-тың шығысында аласа болып келетін Аппалач таулары да бар. Аталған тау сілемдері кішірейе түсіп, Миссисипи өзеніне жетпей қыраттарға айналады.
Аталған аймақта ауылшаруашылыққа аса көп көңіл бөлінгенімен, қолайсыз мекендері де бар. Мысалы, биік таулы аудандар мен тауаралық шөлдер ауыл шаруашылығына өте қолайсыз. Елдің орталық бөлігінде Ұлы (Great) және Орталық (Central) жазықтары жатыр. Бұл жазықтар шаруашылық мақсатта кеңінен пайдаланылады: егістіктер мен кұнарлы жайылымдар, негізінен, осы өңірде орналасқан. Ал Мексика шығанағы жағалауы мен Флорида түбегін теңіз деңгейінен 100 м-ге дейінгі биіктіктегі ойпатты жағалық жазықтар алып жатыр. Мұнда тропикалық жайлылықтың лебі есіп тұрғандықтан цитрусты жемістердің көп болуы да анық.
Кордильер таулары
Атлант пен Тынық мұхиттарының арасында орналасқан АҚШ елі бірнеше уақыт белдеулеріне бөлінеді. Алып жатқан аумағының үлкендігіне байланысты АҚШ жерінің климат жағдайлары да алуан түрлі. Алясқаның солтүстігінде қаңтарда ауа температурасы -60°С-қа дейін төмендесе, оңтүстіктегі Өлім аңғарында шілде айында +57°С-қа жететін температура тіркелген. Елдің солтүстік-батысында жылына 3000 мм-ге дейін жауын-шашын түссе, оңтүстік-батыста оның мөлшері 100 мм-ден де аз болады. Климат жағдайларының әркелкілігі ландшафттардың күрт айырым жасауына себепші болады. Мысалы, солтүстіктегі Аляскаға көпжылдық тоңдар мен тұманды тундра тән болса, оңтүстіктегі Флорида штатында жыл бойы жайма-шуақ жаз болып, кокос пальмалары мен тропиктік өсімдіктер өсіп тұрады. Жалпы алғанда, АҚШ климаты жағдайларын қолайлы деп бағалауға болады. Мұнда қоңыржай және субтропиктік белдеудің барлық дерлік дақылдарын, ал Флориданың оңтүстігі мен Гавай аралдарында тропиктік дақылдарды да өсіруге мүмкіндік бар. Оңтүстік-батыста жауын-шашынның жетіспеуіне байланысты егістіктер қолдан суарылады.
Бұл жерге табиғат апаттары да тән. АҚШ-тың батысындағы таулы аудандарда жер сілкіністері болып тұрады. Елдің жазық болып келетін орталық бөлігінде аңызақтар мен құрғақшылық, ауаның қарқынды алмасуы нәтижесінде болатын күшті желдер мен құйын тәрізді қозғалатын дауылдар — торнадо жиі байқалады. Қуатты торнадо көп апат әкеледі: жүріп өткен жолында алып ағаштарды тамырымен қопарып, елді мекендерді қиратып кетеді. Максимум жылдамдығы сағатына 800 км-ге жетеді. Ал Атлант мұхиты жағалауындағы тропиктік ендіктерде жаздың аяғы мен күздің басында мұхиттан соғатын өте күшті, апатты дауылдар болып тұрады. Оңтүстік штаттарда кей жылдары болатын аяздар және қардың аса мол түсуі жергілікті тұрғындардың тіршілігіне, көлік қатынасына қиындықтар тұғызып, ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді.
Миссисипи өзені
Ел территориясында Миссисипи, Миссури, Рио-Колорадо және Рио-Ганде сынды алып өзендер ағып өтеді. Өзендер ішкі су жолы ретінде көлік қатынасына қолайлы. Елдің Канадамен шекаралас аймағында Ұлы көлдер шоғырланған. Ал Ұлы көлдерді АҚШ-тың «үшінші теңіз жағалауы» деп атайды. Әулие Лаврентий өзені арқылы Ұлы көлдер жағалауындағы теңіз порттарынан Атлант мұхитына тікелей шығуға болады.
