Алдымен «геосаясат» терминін айқындап алғанымыз жөн. Геосаясат деп белгілі бір елге тиесілі жер аймағының сақталуы және жер дауы болған кезде қолданылатын ортақ қағидалардың жинағын айтады. Қоғамдық-географиялық ғылым саласы болғанымен, бұны саяси географиямен шатастырудың қажеті жоқ.
Әрбір ел өз территориясына байланысты геосаяси тәртіп ұстануға құқылы. АҚШ-тың геосаяси жағдайы, ұстанған саяси бағыты, ең алдымен, оның дүние жүзіндегі айрықша орнымен анықталады. АҚШ XX ғасырдың басында бейтарап саясат ұстанатынын жариялағанымен, дүние жүзінің саяси картасын түбегейлі өзгерткен аса маңызды саяси оқиғалар, бұл мәлімдеменің іс жүзінде жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде АҚШ екі дүниежүзілік соғысқа да араласып, әлемдегі басқа ірі мемлекеттермен бірге өзінің ықпал ету аймақтарын бөлісті. Атап айтқанда, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жағдайды бақылауда ұстауға КСРО, Еуропа және АҚШ өз мойындарына алады. Одан кейін қазіргі Германия жерін бөліске салады.
ХХ ғасырда әлем елдері қарулану бойынша бір-бірінен кем түспеудің амалын қарастырумен болды. Өткен ғасырда халықаралық аренада пайда болған әлеуеті зор жаңа ел — Кеңес Одағы ендігі жерде АҚШ-тың барлық саладағы, ең бастысы, қарулану ісіндегі негізгі бәсекелесіне айналды. Әлемдік саясаттанушылар «қырғи қабақ соғыс» деп атаған текетірес 1990 жылдары Кеңес Одағының ыдырауына байланысты аяқталды. 1945 жылы тамыз айында АҚШ Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастады. Ал, 1964—1975 жылдары Въетнам жерінде соғыс қимылдарын жүргізді. Осы кезеңде бұл шағын елдегі АҚШ-тың тұрақты армиясында 500 мыңдай әскер болған. Барлық бейбітшілік сүйгіш халықаралық қауымдастық осы кезге дейін аза тұтып, еске алатын бұл қайғылы оқиғалар АҚШ-тық «бейбітшілік сүйгіш» саясатына күмән келтіруге себепші болды.
Әлемнің алып державалары еш осалдық танытпауға тырысып бағады. Бірақ уақыты келіп Кеңес Одағының ыдырауы, Еуропа мен Азиядағы социалистік елдердің даму бағыттарының қайта құрылуы бұл елдерге қатысты АҚШ-тың сыртқы саясатының да өзгеруіне әкеп соқты. АҚШ үкіметі жаңадан пайда болған орасан зор ықпал ету аймағына қатысты өзіндік жаңа геосаяси бағдар алды. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттер көп жағдайда сыртқы саясатын өзін «демократия қамалы» деп санайтын АҚШ тұрғысында айқындай бастады. Демократия шарттары мен адам кұқығы туралы қағидаларды алға ұстанған АҚШ XX ғасырдың соңына қарай Таяу Шығыс пен Югославия жеріндегі соғыс оқиғаларына белсене кірісті. Нью-Йорк қаласында 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған аса ірі террорлық әрекетке байланысты АҚШ мемлекетінің Азия аймағына қатысты ұстанған саясаты дүние жүзіндегі саяси күштердің арасалмағын елеулі түрде өзгертті. Сонымен күллі әлем санасатын, 200 жылдан артық, тарихы бар бұл аса ірі мемлекеттің геосаясаты «Қай жағдайда да, ең басты орында АҚШ мүддесі» деген ұранға тәуелді болады. Аса күшті дамыған, ядролық қаруға ие жетекші мемлекет ретінде АҚШ өзінің аумағында ғана емес, шекарасынан тыс жерлерде орналасқан иеліктері мен ықпал ету аймақтарында да бұл шарттың мүлтіксіз орындалуын айрықша назарында ұстайды.
Сурет: aruzhan.kz
Оқи отырыңыз:
Америка құрлығы қалай ашылды?
АҚШ-тың экономикалық-географиялық жағдайы, мемлекеттік құрылымы
3 жасар вундеркинд әлем елдерінің астаналарын жатқа біледі