АҚШ жерінде, негізінен, құнарлы қара және коңыр топырақ, ал оңтүстігіндегі ойпаттарда қызыл топырақ таралған. Табиғи өсімдік жамылғысы күшті өзгеріске түскен. Аляска мен Қордильер аймағында ауыл шаруашылығына қолайсыз жерлер басым. Ормандар аумағы қысқарған, қазіргі кезде АҚШ аумағының 25%-ын ғана ормандар алып жатыр. Жалпы алғанда, АҚШ-тың биік таулы аймақтары мен шөлдері, Аляска штатынан басқа бөліктері адамдардың өмір сүруі мен шаруашылық әрекетіне қолайлы деп бағалануда.
Табиғат жағдайларының алуан түрлілігімен сипатталатын АҚШ жері табиғи ресурстарға да өте бай. Әсіресе минералды шикізат түрлері кең таралған, бұл ел аумағының қалыптасу тарихы мен құрылымдық ерекшеліктеріне тікелей байланысты болады.
АҚШ — пайдалы қазбаларға да өте бай ел. Жан-жақты жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде 30-дан астам штаттың аумағында көмір мен мұнай қоры бар екені анықталған. Қазіргі кезде 15 штатта көмір өндіріледі, әсіресе Аппалач көмір алабының (Кентукки, Пенсильвания және Теннеси штаттары) маңызы зор. Қазірге дейін Аппалач көмір алабы елде өндірілетін тас көмірдің 80%-ын береді. Мұнай мен газдың аса маңызды кен орындары Мексика шығанағы жағалауынан, Калифорния мен Аляскадан табылған. Оларды өндіруде ұдайы ғылым мен техника жаңалықтары қолданылып отырады. Елдің отын-энергетикалық кешеніндегі олардың үлесі 70%-ды құрайды.
АҚШ энергетикалық ресурстарға да бай. АҚШ өзендерінде су энергиясының аса мол қоры бар. Елдегі ең ірі СЭС тізбектері Теннеси және Колумбия өзендерінде салынған. Колумбия өзеніндегі Гранд-Кули су электр станциясы қуаттылығы жөнінен әлемдегі ең ірі станциялар қатарына жатады. Кейінгі онжылдықтарда энергияның дәстүрлі емес көздері де пайдаланылуда. Мысалы, Калифорния штатындағы Сеңгір таулардың беткейінде жел күшін пайдаланып жұмыс істейтін дүние жүзіндегі ең қуатты электр станциялары орналасқан. АҚШ гелиостанцияларының қуаттылығы жөнінен дүние жүзінде теңдесі жоқ. АҚШ-та геотермалды станциялар да жұмыс істейді, олардың ең ірісі Калифорниядағы Гейзерлер аңғарында салынған.
АҚШ-тың оңтүстігіндегі құрғақ климат
Алуан түрлі климат жағдайларымен сипатталатын АҚШ жері агроклиматтық ресурстарға да бай. Бұл қоңыржай белдеудің барлық дерлік дақылдарын, сондай-ақ көптеген субтропиктік және тропиктік дақылдарды әсіруге мүмкіндік береді. АҚШ-тың су ресурстары, негізінен, шығыста шоғырланған. Олар энергетикалық маңызымен қатар, көлік қатынасында және егістік жерлерді суаруда пайдаланылады. АҚШ-тың негізгі аумағының жартысына жуығы ауыл шаруашылығына жарамды жерлер (жыртылатын жерлер, шалғындар мен жайылымдар). Орталық жазықта жыртылған жерлердің үлесі 80%-ға жуық. Аляска мен Кордильер тау жоталарының аймағы орман ресурстарына бай. АҚШ-та табиғи ресурстарды пайдалану барысында қоршаған ортаға неғұрлым аз зиян тигізетін жаңа технологиялар енгізіліп отырады. Соңғы жылдары АҚШ үкіметі мен кәсіпкерлері өз жеріндегі табиғи ресурстарды үнемді пайдалану мақсатында дамушы елдерден құны арзанырақ шикізат түрлерін сатып алып, өңдеуге айрықша көңіл бөлуде.
Сурет: www.wallpapers1920x1080.com
Оқи отырыңыз:
АҚШ-тың экономикалық-географиялық жағдайы, мемлекеттік құрылымы
3 жасар вундеркинд әлем елдерінің астаналарын жатқа біледі
Ағылшын тілін меңгерудің оңай әдістері